Әлия САДЫРБАЕВА, кәсіпкер:

- Түрлі министрліктер тарапынан ұсынылып жатқан заң жобаларынан қарапайым халық хабарсыз қалып жатады. Естіген күннің өзінде, заңдағы түрлі бұралаңқы сөздер мен кәсіби терминдерден мәселенің мән-жайын дұрыс ұғына бермейтіні де белгілі. Өкінішке қарай, соның салдарынан кейде халық мүддесіне кереғар келетін бастамалар көтеріледі. Соның бірі – көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын тексеретін арнайы комиссия құру. Білуімше, мұндай комиссия келесі жылдан жұмыс істей бастамақ. Олар балаларына тиесілі жәрдемақы алуға ниетті отбасылардың «қалтасын» тексеріп, акт жасауға міндетті екен. Әлеуметтік төлемдерді байлығы асып-тасып жатқан байлардың алмасы анық. Ендеше, бұл онсыз да тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды кемсіту деп есептеймін. Аталған жаңашылдыққа сәйкес көп балалы отбасының әр мүшесіне елдегі шектік өмір сүру деңгейінің 50 пайызынан аз табыс түсетін болса, онда ол жанұя жәрдемақы ала алады. Шектік өмір сүру деңгейінің жартысы шамамен 14 мың теңгені құрайды. Демек, бұл заңға сүйенсек, егер ата-ананың табысы 84 мың теңгеден асып кетсе, онда балаларға жәрдемақы төленбеуі мүмкін ғой? Бұл қаржы кем дегенде 6 адамнан тұратын көп балалы отбасының ешбір «жыртығын» жамауға жетпейтіні белгілі.

 

Қайрат НҰРМАҒАМБЕТОВ, Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі. Ол жәрдемақы тағайындау рәсімін едәуір жеңілдетіп, оны алушыларды барынша қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмас-тырады, осылайша жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың санын айтарлықтай қысқартады. АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген. Шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға (мысалға, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына) немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға (мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты аналарға) беріледі. Шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі. Ал арнайы комиссия мәселесіне келер болсақ, бұл ешқандай да жаңашылдық емес. Еліміз бойынша құрамында әкімдік өкілдері, әлеуметтік орган, білім беру саласының мамандары бар жергілікті комиссиялар жұмыс істейді. Олар әлеуметтік көмекке өтініш берген отбасылардың жағдайын тексереді. Одан кейінгі тексерістер егер отбасында тағы бір бала дүниеге келсе немесе аталған жанұяның әлеуметтік жағдайы күмән тудырса ғана жүргізіледі.

 

Анарбек ЖЕТПІС, Лебяжі ауданы, ұстаз:

- Меніңше, мұндай мәселелердің барлығы халық арасында тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінен туындайды. Қандай жаңашылдық болмасын, алдымен ел арасында насихатталса, артық сұрақ болмас еді. Көп балалы отбасылардың материалдық жағдайын тексеретін арнайы комиссия құруға жұртшылықтың сын көзбен қарайтыны түсінікті. Қайта-қайта құжат жинап, тұрмысының шынымен төмендігін дәлелдей алмай, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырудан қашады. Мұндай бастама, әсіресе, бір-бірін жақсы танитын ауылдық жерлерде орынсыз деп есептеймін. Мысалы, біз кімнің отбасы қандай жағдайда өмір сүретінін нақты білеміз. Ешкімді тексерудің қажеті жоқ. Сондықтан бұл әлі де «бір қайнауы ішіндегі» ұсыныс деп ойлаймын.

 

Алаңды әзірлеген - Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz