Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы қазақ жерінің қай тұсы болмасын киелі-ақ. Сондықтан да, Мемлекет басшысы әрдайым ауыл халқының әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тіршілігіне баса назар аударып келеді. Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС басшысы А.Поляков та осы талап үдесінен шықсам дейді.

- Ауылдық жерде кәсіпкерлікпен айналыса тұра, әлеуметтік салаға көңіл бөлмеу мүмкін емес. Біздің бизнесіміздің негізгі тірегі – ауыл халқы. Сондықтан олар лайықты дәрежеде өмір сүруі тиіс. Жұмыс жайы қолайлы, жалақысы қомақты болса, халықтың көңілі тоқ болады. Демек, ауылдың да болашағы зор болмақ. Кәсіпкердің ойында «табыс табамын, байимын» деген ғана ой болса, оның кәсібінің болашағы қысқа болады. Елбасымыз айтқандай, сананы жаңғырту қажет, - дейді Александр Владимирович.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, кеңес үкіметі тұсында құрылған «Победа» колхозын көп жылдар бойы оның әкесі Владимир Поляков басқарған. Ол шаруашылықты ел егемендігінің алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен де алып шықты. Артынша, кәсіпорын тізгіні ұлының қолына тиді.

- Бүгінде еліміздің кәсіпкерлік саласы тың серпіліс алды. Шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетіліп жатқан қолдау шараларының нәтижесінде еңсемізді тіктеп қана қоймай, қарқынды даму мүмкіндігіне ие болдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығының көсегесін көгертуге бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көп көрдік. Әрине, кәсіпорнымыздың 20 жыл бұрынғы жағдайымен қазіргі ахуалын салыстыра алмайсың. Техникамыз түбегейлі жаңарған. Мүмкіндігіміз мол, - дейді «Победа» ЖШС басшысы.

Бүгінде серіктестік жергілікті халықты жұмыспен қамтумен ғана шектеліп қалған жоқ. Өзі жұмыс істеп жатқан Орловка ауылының әлеуметтік жағдайын толығымен өз мойнына алған. Елді мекеннің көркі көз тартады. Кәсіпорын өз күшімен жазғы, қысқы спорт алаңдарын салған. Бассейн, сауда үйі, қоғамдық монша жұмыс істеп тұр. Жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салынуда. Жастарға арналған жатақхана бой көтерген.

Атап өтерлігі, «Победа» ЖШС өткен жылдың өзінде әлеуметтік шараларға 80 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаған. А.Поляков жетім балаларға арнап төрт бөлмелі пәтер сатып алып берген болатын. Оның бұл игі бастамасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Мерей» қайырымдылық жобасына арқау болды.

Кәсіпкердің осынау еңбектері еш кетпеді. Ағымдағы айдың 6-сы Астана қаласында жалпыұлттық телекөпір аясында өткен салтанатты шарада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Парыз» сыйлығын иеленді.

- Жоғарыда атап өткендей, мемлекет кәсіпкерлерге көп қолдау көрсетуде. Сондықтан жауапты қадам ретінде өз тарапымыздан әлеуметтік жауапкершілік саласына күш жұмсауымыз қажет. «Парыз» сыйлығы - жылдар бойғы жұмысымыздың нәтижесі. Еңбегіміздің еленгеніне ризамын! – дейді А.Поляков.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz