Аталмыш арктикалық дизель отынын шығаратын зауыт өткен сәрсенбі күні іске қосылды. Бір айдан соң дайын өнім тұтынушыға жол тартады. Екібастұзға қарасты Шідерті кентінің маңында орналасқан кәсіпорын құрылысы биыл жазда ғана басталған болатын. Жауапты мердігер, тыңғылықты инвестор және жергілікті биліктің құжаттарды жедел рәсімдеуге жәрдемдесуі жобаны айналдырған алты айда іске қосуға жол ашты. Елімізде теңдесі жоқ жобаны жүзеге асырған «Alef trade» ЖШС аталмыш кәсіпорынға 1 млрд. 700 млн. теңге инвестиция салған. Оның тең жартысы құрал-жабдықтарды сатып алуға кетсе, қалғаны құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалған. Технологиялық жабдықтар ресейлік және еуропалық өндірістен шыққан. Бүгінде жаңа зауытта 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпорын қысы-жазы жұмыс істемек.

- Жылына 30 мың тонна қысқы дизельді отын шығарамыз. Яғни, арнайы катализатордың көмегімен парафинсіздендіру әдісі арқылы жазғы дизельді отыннан қысқысын аламыз. Шикізатқа Павлодар мұнай-химия зауытының өнімі қолданылады. Аталмыш кәсіпорында шығарылатын жазғы дизельді отынның сынамасын Мәскеуге жіберіп, зертханадан өткіздік. Зауытымыздың барлық құрал-жабдықтары осы шикізатқа лайықталып, жобаланды, - дейді кәсіпорынның бас инженері Сергей Шевелев.

Десе де, инженер-маман зауыттың жабдықтары павлодарлық шикізат болмай қалған жағдайда, өзге өңірдің өнімін қолдануға жарап тұр, дейді. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта резервуарлық паркті 6 мың текше метрден 18 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Ал дайын қысқы дизельді отынды өткізуде еш мәселе болмайтынын да мәлім етті. Себебі бұл серіктестік 2006 жылдан бері Қазақстан нарығында жанар-жағармай сатумен айналысып келеді. Яғни, инвестор дәл осы нарықтың қыр-сырына қанық. Мұнай өнімдері нарығындағы ірі ойыншылармен келісімшарттар да жасалған. Мамандардың сөзіне сенсек, елімізде арктикалық дизельді отынға деген қажеттілік қыс мезгілінде 120-130 мың тоннаны құрайды.

Зауытқа арнайы барған облыс әкімі Болат Бақауов жаңа кәсіпорынның еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтті.

- Аймағымызға аязды ауа райы тән. Мұндай күндер қазанда да, қарашада да кенет келуі таңсық емес. Ал ауа температурасы 20 градустан төмендесе, құрамында парафині бар дизельді отын қатып, қоймалжыңға айналып кетеді. Сондықтан, қысқы дизельді отын өндірісі өңіріміз үшін өте қажет,
- деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Жобаның авторы әрі құрылтайшысы Қайырлы Галиев өндірілетін арктикалық дизельді отын -45 градустық аязға төтеп беретінін айтады. Ал бағасы нарықтағы құннан 5-10 пайызға арзан болатынын уәде етіп отыр. Бұл зауыт өнімін іргесіндегі ірі өндіріс орындарының бірі «Бозшакөлдің» кәдесіне жаратуға ниетті. Инвестор, әу баста, кеншілер шаһарының үлкен кәсіпорындарын осы өніммен қамту мақсатында жобаны да жақын орналастыруды жөн көріпті. Ал аймақ басшысы Б.Бақауов іскер азаматқа мұндай ірі өндіріс орнын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында салуды ұсынды. Инвестор Екібастұздағы пилоттық жобасы жемісті жүзеге асса, ары қарай қарышты қадам жасауға құлық танытып отыр.

Облыс әкімі аталмыш зауыт биыл өңіріміздің индустрияландыру картасына енген 8 жобаның жетіншісі екенін де еске салды. Енді жыл соңына дейін «Даниер» кәсіпорны іске қосылса, Үкімет алдындағы аймағымыздың міндеті толық орындалмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz