Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисовтың мәлімдеуінше, биыл 202 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бұл көлем былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артық. Құрылыс қарқыны бойынша республикада екінші орындамыз. Алайда, ел игілігіне берілген шаршы метр көлемі жағынан өңіріміз соңғы орындардың бірінде. Бұл жөнінде құрылыс мәселелеріне арналған алқалы жиында айтылды.

Облыс әкімі Болат Бақауов жылына 200 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру көрсеткішін өзге өңірлер әлдеқашан еңсеріп тастағанын ескертті. Сондықтан жауапты органдар осы олқылықты жою үшін 2018 жылы пайдалануға берілетін шаршы метр көлемін 300 мыңға жеткізуді межелеп отыр. Оның
200 мыңы облыс орталығында салынады. Қалғаны қос шағын шаһар мен аудандарда бой көтереді. Бұл ретте, аймақ басшысы Б.Бақауов жаңа қарқынды еш кемшіліксіз еңсеру үшін әр үйдің қолданысқа берілу кестесін түзуді тапсырды. Сондай-ақ, конкурстық жұмыстар наурыз айына дейін аяқталуы қажет.

Құрылыс компанияларының қатарын арттыру мәселесі тағы тұр. Өйткені өңірімізде зәулім үйлер салуға қауқарлы 4 қана ірі кәсіпорын бар. Сондықтан облыс әкімі бұл бағытта құрылысшы маманды-ғының мәртебесін көтеріп, жаңа кәсіп-орындар ашу жағын ойластыруды атап өтті. Оған қоса, құрылыс материалдарын алыстан тасымай, өзіміздің өнімдерге басымдық беру қажеттігін айтты.

Мәселен, бізде полиэтилен құбырларын шығаратын өндіріс орны бола тұра, биыл төселген су құбырларының барлығы Қарағандыдан әкелінген. Силикат зауыты болғанымен, кірпіш Семейден тасымалданған. Оған баға айырмашылығы әсер еткен болуы керек. Сол себепті Болат Жұмабекұлы жауапты орынбасарларына жағдайды толық зерделеп, нақты қадамдар жасауды жүктеді. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үйлер салу ісі де көп ұзамай қолға алынуы тиіс.

Алқалы жиында кезінде әп-сәтте панельді үйді тұрғызуға қауқарлы делінген үй құрылысы комбинатының жұмысы сыналды. Себебі оның қарқыны өте баяу. Бұл өндіріс орнына билік тарапынан талай көмек жасалған, кеңейді, қажетті жабдық алды. Алайда аймақ басшысы Б.Бақауов сеніп тапсырылған жұмыс көлемін әупірімдеп әрең орындағанын атап өтті. Жылына 100 мың шаршы метрге дейін үй салу межесіне тіпті жете алмауда. Сондықтан үміт артылған аталмыш кәсіпорынға алдағы уақытта жұмысты ширатып, жеке тұрғын үй құрылысына да ден қою тапсырылды. Компания бірнеше айда бой көтеретін бір қабатты үйлердің үлгісін жасап, көпке көрсетуі тиіс. Бұл жобаларды қалалар мен аудандарда жеке тұрғын үй кешендерінде кеңінен қолдану көзделіп отыр.

Баспаналы болуға қатысты халықтан сұрақтар көп түседі. Енді бұл сауалдарға әр павлодарлық облыс әкімінің ресми сайтынан таба алады. Олай дейтініміз, аймақ басшысы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисовқа жуық арада сайтта тұрғын үйге қатысты арнайы айдар ашуды тапсырды.

Облыс әкімі Б.Бақауов жоба жасайтын фирмалардың қызметін қатаң қадағалау қажеттігін тілге тиек етті:

- Жоба жасайтын ұйымдар құрылыс жүретін жерлерді терең зерттемейді. Салдарынан құрылысты бастамай жатып мердігерлер түрлі кедергілерге тап болады. Ал бұл, сәйкесінше, құжатты қайта қарауды қажет етеді. Сөйтіп құрылысты жүргізу мерзімі созыла береді. Сондықтан бұл саланы реттеу керек.

Мәжілісте сәулет және қала құрылысы басқармасының да атқарған жұмысы тыңдалды. Аталмыш органның мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыстың әр елді мекенінің бас жоспары жасалуда. Кез келген қала мен ауылдың өзіндік сәулеттік келбеті болуы назарға алынбақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz