Көктемде құбылған күн

Нау 12, 2026

Аймағымызда көктемнің келген алғашқы мерекесінен кейін табиғат тосын мінез танытты. Ақ түтек боранның соңы дүлей дауылға ұласып, салдарынан жол бойында көлік кептелісі орын алып, жолаушылар далада қалды. Республикалық және облыстық маңызға ие жолдар барлық бағыт бойынша жабылды. Ауа райының күрт құбылуынан жарықсыз қалған ауылдар бар. Жазатайым оқиғалар да тіркелді. Келтірілген шығындарды есептеу бойынша департамент жанынан арнайы штаб жұмыс істеуде.

Жол апаты орын алды

10 наурыз күні Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ауа райының нашарлауына байланысты республикалық және облыстық маңызға ие жолдарда 24 бақылау бекеті орнатылды. Аталған орынға полиция, құтқарушылар және атқарушы орган қызметкерлері жұмылды-рылды. Жолда қалған жолаушылар үшін сыйымдылығы 20 мыңнан асатын 188 жылыту пункті, жалпы саны 4302 төсек-орын әзірленді. Табиғаттың тосын мінезіне байланысты синоптиктер дауылды ескертулерді үздіксіз таратты.

Қар, ақтүтек боран мен қатты желдің салдарынан аймақта оқыс жағдайлар орын алды. 103 қызметі шақыртуларға жедел шығып, қажетті медициналық көмекті көрсетті. Сейсенбі күні жедел жәрдем мамандары 4 жол-көлік оқиғасы мен бір жазатайым жағдай бойынша шақыртуға шықты. Мәселен, Ақсу қаласы маңындағы жаңа көпірде 5 көлік соқтығысты. Жол апаты орын алған жерде 3 жедел жәрдем бригадасы мен апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді. Зардап шеккен 1969 және 1981 жылғы ер адамдар тексерілуден бас тартты, 1985 жылғы зардап шегуші дене жарақатымен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Аталған емдеу мекемесіне Шарбақты көпіріндегі апат кезінде басынан жарақат алған 40 жастағы ер адам жатқызылды. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Қамзин көшесінде тіркелген тағы бір жол апатынан 4 адам зардап шекті. 1987 жылы туған әйел адам Павлодар қалалық №1 ауруханаға жатқызылды. Ал 2007 жылғы ұл бала мен 2019 және 2023 жылы туған қыздар ауруханаға жатудан бас тартты. Дүлей дауыл күні жазатайым жағдай да орын алды. Ак. Шөкин көшесінде 37 жастағы ер адамды постамат басып қалған. Зардап шегуші қалалық №1 аурухананың травматологиялық бөлімшесіне жеткізілді.

Дәл сол күні Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағында №1 балқыту цехында қатты желдің салдарынан №15 пештің түтін мұржасының бір бөлігі құлап түсті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты кәсіпорында жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.

Жолаушыларды үйге жеткізді

Қолайсыз ауа райы кезінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де күшейтілген тәртіпте жолда қалған жолаушыларға қызмет көрсетті. Аймақта жалпы саны 2600-ден астам көлік полицияның көмегімен қатынады.

— Жолда жиналған автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция бөлімшелері көлік колонналарын ұйымдастырып, жол бағытын бірге жалғастырды. Колоннаға сапқа тұрғызу кезінде қызметкерлер жүргізушілерге ұйымдасқан топпен қозғалу тәртібін, белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажеттігін түсіндірді. Полиция қызметкерлері төмен температура, қар мен боран жағдайында тәулік бойы қызмет атқарып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеді. Жолда қалған азаматтарды полиция қызметкерлері үйлеріне дейін жеткізді,- деп хабарлады облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.

Жедел арнаға патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген 30-ға жуық қоңырау түсті.

Қатты боранда жолда түк көрінбеудің салдарынан далада қалған жолаушыларға құтқарушылар да көмек көрсетті. Мәселен, Май аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Көктөбе ауылынан 15 шақырым жерде жол шетіне шығып қалған жүргізушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, Курчатовтан келе жатқан Павлодардың екі тұрғынын эвакуациялап, қауіпсіз жерге жеткізді. Сол күні Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары жолаушылары бар көлікті қар құрсауынан шығарды. Жеті адам, оның ішінде екі баланы эвакуациялап, үйіне жеткізді. Мамандар Атамекен-Ертіс-Русская поляна автожолындағы жүргізушілерге де көмек көрсетті. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында жолдың шетіне шығып кеткен «Chevrolet Еpica» маркалы автокөлікті қар құрсауынан алып шықты. Бір жолаушы Атамекен кентіндегі жылыту пунктіне жеткізілді. Сонымен қатар, құтқарушылар Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына бағыт алған 10 көліктегі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бірге жүрді.

Өкінішке қарай, қайғылы жағдай да тіркелді. 11 наурыз күні іздеу жұмыстары кезінде Баянауыл ауданы Майкөбе ауылы маңында 1980 жылғы ер адамның денесі табылды. Ол 10 наурызда түскі уақытта мал қарауға аттанған.

Жарықсыз қалды

10 наурызда соққан дүлей дауыл Баянауыл ауданын жарықтан ажыратып тастады. Аудан бойынша тек Майқайың кентінде электр жарығы болды.

— Аудан бойынша ат құлағы көрінбейтін боран соғып тұр. Сондықтан энергетикалық мекеменің қызметкерлерін зақымданған жерлерді іздеп, қалпына келтіру жұмыстарына әзірше жібермей отырмыз. Ең бастысы — адамдардың өмірі сақталуы керек. Ауа райы дұрысталған соң жөндеу бригадасы ақауды іздеуге аттанады. Болжам бойынша Майқайың — Баянауыл ортасындағы электр желілерінің бірі үзілген, — деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.

11 наурызда Баянауыл ауданында электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, елді мекендерге жарық беріле бастады.

Сәрсенбі күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледждің 1-2-курс студенттері қашықтан білім алу форматына көшірілді. Таңғы сағат 9.00-ден бастап ауа райының жақсаруына байланысты барлық бағыт бойынша жол ашылып, көлік қатынасына рұқсат берілді. Сағат 10.30-да Шідерті кентінен Ақмола облысы шекарасына дейінгі бағыт ауа райына байланысты қайта жабылды.

Синоптиктер осы аптада ауа температурасы одан әрі төмендейді деп болжап отыр. Түнде 25-30 градус аяз болуы мүмкін. Сондай-ақ, қар, кей жерлерде қалың қар, тұман және екпіні 23-28 м/с дейін жел күшейеді деп күтіледі. Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарын дауылды ескертулерді қадағалауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Қажет болған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалуды сұрайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.