Жақында құрамында «Ақтоғайдың қара нары» атанған танымал айтыскер Бейсенбі Мұқажанов, Баянауылдың серісі Жұмкен Сейітов, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы, Павлодар ауданынан Қанат Шайғазин және ақсулық Сансызбай Абдуллин бар ақындар Лебяжі ауданының Мерғалым және Шарбақтының Есілбай ауылдарында болып, ауыл жұрты алдында сөз сайыс-тырды. Мерғалым ауылында жақында ғана ашылған жаңа мәдениет үйінің сахнасында алғаш болып осы ақындар өнер көрсетті. Халық алдына бірінші болып Қанат Шайғазин мен Бейсенбі Мұқажанов шығып, аталған ауылдың тарихын және кезінде елге еңбегі сіңген танымал азаматтарын жырға қосты. Әсіресе, бала жасынан емші атанып, талай жанның сүйек сынығын салған халық емшісі Мерғалым Мұхтариханұлының қасиетін, қарапайымдылығын және халыққа көрсеткен қызметін көсіле жырлады. Екінші жұп болып шыққан Жұмкен Сейітов пен айтыстағы ежелгі қарсыласы әрі замандасы Шолпан Байғалы да көрермендеріне көңілді айтыс көрсетті.

Жалпы, шалғай ауылдарда айтыс өткізейік деген бастаманы бірінші болып ардагер ақын Бейсенбі Мұқажанов ұсыныпты. Былтыр ел Тәуелсіздігінің
25 жылдығына орай «Жырлаумен өткен жылдар-ай» деген атаумен басталған ақындар керуенінің алғашқы аялдамасы Ақсу қаласы Құркөл ауылы болыпты. Содан бастап бір жыл ішінде аудандардың барлығын аралап шыққан. Мақсатымыз – шалғай ауылда тұратын ағайынды ұлттық өнермен сусындату,
- дейді олар.

- Сонау 1980-90 жылдары айтыс сахнасына шыққанда қолдап-қолпаштаған көрермендеріміз баршылық болды. Кезінде алғаш сахнаға шыққанда бізді шабыттандырған да сол үлкендер еді. Өкінішке қарай, қазір ұлттық өнерімізді бизнеске айналдырып жібердік. Мысалы, бір жерде айтыс өтсе, оған қолыңда билетің не ақшаң болмаса кіре алмайсың. Кезіндегі Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса және Естайлар ешқашан өнерін сатпаған. Міне, біз бүгін тура сол ұлылардың ізімен жүрміз. Қай ауылға барсақ та, өнерімізді тегін көрсетеміз. Екіншіден, қазір концерттер мен мәдени іс-шаралардың көбі облыс немесе аудан орталықтарында өтетіндіктен, шалғай ауыл жұрты бар қызықтан құр қалып жатады. Сол себептен аудан орталықтарынан шалғай ауылдарды таңдап отырмыз, - дейді Бейсенбі Мұқажанов.

Тілеуберді САХАБА
Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz