Мәжіліс барысында басқарма басшысы Ермұрат Нұрханов өңірімізде биыл төселген тас жолдар жайында және келер жылы атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Бұл тұста аймақ басшысы Б.Бақауов республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың аз еместігін ескертіп, алдағы 3-4 жылдың ішінде облысымыздың жол сапасын 100 пайызға жеткізуге болатындығын айтты. Сондай-ақ, жиында өңір басшысы жаңадан салынып жатқан жолдардың сапасын жақсарту, жолдарды талапқа сай тиімді пайдалану мақсатында басқарма басшылығына бақылауды күшейту керектігін тапсырды. Жауапты мамандарға ауыр жүк көліктеріне тексерісті қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Биыл өңірімізде жалпы 284 шақырым жол жөнделген. Сондай-ақ, «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарла-масы бойынша 3 603 млн. теңгеге
46,9 шақырым жол жөндеуден өткен. «Облыстық автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу» бағдарламасына сәйкес, облыстық бюджеттен 800 млн. теңге қаражат бөлініп, 58,5 шақырым жол жөндеуден өткізілген. Мәлім болғандай, Баянауыл және Успен аудандары бойынша жалпы ұзындығы 14,9 шақырым жолда жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған. Ведомство басшысы аталған аумақтағы жол жөндеу жұмыстарын келер жылы аяқтаймыз деп сендірді.

Басқарма басшысы Е.Нұрхановтың сөзінше, өңірімізде қалың қар жауып, көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлер аз емес. Айтуынша, аймағымызда қар тоқтап қалатын 63 жол бөлігі анықталған. Тіпті, өткен жылы Павлодар ауданы мен Лебяжі ауданының шекаралас жатқан аумағында қатарынан 10 күннен астам уақыт қар тазалау жұмыстары жүргізілген. Айтуынша, алдағы қыста қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Алайда аймақ басшысы Б.Бақауов басқарма басшысының сөзіне күмән келтіріп, айтылған кейбір ақпарларды жоққа шығарды. Өңіріміздің таулы аймақ еместігін ескерткен аймақ басшысы жолдарда қардың тоқтауы қалыпты жағдай болмауы керектігін атап өтті. Бәрі жұмыстың дұрыс жүргізілмеуінен қалыптасатынын еске салды. Яғни, жаз мезгілінде жолдарға қызмет көрсететін мердігерлер жөнімен таңдалса, қыста ел әбігерге салынбайды.

Жиын соңында облыс әкімі жергілікті атқамінерлерге нақты міндеттер жүктеп, салаға бөлінген қаржының толықтай игерілуін тапсырды.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz