Шеттегі қазақтардың Атажұртқа қоныс аудара бастағанына биыл ширек ғасыр толып отыр. Осы 25 жыл төңірегінде елге ел қосылып, басымызға бақыт құсы ұялады, тарыдай шашылған қазақтың басы бір шаңырақ астына жиналды. Осы уақыт ішінде әлемнің әр түкпірінен бір миллионнан астам қазақ келіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Мұндай айтулы датаны атаусыз қалдырмай, ауқымды шара ұйымдастыруды ұсынған – «Asar Engineering» ЖШС-нің басшысы, ұлт жанашыры Асылбек Туғанбайұлы. Кәсіпкер жыр мүшәйрасын ұйымдастыруды ұсынып қана қоймай, қаржылай демеушілік көрсетіп, жеңімпаздарға берілетін ақшалай сыйлықты да өз мойнына алды.

- Бұл - өткенімізге тәубе етіп, бүгінімізге шүкіршілік қылайық және аңсап жеткен азаттығымызды ақындар сөзімен әспеттейік деген ниетпен қолға алған жұмыс. Бұл жерде ат шығарып, атақ жинайық деген ойдан аулақпыз. Бар мақсатымыз - ұрпаққа үлгі болар өнегелі іс жасау және «не тындырдың?» дегенде ризашылықпен еске алатын игі іс қалдыру, - дейді Асылбек Туғанбайұлы.

Әдеби шараны ұйымдасты-рушылардың бірі, ақын Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, жыр бәйгесіне Павлодар, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Астана, Түркістан, Көкшетау қалаларынан барлығы 60-қа жуық ақын қатысуға ниет білдіріп, өлеңдерін жолдаған. Жыр кешінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған шараға қазылар алқасының төрағасы, республикалық «Әдебиет» порталының жетекшісі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі бас жүлдесінің иегері Бауыржан Қарағызұлы, Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, халықаралық «Рух» әдеби конкурсының жеңімпазы Ықылас Ожайұлы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Ұларбек Нұрғалым және Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Арман Қани арнайы қатысып, жүлдегерлердің сый-сыяпаттарын табыс етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде астаналық Айжан Тәбаракқызына бұйырды. Бірінші орынды семейлік Жұлдызай Ысқақ алса, екінші орынды павлодарлық Қуанышбек Шарманов пен қарағандылық Рауан Қабиболдин еншіледі. Ал бұрын Павлодарда оқып, қазір Астанада қызмет істейтін Қазбек Сағидолла, павлодарлық Бейбіт Бөжен, талдықорғандық Ажар Ерболған сынды үш ақын үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, өзіндік өлең өрнегімен көзге түскен тағы үш ақынға «Оспан батыр», «Халифа Алтай» және небары отызында опат болған ақын, жерлесіміз Әміржан Болатханұлы атындағы арнайы жүлде берілді.

- Мүшәйра ресми түрде аймақтық деп жарияланғанымен, республикалық деңгейде өтті деуге болады. Себебі қатысушылардың географиялық аумағы өте кең. Яғни, еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік өңірлерінің барлығынан өлеңдер қабылданды. Ақындардың тақырыпты ашуы да жоғары деңгейде болды. Бұрын-соңды айтылмаған ойлар, жазылмаған тіркестерді оқыдық. Жалпы, бұл жолғы мүшәйрада қыздар поэзиясы жеңіске жетті, - дейді қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Қарағызұлы.

Гала-концертке келген жұрт алдында Астанадан арнайы келген «Қазақстан дауысы» байқауының жеңімпазы Мұратбек Хайролда, «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетіліп жатқан «Мен Қазақпын!» жобасының қатысушысы, белгілі дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай және Еркін Жанайхан, Серік Рысбек, Маусым Шәкім сынды жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашты.

Айта кету керек, Ертіс-Баян өңіріне арнайы ат басын бұрған танымал ақындар мен әншілер сол күні өңірімізде ұйымдастырылған жас ақындар айтысын тамашалады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz