Сақтықты ұмытпаңыз!

Қараша айында Павлодар облысында 2 балықшы суға кетіп, бақилық болды. Оқыс жағдай Ертіс ауданында орын алды. Балық аулауға барған 59 және
64 жастағы азаматтардың қайығы аударылып кеткен. Шыны керек, қазір ауа температурасы құбылмалы.

Қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Риза Биахметова былай дейді:

- Күздің қысқа ұласар тұсында тұрақты температураның сақталмауына байланысты Ертіс өзенінің мұзы қатып та, еріп те үлгерді. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын ұмытпауы қажет. Өйткені алғашқы мұз жұқа әрі қауіпті. Бұл ретте өзендегі жүргіншілерге тыйым салынады. Алғашқы мұз сырт көзге қалың болып көрінуі мүмкін. Бірақ жұқа болғандықтан адам салмағын көтере алмайды. Мұз қалыңдығы 10-12 см болған кезде ғана адам өміріне қауіп төнбейді. Егер мұз бетінде қар болса, жүрмеуге тырысыңыз. Себебі мұндай жердің мұзы өте баяу қатады. Бұлақ көздері мен су құйылатын арналарда 40 градус аяздың өзінде жүруге болмайды. Тіпті, сырғанақ тебу үшін алдымен ойын-сауық орталықтарына барып, жалпы ережелермен танысу керек, - дейді ол.

Мамандардың сөзінше, жаз мезгіліне қарағанда қыста адамдарды судан құтқару қиын. Жүзе білудің өзі жеткіліксіз, өйткені қыста суға батқан адам жүзе алса да, үстіндегі қалың киімі су түбіне тартады. 15-20 минуттың ішінде денесі мұздап, өміріне қауіп төнеді.

Балық аулау - ғанибет

Бір қарағанда қыстың күні қақаған аязда мұз үстінде балық аулау еріккеннің ермегі секілді. Десе де, бұл - тамаша демалыс.

Ертіс өзені – павлодарлықтардың жиі серуендейтін орны. Әсіресе, көктем мен жазда өзен жағасында демалушылардың қатары көп. Қыс түскенде сырғанақ тебушілер мен балықшылардың дәурені жүреді. Ал жазда балық аулау – ғажап іс. Бала күнінен балық аулаумен айналысып келе жатқан Ардақ Жиенбаевтың айтуынша, қыста өзенге қармақ салу – балықшылар үшін демалудың зор мүмкіндігі.

- Қыс мезгілінде балық аулау - сүйікті ісім. Демалып, ойлануға мүмкіндік туады. Үйде теледидар көріп, компьютерде отырғанша өзен жағасына келгенім артық. Маған аулаған балықтарымның саны маңызды емес. Балық аулаудың өзі маған демалыс сыйлайды. Қаланың шуынан тынығамын. Балықшы аяздарда тоңбайды. Себебі мұз үстінде балық аулауға үйренген адамның денсаулығы суыққа төзімді болады, - дейді А.Жиенбаев.

Жалпы, балықшыларымыз мамандар-дың сөзіне құлақ түріп, қауіпсіздік ережелерін естен шығармаса дейміз.

saryarka-samaly.kz