Облыс әкімі Болат Бақауовтың алдында ағымдағы жылы атқарылған шаралар туралы есеп берген ол 2018 жылға бағытталған жоспарларымен де бөлісті. Ведомство басшысының сөзінше, Ертіс, Лебяжі, Павлодар аудандары тұрғындарының спортпен айналысу деңгейі өзге аудандармен салыстырғанда төмен. Өңірімізде балалар спортын дамыту мәселесіне көп көңіл бөлініп отырғаны аталып өтті.

- Павлодар облысында 27 бірлік балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оның үшеуі – олимпиадалық резерв мектебі. Бұл мектептерде барлығы 23043 бала жаттығады. Алдағы уақытта Баянауылдың Майқайың кентінде балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Баянауыл ауданы әкімінің тапсырысын қолдап, қарастыруларыңызды сұраймын. Сонымен қатар, Баянауыл, Качир және Павлодар аудандарында балалар-жасөспірімдер спорт клубын ашу мәселесі шешілмей келеді,
- деді Марат Айдашев.

Павлодар облысында 2017-2019 жылдарға арналған дене шынықтыру және спорт саласын дамыту тұжырымдамасын табысты іске асыру мақсатында осы саланың ең негізгі бес бағытын дамыту көзделуде. Ол – спорттық инфрақұрылымдарды дамыту, кадрлық әлеуетті көтеру, балалар-жасөспірімдер спорттық мекемелер желісін кеңейту, бұқаралық спорт түрлерін дамыту және спорттық жетістіктерді көбейту.

- 2018 жылға белгіленген мақсат-міндеттер айқын. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 1 мың орынды олимпиадаға дайындау орталығының, 1 мың адамға арналған жабық жеңіл атлетика және футбол алаңының құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, келесі жылы Усолка шағын ауданында 50 метрлік жүзу бассейні құрылысы, ал Ленин кентінде дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, осы тектес спорттық ғимаратты Железин ауданында салуды жоспарлап отырмыз. Қазір Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы таушаңғы базасының құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қарды тығыздауға арналған ратрак техникасы, өзге де қажетті құрылғылар сатып алынды, - дейді басқарма басшысы.

Басқарманың есебін бастан-аяқ тыңдаған аймақ басшысы Болат Бақауов Мырзашоқыдағы тау шаңғысы базасының жұмысын алдағы 15-20 күннің ішінде аяқтауды тапсырды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Наталья Нефедованың сөзінше, облыста 14-29 жас аралығындағы жастар саны
159 мыңнан асады. Бұл облыс тұрғындарының 23 пайызын құрайды. Ағымдағы бір жыл ішінде 2500 жас жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар өз кәсібін бастаған 26 адамға 60 млн. теңге көлемінде несие алуына көмектескен.

- Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма лайықты деңгейде жұмыс істеуде. Оны жыл бойы атқарып жатқан шаралары мен түрлі жаңаша бастамаларынан байқауға болады. Осы бағыттарыңыздан таймай жұмыс істей беріңіздер. Біз сіздерді қолдауға дайынбыз, - деді аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz