Ауыл ақсақалы Қанат Өмірбековтің осында тұрғанына 30 жылдан асқан. Ауылдағы ауызсуға байланысты мәселе кеңес заманынан бері сағызша созылып келе жатыр дейді ол. Тіршілік нәрінің тапшылығынан ағайын көсіліп тірлік істей алмай отыр. Атап айтқанда, қорасындағы төрт түлігін көбейтуге және бау-бақшамен айналысуға мүмкіншілік жоқ.

- Біздің ауылдың тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған – Құдайкөлдегі кен-байыту комбинаты (КБК). Бұл жеке кәсіпорын болғандықтан, бізге тегін қызмет көрсетпейтіні белгілі. Яғни, судың 10 литрін 7 теңгеге сатып аламыз. Бұрын олар су таситын арнайы көлікпен аптасына үш мәрте әкелетін. Бірақ жанармай бағасының қымбаттауы себеп болған шығар, соңғы бір айдан бері жетісіне бір мәрте, сәрсенбі күні келіп жүр. Бір рет құйып алған суды қалай болса да жеті күнге жеткізуімізге тура келеді. Соңғы жылдары ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылады деген әңгіме шығып жүр. Әрине, қуанышты жаңалық. Бірақ іс жүзіндегі нәтижесін нақты қашан көреміз? - деп қынжылады Қанат Аманжолұлы.

Ақсақалдың сөзінше, аптасына бір келетін су машинасына үлгермегендер мен сатып алуға жағдайы жоқтар ауыл шетіндегі теміржол станциясынан тасымалдайды. Техникасы барлар үшін бұл жеңіл шаруа шығар, ал астында көлігі жоқтар мен зейнеткерлер үшін қиынға соғады. Бірақ ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету теміржол станциясының міндетіне кірмейді. Бұл жерден тек осы станция жұмысшылары ғана алуы тиіс. Сондықтан оның тұрақты әкелінетініне тағы сенуге болмайды.

Тұрғындардың сөзінше, ауылда күнкөріс жақсы, істеймін деген адамға жұмыс та табылады. Ауыл іргесіндегі теміржол станциясында және Құдайкөл ауылындағы КБК-да жұмыс орындары бар. Бірақ соған қарамастан ауылдан қоныс аударушылар көп. Салдарынан мектептегі бала саны азайып, оның жабылу қаупі де жоқ емес.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Мақпал Лепесованың сөзінше, аталған елді мекендегі су мәселесі келесі жылдан қалмай шешіледі. Яғни, мемлекеттік бағдарлама бойынша орталықтандырылған су құбыры тартылып, халық алысқа арба сүйремейтін болады деп сендірді. Бұл күнді ауылдағы ағайын да асыға күтіп отыр.

- Екібастұз қаласының бюджетінен 7 миллион теңге бөлініп, су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Мамандардың жобалауынша, бұған 649 миллион теңге керек екен. Жобалық-сметалық құжаттың қорытындысын Үкіметке жолдадық, олар да мақұлдап, ендігі жылы қажетті қаржыны бөлетін болды. Қаражат түскен соң құрылыс жұмысы да басталады. 2018 жылы 8,1 млрд. теңге бөлуді қарастыруда. Осы сомаға 22 ауылдың су мәселесін шешеміз. Яғни, биыл бітпей қалған 12 ауылдан бөлек, 10 елді мекен, атап айтқанда: Екібастұзға қарасты Ақкөл, Төртүй, Шиқылдақ, Қарасор, Шарбақты ауданының Шалдай, Александровка және Ақтоғайдың Қараобасы секілді тірек ауылдар бар,
- дейді Мақпал Лепесова.

Ресми мәлімет бойынша облы-сымызға қарасты ауыл тұрғындарының
20,5 пайызы ғана орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізген.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz