Ұлттың үні – қазақ радиосы

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР

«Алдымен экономика, содан кейін саясат»: қиындықтарды жеңу
03.08.2021

Қола - қалтада
03.08.2021

Өрт азайған
03.08.2021

QazVac жеткізілді
03.08.2021

Кезең-кезеңмен шешіледі
03.08.2021

Шарапаты мол
03.08.2021

Алғабастың жолы жөнделе ме?
03.08.2021

Сарыарқа самалы, 3 тамыз, сейсенбі
03.08.2021

Энергоблок жаңаруда
31.07.2021

«Тапсырам домбырамды Шолпаныма»
31.07.2021

Тағы да жапондықтар жайлы
31.07.2021

Жақсылыққа шақырады
31.07.2021

Күміспен күптелді
31.07.2021

«Қазақ поэзиясына құштармын»
31.07.2021

Ауызсу тарифі неге әртүрлі?
31.07.2021

Той-томалақ тыйылмай тұр
31.07.2021

Індет қайта өршіді
31.07.2021

Ертеңін ойлаған екпе алады
31.07.2021

Ұтымды ұқсату керек
31.07.2021

Ауылдың ажары артты
31.07.2021

Сарыарқа самалы, 31 шілде, сенбі
31.07.2021

Тартысқа толы Токио
29.07.2021

«Sary qyz»
29.07.2021

Жаяу Мұса
29.07.2021

Антиденені тексеру неге тиімсіз?
29.07.2021

Әдемі мектеп – әдепті оқушыға
29.07.2021

Вакциналаудың қарқыны төмен
29.07.2021

«Достықтың» мәселесі шешілуде
29.07.2021

Жұмыс күші жеткіліксіз
29.07.2021

Тәжірибе шаруаны ширатады
29.07.2021

Түгендесек, төбедегі келеді...
29.07.2021

Ауылдардың берекесін қалай арттырамыз?
29.07.2021

Сарыарқа самалы, 29 шілде, бейсенбі
29.07.2021

Қоржында – қос қола
27.07.2021

ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН
27.07.2021

Ел үміті ақталса игі
27.07.2021

Белгісіз батыр
27.07.2021

Молдовадан табылды
27.07.2021

Әкім бол, халқыңа жақын бол
27.07.2021

«Сырлы аяқтың сыны кетпес»
27.07.2021

Сарыарқа самалы, 27 шілде, сейсенбі
27.07.2021

Сарыарқа самалы, 24 шілде, сенбі
24.07.2021

Сербтердің мысын басты
24.07.2021

Мерейі үстем Мыңбаевтар
24.07.2021

Циклахена - ғаламдық проблема
24.07.2021

Инновациялық панельден салынады
24.07.2021

Ауылда да маркет бар
24.07.2021

Білімді мыңды жығады
24.07.2021

Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?
24.07.2021

Арнайы жоспар қажет
24.07.2021

Түркістанға әуе кемесі қатынайды
24.07.2021

Қордаланған мәселе көп
24.07.2021

Кешенді жұмыс – келешектің қамы
24.07.2021

Штаб құрылды
24.07.2021

Құрылыс қалдықтары көп
24.07.2021

Күнбағыс кәсіпорны ашылады
22.07.2021

«Қайта құрудың» зардабы аз болмады
22.07.2021

Стамбул сұлулығы
22.07.2021

Кескіндеме өнерінің көсемі...
22.07.2021

Абызбай атыңа сай ең...
22.07.2021

18.02.2021

Ұлттың үні – қазақ радиосы

Қазақтың  рухани байлығы, замана тынысы,  ұлттың үні  – Қазақ радиосына  2021 жылдың 1 қазанында  100 жыл толады. Бір ғасырлық ғұмыры бар қарашаңырақта небір ұлы тұлғалар қызмет етті. Солардың тәлім-тәрбиесін алып, ізін жалғастырушылардың бірі -  «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның  Құрметті журналисі, Павлодар облысының  Құрметті азаматы Ғалия Балтабай. Ардагер апайымызды Қазақ радиосындағы қызметі туралы әңгімеге тартқан едік. 


- Ғалия Құсайынқызы, Қазақ радиосының да тарихы тереңнен тамыр тартып жатқаны белгілі. Оның негізі қандай ірі тұлғалардың қатысуымен құрылып еді және ол еліміздің мәдени өміріне қалай әсер етті?
- Дұрыс айтасың, Қазақ радиосының құрылуы еліміздің тарихында ірі мәдени оқиға болды. 1921 жылы қазан айында Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласынан Алаштың азаматы Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен бүкіл республика бойынша радио эфирге шыққан екен. Республикалық радиохабарларын тарату жөнінде шешімді Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде қабылдаған.
Осы бір ғасыр аралығында Қазақ радиосы талай қиын кезеңдерді ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді, Ұлы Отан соғысының қантөгісін елмен бірге басынан өткеріп, бар ауыртпалықты халқымен бірге көрді.
Негізінен Қазақ радиосының дамуы 1930 жылдар аралығында басталады. Осы кезеңде ішкі редакциялық құрылым жүйеленіп, шығармашылық ұжым қалыптасады. Радиожурналистика жолға қойылып, бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, беки бастайды. 
Бір ғасырлық өмірі бар Қазақ радиосында алғашқы құрылған жылдары басшысы болып  Айтбай Хангелдин қызмет жасап, ол кезде радиодан Орталық Комитеттің нұсқауымен дикторлардың оқуында үндеулер ғана беріліп тұрса, 1931 жылы Сәкен Сейфуллин сөз сөйлеп, әнші Шәркүл Әшірова ән орындап отырған. Екі тілде берілетін хабарлардың уақыты үш-төрт сағаттан аспайды екен. Газеттен берілген жаңалықтарды оқығаннан кейін әнші-күйшілердің орындауында концет беріліп келіпті. Әміре Қашаубаев пен өзіміздің павлодарлық атақты ақын, әнші, актер әрі композитор Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақовтар тікелей эфирден өлең оқып, домбырамен ән шырқаған, ал Роза Бағланова, Манарбек Ержанов, Ермек Серкебаев, Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсековалардың орындауында концерттер ұйымдастырылған. Ахмет Жұбанов пен Шәмші Қалдаяқов, Өмірбек Байділдаевтың шығармаларынан концерт те беріліп тұрған. Қазақ радиосының алғашқы дикторы біздің жерлесіміз, атақты кино режиссері, актер Шәкен Айманов болған екен.
Шәкен Айманов.jpg
Кейіннен келген дикторлар Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Мұқағали Мақатаев, Бибігүл Төлегенова, Сауық Жақанова сынды өнер тарландары хабар жүргізген. Отан соғысы кезінде Қазақ радиосы қазақстандықтардың майданға көмегі туралы хабар беріп тұрды. Онда Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясының ерлігі, Әлия мен Мәншүк туралы, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев туралы талай радиохабарлар дайындалып, жауынгерлерге жігер беретін Жамбыл ақынның өлеңдерін де әуе толқынынан жиі беріп тұрған. 
Бір ғасырлық өмірі бар Қазақ радиосында кезінде қаншама журналистер мен қызметкерлер қалтқысыз қызмет етті. Қазақ радиосында әр жылдарда қызмет атқарған Павлодар өңірінен шыққан Қайырбай Садықов, Ғалия Балтабай, Есентай Ерботин, Мейрам Байғазин, Шолпан Байғабылова, Ласкер Сейітов, Есенбек Санатұлын атауға болады. 
Қайырбай Садықов Қазақ радиосының Бас редакторы.jpg
Кеңес үкіметі құлаған жылдары бүкіл республикада Қазақ радиосының облыстағы радиолары қаражаттың жоғынан жабылып қалады. Бүгінде республикада сақталып қалған тек Павлодар облысындағы «Халық» радиосы, ол 1930 жылы құрылған. Қазір де Павлодар радиосы облыстың 
94 пайызына өздерінің хабарларын таратып отыр. Павлодар радиосы Қазақ радиосының жалғыз қалған бауыры десек те болады.  
- Өзіңіз қызмет еткен, жүрегіңізге жақын Қазақ радиосының бүгінгі замандағы аяқ алысын, тынысын зерделеп қарап отыратын шығарсыз?..
- Әрине, онсыз бола ма. Барлық игіліктеріне қуанып, мәселелері болса мұңайып қаламын. Шүкір, Қазақ радиосының бүгінгі айдыны кең. Бүгінде Қазақ радиосы хабарларын тәулік бойы тарататын, еліміздің ең ірі ақпарат жүйесіне айналды. Ұлттық радиомыз республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасының шекаралас аймақтарына хабар тартып отыр.
Сонымен қатар Қазақ радиосы Қазақстан халқының достығын нығайту мақсатында қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдеріндегі хабарларын эфирге шығаруда. Сондай-ақ, «Шалқар» Ұлттық радиосының хабарлары еліміздің ірі-ірі қалаларына таратылуда. Қазақ радиосының құрамында қазір де «Шалқар ұлттық радиосы мен «Астана» және «Классик» радиолары жұмыс істеуде. Әрқайсысының өз бағыттары бар. 
Ұлтымыздың мақтанышы Қазақ радиосы 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы заманауи үлгіде салынған «ҚазМедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығар-машылықпен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Жетілген сандық технология орнатылған. Мұны игеру арқылы радио мультимедия сапына қосылды. Қазақ радиосы «Мир» мемлекетаралық телерадио компаниясымен, «Россия» радиосымен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Қазақ радиоларының Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша бүгінде қордағы 
31 мың материал сандық форматқа көшіріліп үлгеріпті. 
- Қазақ радиосын ұлт тарихында белгілі өнер қайраткерлерінің дауысын жазып алып қорында сақтап келе жатқан алтын сандық десек те болар...
- Әрине, өткен ғасырдың басында, одан кейін де өмір сүрген ұлт қайраткерлері туралы бағдарламалар алтын қорда сақтаулы. Бұл – тұтас ұлттың байлығы. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» хабарлар бүгінде сандық форматқа көшірілуде. 
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да радионың ұйымдастыруымен өнер фестивальдері секілді ірі шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2012 жылдан бастап Қазақ радиосы өзінің төл туындысы – халықаралық «Дала дауысы» және республикалық «Тайжарыс» радиофестивальдері мен «Мың алғыс» жобасын өткізіп келеді. Осы жоба арқылы қаншама жетім-жесірлерге пәтер алып беруге, мүгедек болып қалған науқастарға қаржылай жағынан демеушілер арқылы көмек көрсетуде. 
Тағы бір қосарым, интернеттегі kazradio.kz сайты арқылы әлемнің кез келген түкпірінде Қазақ радиосының хабарларын онлайн режимінде тыңдауға болады. Қазақ радиосының ресми сайты kazradio.kz 2006 жылдың 8-ші тамызынан бері интернет кеңістігінде. Ал, Онлайн трансляция 2011 жылдың 18 шілдесінен бері жұмыс істеп келеді.
Ең бастысы Қазақ радиосы қазақ әдебиетін, өнерін, халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қазақ тілі мен дінін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп-насихаттауда қайыспай, қара нардың жүгін көтеріп, қыруар жұмыс жүргізуде.
Қазақ радиосының 100 жылдығына орай ұлттық құндылықтарымызды бар жағынан сақтай отырып, мағынасы бай, мазмұны кең радиохабарларды көбейтті. Атына заты сай бағдарламалар тыңдарманның көңілінен шығып, құрметке ие болуда. 
Бүгінде Қазақ радиосы алты алаштың құлақ қойып, сүйсіне тыңдайтын радиосына айналды, оны мақтанышпен айта аламын. Электронды БАҚ қатарында Қазақ радиосы бүгінде өзінің сүбелі орнын алды. 
- Ғалия Құсайынқызы, ұлттың үніне айналған, талай ұлы тұлғалар қызмет еткен қазақ радиосының табалдырығын қалай аттадыңыз? Ұстаздарыңыз кім болды? Қандай жарқын сәттер есіңізде қалды?
- Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің журналистика факультетіне түскеннен кейін, бос уақытымның арасында курстасым Жазушылар Одағында 2-ші хатшы болып қызмет ететін павлодарлық ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың хатшысы болып істейтін Баян Бұлғақбаеваның қызмет орнына барып, машинкада басуды үйреніп жүрдім. 
Бірде Қабдыкәрім ағаның қабылдауына атақты ақын, Қазақ радиосының қызметкері Нұрсұлтан Әлімқұлов келе қалды. Менің машинкада тоқылдатып отырғанымды көріп, «жақсы басады екенсің», - деді. Сол-ақ екен, Баян құрбым:
- Аға, сіздерде Қазақ радиосында машинисткалық жұмыс жоқ па, құрбым жұмыс іздеп жүр еді. Анасының 20 сом ақшасы жетпейді, - деп менің қамымды айтып, бәйек болды да қалды. 
Содан Нұрсұлтан аға, қабылдаудан шығысымен, мені өзімен бірге Қазақ радиосына алып келді. Қазақ тілінде басатын бір машинистканың орны бар екен, мені сол күні Қазақ радиосына бірден қызметке алды.
Таңертең ертемен тұрып, бірінші трамвайға отырып, Қазақ радиосына келемін. Таңғы алтыда ауа райын беру керек. Ауа райын алып, машинкаға басып, дикторға дайындап беремін. Сағат таңғы 7-де аудармашы келеді. КазТАГ-тың жаңалықтарын аударады. Түскі бірге дейін тапжылмастан аудармашымен жұмыс істеймін де, троллейбусқа отырып алып КазГУ-ге келемін. Арасы екі аялдама, КазГУ-ге келісімен буфеттен тамақтанып аламын да, лекцияға кіремін. Міне, осылайша, редактор болғанша хабар, жаңалықтар басып жүрдім.
Мен радиода қызмет атқарып жүрген жылдары бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Рафаэль Ниязбеков, Серік Тұрғынбеков, Дүйсенбек Қанатбаев сынды ақын-жазушылар қызмет жасады. Солардың хабарларын басып беретінмін. Әрі эфирден өтіп жатқан радиохабарларды да үнемі тыңдайтынмын.
 Бірде ұшқыштар жайлы хабар дайындау үшін Алматының аэропортына жіберді. Қолымда 13 килограмдық дыбыс жазу репортері бар. Ішке ене бергенімде қарсы алдымнан атақты әнші Роза Бағланованың шыға келуі бар емес пе. Қасында - нөкерлері. Қуанып кеттім. Бала кезімдегі арманым. Роза Бағланованы бір көрсем деген ойымның жүзеге асқанын қараңызшы, деп таңданып тұрмын! 
«Роза Тәжібаевна, ән сапарыңыз сәтті болған шығар, қай жақтан гастрольден келе жатырсыз, уақытыңыз болса интервью алайын, репортерімді қосып жіберсем қайтеді» деп бәйек болдым да қалдым. «О, бәрекелді, жолымыз болды. Іс-сапарымыз сәтті өтті. Өзімнің бір кездегі жастық шағым өткен Ташкенттен келе жатырмын», - деді. Микрофонымды қоса қойдым да, кезінде өзбек халқының өнер сүйер қауымы сізді Қазақстанға жібергісі келмей, бізге қимады ғой, - дей беріп едім. 
- Менің шығармашылығымнан хабарың бар екен, - деп қуанышын жасырмай, қойған сұрақтарыма жауап бере бастады. Сол күні радиоға бір емес, екі бірдей хабарға пленка материал әкеліп, Бас редакторымыз Сәркен Оспановты риза еттім. Әрі Роза Бағланованы көрсем ғой деген бала кездегі арманымның жүзеге асқанына шексіз қуандым. 
КазГУ-ді аяқтаған жылы дипломымды алғасын негізгі мамандығым бойынша редакторлыққа ауысуды алдыма мақсат етіп қойдым. Сол кездегі Республикалық телерадиокомитетінің председателі Кеңес Үсебаевтың қабылдауына жазылып, бар жағдайымды айттым, редакторлық қызмет сұрадым. 
Төраға мені Қазақ радиосы дирекциясының Бас директоры Бек Дәулетбаев ағамыздың редакциясына редактор қызметіне ауыстырды. Маған жұмасына бір рет 30 минуттық «Денсаулық» хабарын дайындау тапсырылды. Және күнделікті өтіп жатқан негізгі хабарларға шолу жасап отыруым керек болды. Бұл шолуды тікелей председательге тапсыратынмын. 
 «Денсаулық» хабарына яғни айдың соңғы аптасында мен Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі Төрекелді Шармановты қатыстыруды әдетке айналдырдым. Ол кісі - 
өте қарапайым, мейірімді, біліктілігімен есімде ерекше қалған адам.
 Сол жылдары Қазақ радиосының Левитаны атанған диктор Байжанбаев Әнуарбек ағамыздың тісі түсіп, эфирден сөйлеуі қиындап, тісін салдырудың амалын таба алмай жүрген кезі еді. Содан мен кезекті хабарға денсаулық министрі Төрекелді Шарманов келгенде Әнуарбек ағаның тісін салдырып беруіне көмектесуін өтіндім. Ол кезде тіс салдыру қиын болатын. Әнуарбек  ағамыз өте қарапайым, жаны таза, біреудің ала жібін аттап өтпейтін кішіпейіл әрі қарапайым адам еді. 
1974-1975 жылдары анам қатты ауырып, Павлодар телерадио комитетіне редактор болып ауыстым. 1986-1987 жылдары Павлодар облыстық радиосының қазақ бөлімін басқаруды маған тапсырды. Облыстық радионың өзекті деген мәселелерін шешіп, қазақ тіліндегі хабарды 50 пайызға жеткізіп, біраз жұмыс атқардым. Ал, 1988 жылы Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі атандым. 
Оған дейін облыстағы меншікті тілші қызметінде болған ақын Есентай Ерботин қайтыс болып, оның орнына іле мен тағайындалдым. Меншікті тілші болып, 1997 жылға дейін астана Алматыдан Ақмолаға көшкенге дейін тура 10 жыл қызмет атқардым.
Павлодар өңірінде меншікті тілші болып жүрген кезімізде облыстың барлық аудан-ауылдарында болып, әртүрлі тақырыптарда Қазақ редакциясының барлық редакциясына үлкен-үлкен хабар жіберіп тұрдым. 
Осы жерде айта кететін бір жай, ол жылдары қазақ тілінде хабар дайындау үшін өте қиын болатын. Қазақ тілінде сөйлейтін мамандар мен басшыларды әзер табатынбыз. Газеттегідей емес, радио мен телевидениеден қазақ тілінде сөйлейтін адам мүлде болмады ғой. Тапсақ, «жерден жеті қоян тапқандай» қуанатынбыз. Оның үстіне Павлодарда ол кезде 20 пайыз ғана қазақтар тұратын. Әрі біздің облыста алпысыншы жылдары қазақ мектептері түгел дерлік жабылып қалғаннан кейін жастар өздерінің туған қазақ тілінде сөйлемек түгіл, қойған сұрағыңды да түсінбейтін. Міне, осындай қиын заманды басымыздан өткердік қой.
Дегенмен, қандай қиындық болса да Қазақ радиосының берген тапсырмаларын түгелдей орындайтынбыз. 
- Сізді өңірде ұлт руханият жоқтаушы ретінде танимыз. Бұған сіздің өзекті мәселелерді билікке жеткізе білуіңіз, журналистік кәсіби шеберлігіңіз әсер етті ғой...
Павлодар, Екібастұз қалаларында қазақ балабақшалары мен екі қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болдым.  Павлодар қаласында ескі балалар ауруханасының орнына жаңа балалар ауруханасын салдыруына себепші болдым. Туған ауылымда өзім бас болып, балабақша ашып бердім. 
Соғыс жылдары Павлодардың қазақ театры өртеніп кетіп, ұзақ жыл облыс қазақ театрынсыз қалған еді. 1990 жылы «Қазақ театры өртенсе де, қазақ өнері өртенген жоқ» деген жанайқайыммен радио, телехабар жасап, Павлодарда қазақ театрын салуға мүмкіндік жасадым. Былтыр, міне, осы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры 30 жылдығын атап өтті. 
Павлодар, Екібастұз қалаларында үйсіз жүрген 21 қария мен отбасына жаңа үй алып беруге көмектестім. 
Қазақ радиосында қызмет атқара жүріп, мен бастықтардың келісімімен телевидениеде де хабарлар ұйымдастырдым. Негізінен ұлттық мүддені қажет ететін сын хабарларды көп дайындадым. Ең бастысы, еліне адал қызмет атқарып, шығармашылықтарымен танылған ақын-жазушылар мен жалпы өнер адамдарымен жиі кездесіп, атақты адамдар жайлы радиодан да, телеарнадан да хабарлар көп жасадым. 
Солардың бірі қазақтың тума дарын, суырып салма ақын, әрі жазба ақын Құралай сұлу, Ақбөпе, Қырмызы Жанай, Он бір күн, он бір түн поэмаларының авторы, қазақтың тұңғыш актерлерінің бірі, композитор, әнші әрі домбырашы, ағартушы Иса Байзақов жайлы төрт сериялы Қазақ радиосына да, республикалық «Қазақстан» телеарнасына хабар жасағанымда Исаны көзі көрген, онымен қызметтес болған тұлғалармен кездесіп, сұхбаттасқаным есімнен кетпейді. Олар: Қазақстанның халық әртісі Қапан Бадыров, Кеңестер Одағының және Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанова, дауылпаз ақын Сырбай Мауленов, халық ақындары Дихан Әбілов, Мұзафар Әлімбаев, Сәкен Жүнісов, Мүбарак Жаманбалинов, композитор-өнер зерттеушілері Латиф Хамиди, Ерзакович, атақты әнші Ермек Серкебаев сынды өнер қайраткерлерін қатыстырып хабар жасадым. Мен Иса ақынды зерттей отыра «Иса ақын және оның ұрпақтары» деген кітап та жазып шықтым. 
Менің «Асыл мұра» айдарымен берілген Мәшһүр Жүсіп бабамыз жайлы бірнеше хабарым бар. Мәшекеңді көрген адаммен де сұхбаттасқанмын. «Әнші Майра», Естай әнші, «Жаяу Мұса», «Құдайберген Әлсейтов жайлы» - тағы да басқа толып жатқан хабарларым бүгінде құнды дүниеге айналды. 
- Өзіңіз кейін қайтадан Астанаға жолыңыз түсіп, қызмет істеп келген екенсіз. Өміріңіздің осы кезеңі туралы айтсаңыз... 
- 1996-1997 жылдары бүкіл республикада облыстардағы тілшілер қосы жабылып, мені Ақмолаға ауыстыратын болды. Қазақ радиосының Бас директоры Төрехан Данияр: «Ол жақтан бар жағдайды жасаймыз, баспана алып бере аламыз» деп айта алмаймыз, жұмыссыз қалмаймын десеңіз осы жарты ставкаңызбен Ақмоланың радиокомитетіне барып жұмыс істей беріңіз, негізгі шығармашылық топ 1998 жылдың қаңтарында келеді деді. 1998 жылдың 1-ші қаңтарында Алматыдан арнайы жасақталған шығармашылық топ келіп қосылды. Сол жылы қыс қатты болды. Оңтүстіктен келген басқа мекемелердегі қызметкерлер Ақмоланың суығына үйрене алмай біразы қайтадан Алматыға қайтып кетіп жатты. Студияның іші суық, кабинеттердің өзі әзер-мәзер жылытылып тұрды. Алматыдан келгендерге алғашқы кезде үш бөлмелі пәтер берді. Ұлы бар, қызы бар - бәрі бірге тұрды. Таңғы алтыдан Астана радиостудиясы әуе толқынына шығып, елордадағы жаңалықтарды, қаланың құрылысы жайлы, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі жайында үлкенді-кіші бағдарламалар дайындап, хабардар етіп отырдық.
Мен о баста Павлодардан елордаға келгенде ерекше бір жігермен, осы астанаға аянбай қызмет жасаймын деген оймен келген едім. Өзіндік бір қолтаңба қалдырсам деген ерекше бір құлшынысым да болды. «Астанадан сөйлеп тұрмыз!» деп эфирді ашқанымда, жүрек қағысым жиілеп, кеудемді қуаныш кернейтін. Астана деген сөздің өзі ол кезде мен үшін қасиетті ұғым болды, сондықтан да оған мен үлкен жауапкершілікпен қарадым. 
Бір жылдан кейін ғой деймін. Астанадағы «Цесна-Азия» телеканалы жабылып, ұлым Мадияр Балтабай жұмыссыз қалды. Абырой болғанда, сол кезде Қазақ радиосына орыс тіліндегі жаңалықтар редакциясына редактор керек болып, ол да біздің Қазақ радиосына орналасты. Кезегіміз келгенде эфирге бірге шығатын күндеріміз де болатын. Сол кездерде анасы мен баласы бір студияда отырып, хабар жүргізу неткен бақыт деген сезімде болатынмын. 
- Сіздің ұйымдастыруыңызбен ұлтымыздың маңдайалды ақыны Фариза Оңғарсынованың қазылық етуімен бірнеше мәрте жазба ақын-дардың республикалық радиомүшәй-расы өткізілгені мәлім. Мүшәйра бірқатар ақындарға шабыт беріп, алға талпынтты. Бұл идея қалай туындады? 
- Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығын атап өтерден тура бір жыл бұрын Ақмолада Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті, оны Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзі өткізді. Сол мәжіліске Қазақ радиосынан мен барған болатынмын. Елбасының айтқан әрбір сөзі маған ой тастады. Жігерленіп отырдым. Елбасы «Бұл Тәуелсіздік қазақ халқына оңайлықпен келмегенін білесіздер, он жылдыққа орай мына отырған сіздер әрқайсыңыз бір-бір үлкен жұмыс атқарсаңыздар, ел игілігіне қосқан үлестерің болар еді» деген сөзі маған ой тастады. 
Редакцияға келісімен ойландым. «Мен қандай үлес қоссам екен» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сол күні түні бойы ойланып, бір шешімге келдім. Ертеңіне осы ойымды Оңғарсынова Фариза ақынға жазба ақын-дарының радиомүшәйрасын ұйымдастырсақ қайтеді деп өз пікірімді айттым. Ол кісі ойланбастан қолдау көрсетті. Тура Тәуелсіздіктің 10 жылдығы тойланар алдында Астананың төрінде, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында «Қазақстаным - қарашаңырағым» атты Республикалық ақындардың радиомүшәйрасын өткіздік. Астана қалалық әкімінің орынбасары Нұрлан Нығматуллин, /қазірде Мәжіліс төрағасы/ Мәдениет Басқармасының бастығы Ермек Аманшаев және сол кездегі Ертіс ауданының әкімі Рымтай Шөкеевтер ақшалай қолқабыс жасады. Осындай Республикалық радиомүшәйраны мен үш рет Фариза Оңғарсыновамен кейін Павлодар радиосына басшы болып келгенімде де өткіздім. Басқа облыстардан қаншама атақты ақындар Павлодардағы мүшәйраға келіп қатысқан еді. 
Бүгінде мені  төртінші рет осы респуб-ликалық ақындар радиомүшәйрасын Павлодарда өткізсем деген ой мазалауда. Бас қаладан бастау алған осындай игі істің бастамашысы қатарынан табылғаныма бүгінде қуанамын. Әрі бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы берген тапсырмаға мен де өзімше үлес қосқаныма, әрі бастаған ісіме ризамын.
- Журналист ретінде ел ағаларымен сұхбат жасадыңыз. Сондайда бір есте қалған, кейінгі әріптестеріңізге үлгі болатын жарқын сәттер туралы айтсаңыз...
- Бірде қызық болды, жоқ қызық емес-ау, сол кездегі жанымның қысылғанын білсеңіз ғой... Үлкен жиналыстан кейін елбасымыз өз резиденциясында журналистерге сұхбат беретін болды. Микрофондарымызды дайындап, Президенттің келуін тосып тұрмыз. Сол күні қызуым көтеріліп, жөтел қысып әзер келгенмін. Мені ауыстыратын ешкім болмады. 
Елбасымыз бізге жақындап қалды. Тамағым жыбырлап, жөтел қысып барады, жөтелуге болмайды, тұншығып барамын, содан мен микрофонымды бірге қосып ұсташы деп «Хабар» телеарнасының журналисі Сайын Есмағиге ақырын ұстаттым да, білдіртпей кейін шегіне бердім. Кейін шегінсем, Елбасының сақшысы, қайда барасың дегендей, артқа жібермейді. Содан: «Е, құдай, жәрдемдесе гөр, Елбасымыздан интервью алайын деп тұрмыз ғой, - деп іштей табына бастадым. 
Әйтеуір құдыреттің күші күшті ғой, жөтелім тез басылып, орныма қайта келіп тұрдым. Сонда жан-жақтан қарап тұрған оққағарлардың екі көздері менде болған, әрине менің бұл қобалжуымды олар сезді ме, сезбеді ме, білмеймін... Бірақ олардан ескерту алған жоқпын. Әйтеуір сол күні қатты ауырып тұрсамда берген тапсырманы орындап, жұмысқа қайттым. Ол кезде редакторлардың жетіспеушілігі соншалықты, қалай ауырсақ та, бюллетень алмайтынбыз. Тек құлап жатсақ қана ауруханадан бір-ақ шығатынбыз. 
Елордада қызмет атқарып жүргенімде Астанада мазмұнды да мағынасы көп шаралар өтті. Солардың көбіне директорымыз Қайрат Мұсақұлов мені жіберетін. Директорымыз өте кішіпейіл, өз жұмысын білетін, білгір, кәсіпқой журналист. Менің өз басымды қатты сыйлайтын. «Ғалия апай!» деп үнемі жастардың алдында менің беделімді көтеріп отыратын. Жалпы Қазақ радиосының Елордадағы филиалының ұжымы өте ұйымшыл болды. Бес жарым жылғы қызметім бес күндей өте шықты. 
- Сіздің журналистік ұсынысыңыздың бірі Елбасына бағытталған екен. Сол туралы кеңірек айтып өтсеңіз...
- 2001 жылдың Құрбан айты күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара Алпысқызымен бірге Астанадағы Орталық мешіттердің бірі - Ғылмани мешітіне келді. Құрбан айт мейрамына арналған салтанатты рәсімге қатысып, айттыққа арналған құрмалдық дұғасының ішінде болып, мешіт ішін аралады. Бір топ журналистер сыртта күтіп тұрмыз. Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаев «Бүгін Елбасына Қазақ радиосының атынан Ғалия Балтабай апайымыз сұрақ қояды» деп ескертті. Қарасам, Елбасы мешіттің ішінен шығып, бізге қарай келе жатыр. Президент қасымызға жақындап келді де, ал маған қоятын сұрақтарыңыз бар ма дей бергенде, мен сұрағымды бастап та кеттім.  
