«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында ашылған «Giessenhaus» кәсіпорны қоспалы алюминийді, ал «КиК Павлодар» серіктестігі сол алюминийден автомобильдерге арналған дискілерді шығарады. Телекөпір кезінде сөз алған «FORWOLL GROUP» компаниялар тобының бас директоры Руслан Литвинов сапалы өніммен отандық өндіріс орындарын қамтып қана қоймай, экспортқа шығаруға да әзір екенін айтты.

- Павлодарда жоғары деңгейде қайта өңдейтін екі жаңа алюминий өндірісі іске қосылуда. Біз жылына 36 мың тонна қоспалы алюминийді қазақстандық әрі шетелдік кәсіпорындарға жеткізуге дайынбыз, - деді Р.Литвинов.

Бұл ретте «КиК» компаниялар тобының бас директоры Сергей Куклин Қазақстанның өндірістік әлеуеті зор екенін атап өтті.

- Біз қазақстандық серіктестеріміз шығаратын қоспалардың сапасын жоғары бағалаймыз. Сондықтан қоспалы дисктер өндірісіне нық сеніммен 20 млн. еуро инвестиция салдық. Жаңа кәсіпорын өнімдері Қазақстан, Ресей, сонымен қатар Еуропалық Одақ елдерінің автокөлік зауыттарына жеткізілетін болады,
- деді С.Куклин телекөпір барысында.

Мемлекет басшысы жаңадан ашылған өндіріс орындарының бастамасын құптап, сәттілік тіледі.

- Қара әрі түсті металы бар ел ретінде бізге бұл ресурстарды өндірумен қатар, оларды өңдеп, қажетті бұйымдарды жасау маңызды. Мен алюминийді өңделген күйінде шығаруды үнемі талап етіп келемін. Енді алюминийден басқа да заттарды өндіруге ерекше назар аудару керек, - деді Н.Назарбаев.

Телекөпірге қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов алдағы уақытта металл өңдеу цехтары көбеюі мүмкін екенін алға тартты. Тіпті, алюминийден фольга мен профиль шығаруды қолға алуға ниет бар.

- 10 жыл бұрын Қазақстан электролиз зауыты ашылған еді. Енді, міне, қоспалы алюминий өндірісінің бастау алғанына куә болдық. Бұл – бастапқы кезең ғана. «Giessenhaus» серіктестігі аясында әрі қарайғы өңдеумен айналысатын шағын цехтар пайда болады деп ойлаймын, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, бұл күні онлайн режимде Ақтөбе облысында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты», Қарағандыда ескі көліктерді қайта өңдейтін кәсіпорын, Атырауда металл құрастырмалар, Жамбыл облысында гранит, мәрмәр және гипс өндірістері және тағы бірқатар кәсіпорын іске қосылды. Ал жыл басынан бері елімізде жалпы сомасы 1,9 триллион теңгені құрайтын 127 жоба іске қосылып, нәтижесінде
10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, отандық тауарлардың экспорт аясын кеңейтуді талап етеді. Индустриялық саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындауға әр министрлік, әкімдік, компания қатысуы қажет. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев кәсіпорындардың цифрлы технологияға көшуін қадағалап, нәтижесі туралы баяндауы тиіс.

Ал ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеу жүктелді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда 18 отандық компания 12,5 млрд. АҚШ долларын шетелде ұстап отыр.

- Осы уақытқа дейін ақшаны заңдастыру үш рет өткізілді. Соның нәтижесінде ешкім жауапқа тартылған жоқ. Қазіргі жағдайда ақшасын сыртта ұстап отырғандар қолдарындағы барынан айырылады. Себебі әлемде санкциялық соғыс өршіп тұр. Мұндай жағдайда сіздерге ешкім көмектесе алмайды. Қаражатты Қазақстанға қайтарып, осында ұстаңдар! Кепілдік керек болса, тиісті заңдар мен жарлықтар шығарылады. Мемлекет сіздерге жағдай жасады, жасайды да. Ал «бұған көнбейміз» десеңіздер, реніш болмасын, - деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ақыл-парасатпен табыс тауып, бәсекеге қабілетті дүниелер жасау қажеттігін қадап айтты.

- Біз 2008-2009 жылдардағы дүниежүзілік дағдарыстан, қаржы, экономикалық дағдарыстан шықтық. Мұнайдың бір баррелі 10 долларға дейін түсуін де, бағаның нарыққа байланысты ауытқуын да өткердік. Ал адамның өмірі ондай емес. Мәселен, бүгін халыққа 300 мың теңге жалақы төлейтін болсақ, ертеңгі күні «мұнайдың бағасы төмендеді» деп 100 мың теңгеге түсіре алмаймыз ғой. Зейнетақы да солай. «Мұнай төмендеп кетті, сендерге зейнетақыны үш есе азайтып береміз» деп айта алмаймыз. Сондықтан бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ 1 түйір көмір де жоқ, Сингапурда қандай көмір, темір, мұнай-газ бар? Швейцарияда, Германияда не бар? Олар табиғи байлықтары тасып тұрмаса да ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легіне қосылды. Біз де білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша табуымыз керек. Сондықтан қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл - біздің болашағымыз, еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы, кадрларды дайындау мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, бұл - қазақтың болашағы. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындап, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруымыз қажет,
- деп ойын сабақтады Н.Назарбаев.

Телекөпір аясында өндіріс орындары ашылып қана қоймай, индустрия саласының үздіктері де марапатталды. Көшбасшылар қатарында павлодарлық кәсіпорындардың барын да ерекше атап өту керек. Анығын айтқанда, «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Алтын сапа» арнаулы сыйлығы аясында «Үздік индустриалды жоба» аталымына лайық деп танылды. Ал «Парыз» байқауының бас жүлдесі Еуразиялық топ жетекшісі Александр Машкевичке табысталып, «Победа», «Пахарь» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және Қазақ тұтыну одағының экономикалық колледжі «Парыз» сыйлығының лауреаттары атанды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz