Намыс деген – тілің, Отаның, дінің

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР

Табыстың көзі - асыл түлік
02.03.2021

Бензин қымбаттады
02.03.2021

Шаңғышылар «шайқасы»
02.03.2021

Спорт музейі ашылды
02.03.2021

Ұлттық өнер белесі
02.03.2021

Көптен күткен қауышу
02.03.2021

Тікұшақпен тапты
02.03.2021

986 топ ашылды
02.03.2021

Қоғамға пайдалы болуы тиіс
02.03.2021

Екпе салу - ерікті шара
02.03.2021

Сүт неге арзандады?
02.03.2021

Сарыарқа самалы, 2 наурыз, сейсенбі
02.03.2021

Ұстаз парасаты
01.03.2021

Мен спортшы боламын!
27.02.2021

Жер шетелдіктерге сатылмайды
27.02.2021

Тазыға теңдес жоқ
27.02.2021

Жылағанда сүйеу болған халық бұл
27.02.2021

«Біз үшін жұмақ мекен!»
27.02.2021

Барымен бөлісті
27.02.2021

Аталарым қоныстанған
27.02.2021

Президенттің сыйлығы
27.02.2021

Бауырмалдық - қазақтың бір қасиеті
27.02.2021

Өрт сөндіруші қаза тапты
27.02.2021

Кезекші сыныптар көбейеді
27.02.2021

Карантин жеңілдеді
27.02.2021

Ақпандағы ақ түтек
27.02.2021

Лазерлік оталар жасалады
27.02.2021

Әр істе әлеуметке пайда болуы тиіс
27.02.2021

Мектебімді сағындым
27.02.2021

Баламмен мақтанамын!
27.02.2021

Ұқыптылыққа тәрбиелейді
27.02.2021

Мұражай - тұнған тарих
27.02.2021

Музейді қашықтан «аралады»
27.02.2021

Тәуелсіздік
27.02.2021

Қыс
27.02.2021

Ұлы ақынды ұлықтады
27.02.2021

Талабыңа нұр жаусын, Мәриям!
27.02.2021

Сарыарқа самалы, 27 ақпан, сенбі
27.02.2021

Барлық қалдықты өлшейді
25.02.2021

Терең өңдеудің берекесі артық
25.02.2021

Инвестиция - игергенге игілік
25.02.2021

Шалдай өңірінің аңызы
25.02.2021

Қазақтың Кәукені
25.02.2021

Ахаңның мерейтойы
25.02.2021

Ерлердің рухына тағзым
25.02.2021

Жұмыспен қамту:нәтиже қандай?
25.02.2021

Естен кетпес кездесулер
25.02.2021

Өзекті өртеген өрт
25.02.2021

Уақытша қала алады
25.02.2021

QR-код арқылы төлейді
25.02.2021

Екінші бөлігін қабылдады
25.02.2021

Дәрігерлер әдеп сақтауды жетілдіруде
25.02.2021

Жинақты көлік алуға жұмсаған дұрыс па?
25.02.2021

Тағдырымыз таразыда тұрған еді
25.02.2021

Сарыарқа самалы, 25 ақпан, бейсенбі
25.02.2021

Балық шаруашылығы - байлық көзі
23.02.2021

Талай үздіктерді түлеткен
23.02.2021

Спорт нысандары көбейеді
23.02.2021

Басқармада - жаңа басшы
23.02.2021

Күрделі оталар жасауға кірісті
23.02.2021

21.01.2021

Намыс деген – тілің, Отаның, дінің

- Ғарифолла аға, қазір есті әңгіме айтып, ерсі қылығымызды ескертіп отыратын қариялар азайып кетті. Жасы ұлғайғанның бәрі қария емес екен (Қариялық қасиет қалыптаспаған шал көп). «Баяғының қариясы, баяғының әжесі» деп тамсанғаннан арыға аса алмаймыз. Қаймағы бұзылмаған қазақы мінезден қалай, қашан айырылып қалдық?
- Қазақы мінезді жою, яғни бір халықтың табиғи мінезін жою – сол халықты жаулап алған елдің басты идеялогиялық жұмысы. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы толығымен Ресей әкімшілігінің қолына өтті. Отарланды. Ендігі жерде бұл халықты мүлде басқа тобырға айналдыру керек болды. Бұл – басты мақсат-тұғын. Бұл – әрбір басқыншы елдің өздері жаулаған мемлекетке жасайтын саясаты. Алайда Индияны басып  алған ағылшындарға ол енді өзгерту қиын еді. Өйткені, олар миллиард. Ал қазақ - ат төбеліндей ғана. Ресей сол аздығымызды пайдаланып, бізді мүлде басқа халыққа айналдырып жіберуге барын салды. Басқыншы елдің басты мақсаты  
негізінен орындалды. 
Орыстандыру саясаты кезінде отаршылдар үшін екі нәрсені қолға алу қажет болды. Бірі – дінді бұзу керек. Екіншісі – тілді жою. Сонда ғана халық мәңгүрттенеді, дүбәраға айналып шыға келеді. Мұны жасады. Қазақтық қалып осы кезден бұзыла бастады. Дінді бұзу үшін шоқындыру саясатын жүргізді. Бірақ бұл қазақ даласында аса жеміс бермеді. Тілді жою үшін орыс тілін енгізді. Бірақ ол да бірден нәтижелі бола қойған жоқ. Дегенмен, бұл үрдістер жүйелі түрде жүргізілді. Міне, осындай саясаттың кесірінен қазақы мінез бұзылды, салт-дәстүріміз көненің сарқыншағына айналды, тіліміз жабайы халықтың тілі ретінде көрсетілді. Бұл бірінші кезең болатын. 
Қазақты отарлаудың екінші кезеңі кеңестік билік тұсында мықтап қолға алынды. Коммунистік партия басқарған кеңестік идеологияның кезінде бұл жоспар толығымен дерлік жүзеге асты. Қазақ өзінің қалпынан: кісілігінен, қасиетінен, төл мінезінен,  ақсақалдығынан айырыла бастады.
- Қазақы мінезден айырылып бара жатқанымызға қазақы тәрбие, діл мен діннен алыстауымызды себеп дейтіндер де бар. Әлеуметтік желідегі кейбір белсенділер орысша ойлайтынын айтып мақтанады. Сіздіңше қалай?
- Кеңестік жүйе кезіндегі орыстандыруды кім жүргізді? Жоспар, бұйрық Мәскеуден берілгенмен, бұл жақтағы жұмысты қазақтар атқарды. Мысалы, сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы, басқа облыстық, аудандық деңгейді хатшылары, министрлер, мемлекет қызметкерлері, оның орынбасарлары, мектеп пен совхоз директорлары, академиктер мен профессорлар – бәрі балаларын орысша оқытты. Біздің қазір зиялы қауым деп жүргендеріміздің бәрі дерлік  сол Кеңес одағына қызмет етті. Олардың бәрі қазақы болмыстың өзгеруіне белсенді жұмыс жасады. Балаларын орысша оқытты, халықпен қазақша сөйлеспейтін болды. Тіпті қазақша сөйлейтіндерге күлетін, мазақтайтын болды. Орыстандыру солай жүргізілді. Тәуелсіздік таңы атқан күні олар бірден қазақша сөйлеп оянған жоқ. Бұрынғыдай орысша ойлап, орысша сөйлеп, бұрынғы сүрлеуді жалғастыра берді. Ең қиыны – сол адамдардың көбі Тәуелсіз Қазақстанның билігіне, басқарушы орындарға қайта отырды. Біреуі министр, біреуі әкім, тағы бірі директор болды. Немесе олардың бала-шағасы жақсы қызметке тұрды. Сөйтіп, керуен көше берді, көше берді. 
Мұның тамырына 30 жылдың алдында балта шабу керек еді. Мысалы, Балтық жағалауы елдері сол кезде-ақ күрт кетті. Тіл түгілі, Кеңес үкіметі кезінде қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялардың бәрін ғылымнан сызып тастады. Ғалымдар оны қайтадан қорғады. Бізде олай болған жоқ. Баяғы академик, баяғы доктор, баяғы ғылым. Басшылық қызметке баяғыда ЦК-да жұмыс істегендер жайғасып алды.  
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «қалай қазақ боламыз?» деген мәселе алдымыздан шықты. Жаңа қазақ болуға орыстанған алдыңғы буын көп кедергі келтірді. Әлі де солай. Бұл түйткілді өзгертейік, қолға алайық деген  тұғырлы саясатта болған жоқ.             
- Сол сіз айтып отырған зиялы қауым баласымен, немересімен әлі күнге дейін ана тілінде сөйлеспейді. Өскелең ұрпақтың туған тамырынан ажырауы болашақта тексіздік, мәңгүрттік сияқты құбылыстарды күшейтпей ме?
- Зиялы қауым, оның ішінде жазушылардың өзі баласымен, немересімен өзі өлең-әңгіме жазған өз ұлтының ана тілінде сөйлеспейді. Қазақ әдебиетіне қызмет еткен ақын-жазушылардың 90 пайызы кезінде Кеңес үкіметіне адал қызмет етті. Сіз мынаны түсініңіз, баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты арыстарымыз өтті өмірден. Олар бірінші ағым болатын. Ал Кеңес үкіметі орнаған соң Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сияқты екінші ағым пайда болды. Осы екінші ағымдағылар Кеңес билігі кезінде қатты күшейді. Алашордашылар атылды. Кеңестік қаламгер қауымы қызыл үкіметті, коммунистік партияны мақтады, жырға қосты. Ал алаш қайраткерлері Кеңес үкіметімен араз болды. Мысалы, бертінде өмір сүрген Жұмекен Нәжмеденовті мен алаш қайраткерлерінің қатарына кіргізе аламын. Өйткені, оның коммунистік партияны мақтаған бірде-бір өлеңі жоқ. Ал басқа ақын-жазушылар Кеңес одағына қызмет етті. Мысалы, марқұм Тұманбай Молдағалиевтің партия, Брежнев туралы бір қап өлеңі бар. Басқалары да сондай жағдайда еді.  Мұхтар Мағауин сияқты бірен-саран шынайы зиялылар да болды. Әбіш Кекілбаев сияқты екі жаққа да жұмыс істеген жазушыларымыз тағы бар. Олар партияға қызмет етсе де, қазақтың рухани байлығы үшін қалам суытқан жоқ. Ең өкініштісі, қазақ әдебиетінің өкілі саналатын қаламгерлер барлығы дерліктей балаларын орысша оқытты. Партияны мақтап өлең, әңгіме жазды. Оларды зиялы қауым деп айтудың өзі қете. Кеңестік жүйеге жұмыс жасаған адамды қалай зиялы қауым дейсіз? Қазір солардың бәрі шал. Кімнен үлгі-өнеге аласың? Бауыржан Момышұлы сияқты бір-екі адам ғана болды, ісі мен сөзі ұлтқа үлгі болған. Қазаққа үлгі болатын ақсақалдардың көбі ауылда еді. Ал Алматы жағалаған ақын-жазушылардың көбі Кеңес одағын, мәңгілік Ресейді жырлады. Олар қалай ақсақал болсын? Ақсақал енді туады. 35 пен 45 жас аралығындағы жастардан ел ағасы, біраз жылдан кейін нағыз ақсақалдар шығады. 55-тен асқан, 60-70 жастағы шалдарды қараңызшы! Біреуі бата бере алмайды. Ол қандай ақсақал? Ақсақалдық қасиет те жоқ олардың бойында. Қазіргі ақсақал болып жүргендер – бұрынғы өмірін жасырып, Кеңес одағына қызмет еткенін мақтанышпен айтып, жастардың алдында көпті көргендей кісімсіп жүргендер. 
Қазіргі академиктердің 90 пайызының балалары қазақша білмейді. Білгісі де келмейді. Тіпті өзінің тілін білмейтінінен намыстанбайды. Жалпы, бізде ұлтшылдық бар, намыс жоқ. Ұлтшылдар көп: анау да, мынау да ұлтшыл. Бірақ бәрінің қасіреті біреу, яғни намыссыз. Намыс деген – тілің, Отаның, дінің. Намыс – ұлтың үшін тұру, жан беру. 
- Сіз айтқан ауылдағы бұрынғы қазақтар бір-бірін алдау түгілі, бір-біріне өтірік айтпаушы еді. Қазір қазақты қазақ орға жығып, алдап-арбап, тонап, сабап, атып кете береді. Тіпті әлеуметтік желіде елге белгілі адамдар бір-бірінің бетін аймандай қылып жатады. Ауыр сөз айту ар болудан қалды. Бұрын ұят болады деген сөзден артық тыйым жоқ еді. Қазір ұятты айтудың өзі ұят. Қазақ табиғатының осыншалық қатаюына не себеп?
- Қазіргі қазақтың қолында аз болсын, көп болсын ақша бар. Тоқсаныншы жылдары халық тақыр кедей болды. Кедейдің несін тонайды? Бүгінгі қазақтар - 
кешегі сол тақыр кедейден шыққандар. Кедейдің ұрпағы ақшаны орнымен жұмсауды да білмейді. Бес тиынның буына семіріп жүрген жігіттер бар. Қазір сіз бай деп жүрген жігітіңізді һакім Абай: «Пейілі кедей байсыңдар» деген. Абай өз заманындағыны айтса да, ол  бүгінгі байларға тура қатысты.  Қазіргі байлардың қалтасы қалың, бірақ пейілі кедей. Абайдың заманындағы байлар елді ойлайтын еді. Қазіргілер бірге туған бауырын ойламайды. Пейілі тар. Ол қайдан шықты? Кеше оның атасы, әкесі кедей болды. Тегі жарымаған адам бай болып қарық қылмайды. Кедейден шыққан қарасирақ адам байлықты түсінбейді, бәрін менікі деп біледі.  
 Абай айтты: 
«Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?». Ал бүгінгі байлар байлықты «менікі» деп ойлайды. Бұл - бейшаралық. Біздегі байлар мен билікте отырғандар - кісімсінгендер. Түркияға жиі барып тұрамын. Ердоғанмен, әкім, министрлерінің бәрімен жолықтым. Түріктер - тегі жарығандар. Анау билікті малданып, байлыққа семіріп тұрған олар жоқ. Бәрі қарапайым. Ал бізде ше? Мен өзім белгілі адаммын. Солай бола тұра, өзім тұратын ауданның әкіміне де кіре алмаймын. Министр түгілі, олардың орынбасарларына да кіре алмайсың. Ал байлармен ешбір байланысым жоқ. Өйткені оларға менің қажетім шамалы. Жақында бір кітапханада болдым. Кітапхананың басшысы шыр-шыр етеді. Сөйтсем, кітапханаға  бір байдың баласы келген екен. Оған артық сөз айтпауымыз керек екен, бәріміз соған қызмет етуіміз керек сияқты. Байдың өзі емес, баласы! Міне, құлдық сана. Ал түріктер ешкімге құл болған жоқ. Біз екі ғасыр құлдың қамытын киіп жүрдік. Құлдан бай шықпайды. «Шұлғауың шығып тұр» дейтін сөзім бар. Кейбір тәп-тәуір жігіттер әп-әдемі сөйлеп тұрып, арғы тегін – сіңірі шыққан кедейлігін көрсетіп алады. Оларды «Қап, шұлғауын көрсетіп алды-ау!» деймін. Жалпы, қазақ халқы - текті, бекзат. Ұлан-ғайыр жерге қожа болған халықпыз... 
Кедей демекші, біздің профессорлар - ең кедей қауым. Кедей ұстаздан білім алған шәкірт те кедей болады. Қандай жағдай болса да, ғылымнан ақша аямауымыз керек. Ғылымға қаржы бөлінбей, мемлекет мешеу күйінде қала береді. Мен осыдан 2 жыл бұрын профессор болған кезде 160 мың теңге айлық алатынмын. Мұндай айлықпен қалай кітап сатып аламыз, іссапарға қалай шығамыз? Шетелде мен сияқты профессордың айлық жалақысы  10-15 мың доллар шамасында. Арасы – жер мен көктей. Осыдан кейін ғылым емес, қоғам қалай оңсын? Профессорлары кедей елде миллиондаған олигарх болсын, ол - кедей қоғам,  келешегі күңгірт қоғам. Біз ғылым мен білім саласындағы адамдарды кеудесінен итеріп тастадық.                     
- Қазір алаяқтықпен айналысатындардың көбі – әйелдер. «Қаржы пирамидасында» да қыз-келіншектер көп. Тіпті олар оқымағандар да емес, көбі мұғалім, дәрігер. Қазақтың әйелі алаяқ, жеңіл ақшаға үйір емес еді. Әйел табиғаты неге бұзылды?
- Бұл пікіріңізбен мүлдем келіспеймін. Әйел табиғаты бұзылған жоқ. Біз әйелдер қауымының өмір сүру кеңістігін тарылтып тастадық. Осыдан кейін, бойында күш-қуаты қайнап тұрған әйелдер әртүрлі жағдайға ұрынады. Яғни қоғам әйелдердің мәселесін дұрыс шешетін болса, нәзік жандылардың табиғаты қатайып, алаяқтар, ұры-қарылар шықпас еді. Көпбалалы әйел: «Мен көпбалалы анамын» деп көшеге шығып, үкіметтен көмек сұрайтын күйге түсті. Бұл қалай? Қазақтың санын көбейтіп отырған ондай аналарға қол жайдырғанша, үйіне барып көмектеспей ме? Керісінше, бізде көшеге шықтың деп қамап тастаймыз. Әйелдің қамын неге шешпейміз? Не үшін әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істейді? Үйдегі бала тәрбиесі, оттың басы, ошақтың қамы қайда? Шетелдерді көп араладым. Оларда  жағдай мүлде басқаша. Бізде мемлекет те, қоғам да кінәлі. Содан кейін келіп алып «Әйел алаяқ, әйел ұры» дейміз. Әйел затына ондай кінә артудан аулақ болуымыз керек! Әйел атына сын айтудан абай болыңыздар! Кінә әйелдерде емес, кінә еркектерде! Біз соған жеткіздік. Қазіргі кезде екінші, үшінші әйелдің, одан туған балалардың құқықтық мәселесі пайда болды, оны да заңмен реттеген жоқпыз. Бұл да - қоғамның жан жарасы.    
- Осының бәрі құндылықтың ақшаға айналуынан сияқты. Бұрынғылар «Малым – жанымның садақасы,  жаным  –  арымның садақасы» деуші еді. Қазір мүлде керісінше. Неге ақша, дүние-мүлік бірінші орынға шықты? 
- Бұл дұрыс нәрсе. Ақшаның  құндылыққа айналғаны дұрыс. Ақшасыз, сіз аттап баса алмайсыз. Дұрыс тамақ, жақсы киім сатып ала алмайсыз. Ақша болмаса, өмір сүре алмайсыз. Ақша болу керек! Шетелде «Еңбек етіңіз. Ақша сұраудан ұялмаңыз» деген ұғым бар. Бізде еңбек етеміз, ақша сұрамаймыз. Мысалы, дәл қазір мен сізге сұхбат беріп отырмын. Бір тиын төлемейсіз. Бұл - сіз және сіздің газет мені «қанап» отырсыздар деген сөз. Менің ойымды, сөзімді пайдаланасыз. Бірақ ақысын төлемейсіз. Осы сұхбатқа кеткен уақытымды кім өтейді? Ақша сұрасам, сонда мен тиын қуған адам боламын ба? Бұл дұрыс емес. Бізге осы психологиядан арылу керек. Кеңес одағының кезінде сұхбат берушіге, адам ойына ақы төленетін. Қазір ондай жоқ. «Егемен Қазақстан», «Казправдаға» көлдей-көлдей мақалаларым шығады. Болмашы қаламақы берген болады. Ақша табу, ақшаны қажетіңізге жарату деген дұрыс. Одан адам дүниеқоңыз болмайды. 
Шағын және орта бизнес деп жүрміз. Бізде орта бизнес жоқтың қасы. Ал шағын бизнес деп жүргеніміздің дені микробизнес екен. Ол - бес-алты адам ғана жұмыс атқаратын орталық. Алаулатып-жалаулатып жатқан құрғақ сөз көп. Бірақ шағын бизнеске жасалып жатқан жағдай жоқ. Өтірік есеп, бос сөз. Дәл қазір қазаққа ақша керек. Неге біздің қазақ шетелге қыдырмауы керек? Неге жақсы үйде тұрып, жақсы өмір сүрмеуі керек? Неге қазақ пәтерден пәтерге көшіп, біреудің қоқысын тазалауы керек? Осы қазақты неге тұқырта береміз? Ақша тапса да, тиын тапса да сынаймыз. Бұл қандай психология? 
Қазақ кедей. Оны осы індет кезінде анық көрдік. Халық аш қалды. Айдың-күннің аманында қарынның қамын күйттеп кеттік. Қалай күн көріп жатқанымызға таңқаламын? Сондықтан әр қазақ бай болуы керек. Бай болуға тиіс. Ақша табу ешқандай қазақылыққа кереғар қылық емес.         
- Ғарифолла аға, сол ақша үшін шетелден «жұмақ» іздеп, жатжұртты жарнамалайтындар көбейіп кетті. Отаншылдық мінез, мемлекетшілдік қасиет қайда қалды? Жастардың бойынан ондай мінез табыла бермейді. Шетелді насихаттау қолмен жасалып жатқан мысықтілеулердің саясаты емес пе?
- Біріншіден, ұлтшыл жастар ешқашан шетелге қашпайды. Елінің жағдайы қандай қиын болса да, ауыртпалықтың бәрін өз  халқымен бірге көреді. Ауырына да, жеңіліне де шыдайды. Екіншіден, шетелге кетіп жатқандар – маргиналдар. Маргинал жастарға қай жерде нан, қайда ақша бар, қай елде жақсы тұрмыс бар, олар солай бейімделіп кете береді. Ондайлар кетсін! Олардан бізге түк пайда жоқ. Мен ондайларға айтамын: «Кетсеңдер, келмеңдер! Енді бізге қажеттерің жоқ». 
Бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Үкімет жастарға жұмыс тауып беріп, жағдайын жасауға міндетті. Осы түйін шешілмегеннен кейін әлгіндей шикібастар шетел  асуда. Оны азғырушы-айдаушылар көп. Мейлі, қалай ақтасаңыз да, қалай қарасаңыз да, бұл қазақы мінез емес. Жатжұртқа жалданып кету қазақы қасиетке жатпайды.  
- Мәселенің екінші жағы дедіңіз. Шетелде оқыған, сол жақта тәжірибе жинаған, өз саласының мықты мамандары баршылық. Бұл жақтан дұрыс жұмыс таппай, алған білімін пайдалана алмай, қайтадан шетелге кетіп жатқандарды қалай кінәлайсыз?
- Сіз маған «Үкімет не істеп отыр?» деп сұрақ қойыңыз... Үкімет, толып жатқан министрліктер, комитеттер, сайлау кезінде «тірілетін» көп партиялар не істеп отыр? Елдің қамын ойлайтын ақсақалдар не істеп отыр? Әкімдер ше? Бұл елдігімізге сын.       
- Кейбіреулер «Қазақты құртқан діни ағымдар» дейді. Ағым-ағымға бөлініп қырылысып жүргеніміз өзіміздің «үй ішінен үй тігіп» жүрген дінбұзарлардың ісі емес пе? Қазаққа қатерлі діни ағым мен топтарды атап айтып беріңізші.
- Діни ағымдар қазақтықты бұзуға, асыл дінімізді бөлуге кірген. О баста-ақ мен олардың пиғылын айтып, жазып, біразымен соттасқанмын. Сондықтан, олардың атын атап, түсін түстемеймін. Өздері біледі. Олардың мақсаты – 
елдігімізге іріткі салу, азаматтарымызды һақ дініміздің тура жолынан адастыру. Бірақ бүгінде, иншалла, мұсылманшылығымыз күшейіп, ислам дініміз  нығаюда.  Шетелге кеткен жастардан да қауіпті топ бар. Олар – басқа дінге өтіп жатқандар. Желігі басылмаған жастар емес, ақыл тоқтатқан азаматтар. Солар қауіпті. Олардың ұрпағы мұсылман түгілі, қазақ болмайды. 
Тіл мен жер, ел тұтастығы болмаса, Тәуелсіздігімізден қадір 
қашпай ма? Тәуелсіздікті түсін-бегендер ғой шетелге кетіп, басқа дінге өтіп жатқандар. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің тамырына балта шабудан абай болайық! Тәуелсіздіктің құндылығын түсінбейтіндердің үйінде мұндай әңгіме айтылмауы мүмкін. Тәуелсіздікті сақтадың ба, онда қазақсың. Одан айырылдың ба, онда ешкім емессің.      
- Жазушы Тұрсынжан Шапай осыдан он шақты жылдың алдында «Қазақтың жаны» деген кітап жазды. Сіздің ойыңызша, бүгінгі «Қазақтың жаны» не?  
- Тұрсынжан Шапайдың жақсы азамат, жақсы жазушы екенін білемін. Тұрсынжан «Қазақтың жанын» жазса, жаны ашығаннан жазды. Қазақтың жаны – діні, тілі, Отаны. Осы үш ұғымның төңірегіне қазақтың жаны топтасқан. Қазақ болу осыдан шығады. Осы үш қасиеттің бірі  жоғалса, онда қазақ емессің. Барды бағалағаннан артық байлық жоқ! 
- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - 
Жарас КЕМЕЛЖАН.  


Количество показов: 91

Возврат к списку