Қазіргі таңда Қазақстан аумағында сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің саны күрт азайып келеді. Табиғатты қорғауға бағытталған кешенді шараларға қарамастан, кейбір түрлер жойылу қаупінің алдында тұр. Осы мәселе Павлодар облысының табиғи байлығын сақтауға арналған жаңа жобаның өзектілігін айқындайды.
Аталған ғылыми-зерттеу жұмысында Павлодар облысының Қызыл кітапқа енген жануарлары мен өсімдіктері зерттеліп, оларды қорғаудың тиімді жолдары қарастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау идеясын кеңінен насихаттау. Осы мақсатта заманауи 3D технологиялар қолданылып, арнайы қорғалатын табиғи аймақ – 3D саябақтың карта-макеті жасалды.
Зерттеу барысында облыс аумағында сирек кездесетін және жойылу қаупі бар флора мен фауна нысандары анықталды. Әрбір жануар мен өсімдікке 3D модель жасалып, қысқаша сипаттама, қорғау дәрежесі және танымдық мәліметтер ұсынылды. Дайын макет цифрлық форматта әзірленіп, оқу үдерісінде, көрмелер мен экологиялық іс-шараларда қолдануға ыңғайлы етіп жасалды.
Сонымен қатар, жоба аясында «Павлодар облысының Қызыл кітабы» атты арнайы кітапша құрастырылды. Кітапшада өңірге тән сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер туралы мәліметтер жинақталып, QR-кодтар арқылы қосымша ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жаңашыл тәсіл жастардың қызығушылығын арттырып, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға жол ашады.
Жоба авторларының айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді. 3D саябақ үлгісі табиғатты қорғау идеяларын көрнекі түрде жеткізудің тиімді құралы бола алады.
Зерттеу жұмысы аясында Павлодар облысының табиғаты зерттеліп, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу жүргізілді. Соның нәтижесінде арнайы қорғалатын саябақтың макет үлгісі жасалып, өңірдің сирек кездесетін флорасы мен фаунасы бір жүйеге келтірілді.
Бұл жоба – табиғи байлықты сақтау мәселесіне қоғам назарын аударып, келешек ұрпаққа экологиялық жауапкершіліктің маңызын түсіндіруге бағытталған маңызды қадам.
Санжар ӘМІРЕНОВ, Айсұлтан НҰҒЫМАН, №35 орта мектептің 2, 4-сынып оқушылары, Павлодар қаласы.