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ұлы мейрамымыз құрбан айт қабыл болсын дей отыра, Сізге қояр бір сұрағым бар еді», - дедім. Барша журналистермен амандасып, басын изеді де, «Сұрағыңызды қоя беріңіз, - деді.
«Мұсылман елдерінің көбінде, атап айтсақ, көршілес Өзбекстанда, Түркия мемлекеттерінде Құрбан айт мейрам күні ретінде тойлануда. Ал біздің Қазақстанда құрбан айт - мейрам күні болып қашан аталып өтеді?», - дедім. 
Осы кезде Баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаевтың түрі бұзылып, маған қарап тұрып басын шайқады. Ал, Елбасы болса, керісінше: «Өте дұрыс сұрақ екен. Негізінен осы жай туралы ойланып жүрмін. Қазақстандағы басқа діндегілер де бізге де мереке қажет деп сұрауы мүмкін ғой. Барлық діндегілердің мерекелерін мереке деп танысақ, қалай болар екен? Дегенмен, Құрбан айт мерекесін тойлаймыз, әлі ол күн де алыс емес», - деді. Сол-ақ екен, баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаевтың жүзі жылып, дұрыс екен-ау дегендей маған тағы бір қарады да, басын шұлғыды.
Иә, шынында да, бұл қойған сұрағым кейін тарихи сұраққа айналып, Құрбан айтты бүгінде баршамыз мереке ретінде тойлап жатырмыз. Барша мұсылман халқы осы күнді асыға күтеді, бізде асыға күтеміз.
- Сіздің бір еңбегіңіз облыстық радионы сақтап қалуға қатысты. Осы орайда барлық тілек-талапты жоғары басшылыққа жеткізіп, батылдық таныт-тыңыз. Жігерлі қадамға баруыңызға қандай жағдай, қандай сезім түрткі болды?
- Ауыз толтырып айтатын үлкен жұмысым ол Республиканың басқа облыстарында жоқ радионы сол кездегі әкіміміз Даниал Ахметовпен бірге Павлодар облысында сақтап қалғаным. Бұл радионы ҒМ жиілігіне шығардым. Бұл менің туған жеріме, еліме, Отаныма тартқан тартуым дер едім. Қандай ірі тұлғалар еңбек еткен қара шаңырақты нарықтағы қиыншылықты себеп етіп жауып тастау үлкен күнә болар еді. Бұл ең алдымен қазақтың рухын жоқтап жүрген бұқаралық ақпарат құралы болатын. Қаншама мамандарымыз жұмыссыз қалатын еді. Сол себепті жанкештілік еңбек жасауға, жолын іздеуге тура келді. Сол себепті басшылыққа дейін тілегімді айтып бардым. Менің шын мәніндегі жанашырлық тілегіме басшылық түсіністікпен қарады. Қаржылық мәселелеріміз шешіліп, облыстық радиомыз сақталып қалды. Өзге өңірлерде радиолары жабылып қалды. Бүгінде Халық радиосы заманауи тыңдарманның көңілінен шығып отырған, ауыл-қаланың жұртшылығына заманға сай жедел ақпарат таратушы, руханият, экономикалық-әлеуметтік бағдарламалар беретін ордалы ұйым. 
- Бүгінде өткізген еңбек жолыңызды, журналистік соқпағыңызды ойласаңыз, қандай қорытынды ойларға келесіз? 
- Шын мәнісінде өмір сүрудің екі жолы бар екен. «Біріншісі – мағынасыз өмір. Ол - тек күнделікті болып жатқан өміріңе ризашылықпен ғана қарап жүре беруің... Ал екіншісі - бұл өмірде бәрі ғажайып деп үміттеніп, артыңда жақсы іс қалдыруың. Бұл ойды кім айтты деп ойлайсыздар? Ол - өмірге өте ғашық болған лирик ақын Альберт Эйнштейн.
Шын мәнінде сол «ғажайып» сенің бақытты өміріңмен байланысты. Ал бақыт байлықпен саналмайды. Мен өмірімде ақша жинап, байлыққа қызыққан емеспін. Қарапайым ғана үйім болды, балаларым да үлде мен бүлдеге оранған емес. Балаларымның бәрі де көздерінің майын тамызып, адал еңбекті қалады. Өзім де басшы болып қызметке орналасқанымда таза жолмен жүрдім. Өзімді емес, өзгені ойлап, біреулерге пана болып едім. Бәлкім, соныммен әлдебір басшыларға жақпадым. Бүгінде осы өткен өмірім мағыналы екен деп ойлаймын. Иә, өмірдің мәні - қарапайым адам бола білуде. Бүгінде мен осыны сезініп отырмын. Ал егер де өміріңізді қайта бастаңыз десе, мен осы өмірімді қалар едім.
- Ғибратты әңгімеңізге рақмет. Халқымыздың бағы үшін ортамызда ұзақ ғұмыр сүруіңізді тілейміз!

Әңгімелескен – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.


Количество показов: 163

Возврат к списку