Облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасының алқа мәжілісінде аймақ басшысы Болат Бақауов кей павлодарлықтар қыстың күні пәтерлерінде бүрсеңдеп, ыстық сусыз амалдауға мәжбүр екенін айтты. Мәселен, Кутузов, 91, Ак.Шөкин, 145, Ткачев, 17 мекенжайында орналасқан үйлердің тұрғындары алаңдаулы.

Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, олқылықтың тең жартысы – пәтер иелері кооперативтері мен сервистік компаниялар жұмысының салғырттығы. Электр станциялары тарапынан тиісті көлемде жылу берілгенімен, тұрғын үйлерге қызмет көрсетушілер қысқа сақадай сай болмай, салдарынан қалалықтар зардап шегеді. Бұл ретте облыстағы жылу-электр станциялары құралдарының апаттық тоқтаулары 121-ден 174-ке дейін көбейгенін атап өтпеске болмас. Яғни, таяқтың бір ұшы оларға да тиеді. «Ақсу электр станциясы», «ПавлодарЭнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері мұны құралдардың тозуымен байланыстырса, «Қазақстан алюми-нийі» АҚ-на қарасты жылу-электр станциясы соңғы 2 жыл бойы резервті қазандықсыз жұмыс істепті. Биыл №4 қазандықтың жөндеуі аяқталып, нәтижесінде мұндай олқылықтар орын алмауы тиіс.

Ауылдық аймақтарда да жылумен қамту мәселесі көңіл көншітерлік деп айтуға келмес. Әлеуметтік нысандарда 40 қазандықты бөлек нысанға шығару қажеттілігі туындап отыр. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс Баянауыл, Май, Шарбақты, Успен аудандарында сылбыр жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауов барлық аудан-қалаларда коммуналдық желілердің тозуы бойынша жол картасы әзірленіп, соған сәйкес жұмыстар қолға алынуы керек екенін айтты.

Соңғы жылдары облыс жұртшылығын мазалап жүрген тағы бір жайт – шыбын-шіркейдің көптігі. Облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, келесі жылы дезинсекциялық жұмыстарды жүргізуге биылғыдай 595 млн. теңге қарастырылған.

- Бұл сомаға шіркей мен масаға қарсы 200 тонна биопрепарат сатып алу көзделген, бұл осы жылғы көрсеткіштен 25 тоннаға көп. Одан бөлек, 4,5 тонна химиялық препарат сатып алынбақ. Қазіргі уақытта ғылыми топтың ұсынысы бойынша техникалық ерекшеліктер бекітіліп, мемлекеттік сатып алулар порталында конкурс жарияланды, - деді Е.Иманзайыпов.

Келесі жылы Ертіс өзені екі рет, Теплая және Белая өзендері үш рет өңделеді. Облыс қалаларынан бөлек, Ақтоғай, Качир, Железин және Ертіс аудандарында да шіркей мен масаға қарсы кең ауқымды жұмыстар жүргізілмек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz