Соңғы уақытта елімізде саяси қуғынсүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті орнату, қуғынсүргін құрбандарының барлық санаттарын ақтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғынсүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес мемлекеттік комиссия құрылып, елімізде саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Павлодар облысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысу мақсатында өңірлік комиссия жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Әсел Аманованы әңгімеге тартқан едік.

 

Әсел Серікқызы, алдымен саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының негізгі бағыттарына қысқаша тоқталып өтсеңіз

– Құрамына тарихшы ғалымдар, архивтер мен музей қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және т.б. енген өңірлік комиссия алдымен басты зерттеу бағыттарын айқындады. Олар: халық көтерілістері мен наразылықтары, байлар, кулактар, орта шаруалар мен шаруалар, мәжбүрлі босқындар, күштеп ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси кампаниялардың құрбандары мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобы; әскери тұтқындар мен Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендерді зерттеу жөніндегі жұмыс тобы; жер аударылғандар мен арнайы қоныстанушылар, сондай-ақ ГУЛАГ НКВД лагерлерінде болған қуғын-сүргін құрбандары және қуғын-сүргін құрбаны болған дәстүрлі дін өкілдерімен жұмыс жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобы. Біздің жұмыс тобымыздың зерттеушілері аталған бірінші бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Олар өңірлік комиссия құрылған алғашқы күннен бастап ізденіс пен ғылыми-зерттеу жұмыстарында белсенділік танытып келеді.

– Комиссияның негізгі жұмыс нысандары қандай?

– Зерттеушілер Павлодар облысының мемлекеттік архив қорларындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды, олардың ішінде директивалық хаттар, нұсқаулықтар мен түсіндірмелерді зерттеп-зерделеді. Құжаттардың бір бөлігі ұжымдастыруға қарсылық көрсеткені үшін байлар мен кулактарға ықпал ету және жазалау шаралары, астық дайындау, алым-салық салу, басқа да ақпарат беретін материалдарды қамтиды.

Істерде Кеңес өкіметі органдарының заңсыз әрекеттері, бай-кулактарды айдап көшіру орындары, тәркіленген малдың саны туралы ақпарат бар. Бірақ бұл жағдайда репрессияға ұшыраған адамдардың санаттары бойынша (категория): бай-кулак, орта шаруа немесе шаруа есептеуге қиын. Себебі кейбір құжаттарда санаттары нақты жазылмаған, тек шаруашылығының немесе иелігінің көлемі беріліп, бір-бірлеріне ұқсас сипаттамалар жазылған.

– Тарих    қойнауында    жатқан ақтаңдақтарды ақтаруда кездесетін кедергілер туралы не айтасыз?

– Әрбір жеке жағдайда саяси мотивтің бар немесе жоқтығын нақты анықтау үшін нақты істі зерделеу қажет. Бұл іс жүзінде мүмкін емес. Өйткені жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған бай-кулактардың, орта шаруалардың және шаруалардың жеке істері Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған. Біз нақты істермен емес, тізімдер, есептер, анықтамалар, қорытындылар, ақпарат және т.б. түріндегі құжаттармен айналысуға мәжбүрміз. Сондай-ақ, дайындық науқандары кезінде аймақтағы ашаршылық туралы мәліметтер сақталған, олар аш жүрген және аштықтан қайтыс болғандардың саны туралы ақпарат береді. Сонымен қатар Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде құпия материалдарды зерделеу бойынша жұмыс жүргізілді. Оның қорларында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының ІІХК БМСБ (НКВД ОГПУ) үштігімен сотталған 1937-1938 жж. қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтер сақталған. Осы архив істерінің материалдарын зерделеу барысында қайта қарауға жататын істер анықталып, ақтауға ұсынылды. Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда Өңірлік комиссия ғалымдарының зерттеу тақырыбына қатысты барлық материалдар ҚР Президентінің Архивіне өткізіліп, зерттеушілердің жұмысын біршама қиындатып жіберді.

– Архивте ашаршылық салдарынан босып кеткендер туралы нақты деректер бар ма?

– Иә, құпиясыздандырылған архив құжаттарында босқындар туралы да мәліметтер бар. Құжаттар жергілікті биліктің көші-қонды тоқтатуға, індетпен күресуге, аштыққа ұшырағандарға нақты көмек көрсете алмағанын көрсетеді. Сол кезде аштық пен өлім бар деп ресми түрде айтуға тыйым салынды. Мысалы, архив материалдарына сәйкес 1930-1932 жылдары қазақ халқының көші-қонының екі ірі «толқыны» айқындалды. Көші-қонның «бірінші толқыны» мүлікті сақтау, оларды тәркілеу мен ұжымдастырудан жасыру ниетінен туындаған. Көшіп-қонушылардың «екінші толқыны» аштықтан құтылуға ұмтылған көшпелілерден тұрды. «Бірінші толқын» кезінде өз шаруашылық-тарын тастап, негізінен ауқатты халық көшіп кетті. Олардың көпшілігі «бөгде элемент», «колхоздардан тазартылған» «қанаушылар» ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Нан мен ет дайындау жоспарларын қасақана орындамағаны үшін олардың мүлкі тәркіленді. Босқындардың «екінші толқыны» аштықтан құтылуға ұмтылған көшпелілерден тұрды. Олардың негізгі контингенті кедейлер мен орта шаруалар еді, жеке отбасылар ғана емес, колхоздарға біріккен шаруашылықтар да аштыққа ұшырап босқынға айналды.

– Павлодар өңірінде ашаршылықтан зардап шеккен елді мекендер туралы не айтасыз?

– Павлодар округінде 1930 жылдың жазында Цюрупин, Ертіс, Коряков, Сейтен, Тереңкөл, Баянауыл, Павлодар, Қызылағаш және Максим Горький аудандары ашаршылыққа ұшырады. Нәтижесінде өңір шаруашылықтарының саны азайып кеткен. Қазақ ауылдарының негізгі бөлігі Ертістің сол жағалауында орналасқандықтан, қазақ халқының аштықтан қашу жолы Павлодар станциясы арқылы және одан әрі темір жол арқылы Сібір өлкесінің аудандарына дейін созылды. Құжаттарға сәйкес, біздің өңірімізден көшіп кеткенадамдардың көпшілігі Алтай өлкесінің Славгород, Алей аудандарында шоғырланған.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің архивтік материалдарын зерделеу барысында жер аударылғандардың істері және қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасылары туралы мәліметтер анықталды.

– Жұмыс тобы жүзеге асырған зерттеулерге кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Ағымдағы жылдың наурыз айында зерттеушілер Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізді. Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы – Павлодар Ертіс өңірінің әлеуметтік-саяси және экономикалық тарихы бойынша құжаттары сақталған Қазақстандағы ең көне мемлекеттік архив. Зерттеу кезеңінде, яғни 1920-1930 жж., облысымыздың әкімшілік-аумақтық шекаралары бірнеше рет өзгергенін айта кеткен жөн. 1938 жылы Павлодар облысы құрылғанға дейін қазіргі Павлодар Ертіс өңірінің аумағы Семей облысының құрамында болды. Соның нәтижесінде зерттеу бағыттары бойынша ауқымды деректі материалдар табылып, өңіріміздегі көтерілістер мен наразылықтар туралы құжаттар, мәжбүрлі босқындар мен күштеп ұжымдастыру құрбандары туралы мәліметтер анықталды. Сондай-ақ топ мүшелері Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы материалдармен жұмыс жасады. Жаппай ашаршылық құрбандарын жерлеу орындарын интерактивті картаға енгізу үшін осы қордан Павлодар облысы аумағындағы ескі зираттардың фотосуреттері алынды.

– Зерттеу жұмыстары аясында аудандарға экспедициялар ұйымдастырылды ма?

– Әрине. Барлық топтардың зерттеушілері облыс аудандары, Екібастұз бен Ақсу қалаларына ұйымдастырылған зерттеу экспедициялары барысында аудандық архив материалдарын қарастырып, орталық органдардың қаулыларының, өкімдерінің жергілікті деңгейде орындалуын сипаттайтын құжат-тарды анықтады. Экспедициялар нәтижесінде саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарының жерленген орындары анықталып, жергілікті ақсақалдар зиратта орындарын көрсетті. Осының негізінде «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жерленген жерлерінің интерактивті картасы» сайты жасалды. Картаның ғылыми негізін архив материалдары, ғылыми басылымдар, Д.Багаевтың фотосуреттері, куәгерлердің есте-ліктері және өлкетанушылармен сұхбаттар құрайды. Картада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының жерленген жерлері, оның жанында орналасқан елді мекен туралы географиялық, тарихи және экономикалық мәліметтер көрсетілген. Сайт репрессиялық саясаттың негізгі кезеңдері және оның салдары туралы ақпараттық материалдармен толықтырылды.

– Атқарылған жұмыс нәтижесін жинақтау бағы-тында қандай жобалар қолға алынды?

– Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, өлкетанушылар мен аға буын өкілдері арасында сұхбат жүргізіліп, әңгімелері жазылып алынды. Осының негізінде естеліктер жинағын шығару мақсатында жергілікті ақсақалдар берген мәліметтер мен фактілер мәтіндік құжатқа аударылды. Ауызша материалдары облыстық архив пен музей қорларында сақтаулы естеліктермен толықтырылды. Бұл естеліктерді өлкетанушылар, архив пен музей қызметкерлері 1990-шы жылдары, яғни «жариялылық» деп аталатын кезеңде жазып алған. Естеліктер жинағын шығару биылға жоспарланған. Сондай-ақ жұмыс тобы мүшелерінің екі жылдық ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері «Насильственные политические кампании советской власти в отношении крестьянства в Павлодарском Прииртышье. 1920-1930-е гг.» және «Политические репрессии в Павлодарском регионе: трагедия народа» тақырыбында архив құжаттары мен материалдар жинақтары түрінде жарық көрді.

– Осы жинақтар мен алда шығарылатын еңбектердің берері не деп ойлайсыз?

– Құрастырушылар әкімшілік-бұйрық сипатындағы құжаттармен қатар нақты жағдайларды ашатын, адамдар тағдырын баяндайтын, сонымен бірге сол кездегі тарихи процестерді көрсететін құжаттарды ұсынуға тырысты. Біздің ойымызша, бұл тарихтың сол кезеңі туралы білімді байытуға, қайғылы траге-дияның ауқымын жақсырақ түсінуге және сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жинақтарда бұрын жарияланбаған латын және араб графикасында жазылған қазақ тіліндегі құжаттар кириллицада беріледі. Биылғы жылы да жалпы әкімшілік сипаттағы құжаттарға емес, 1920-1930 жж. қуғын-сүргін құрбандары туралы жеке мәліметтерге баса назар аударылатын құжаттар мен материалдар жинағын шығару жоспарланған.

– Зерттеу жұмыстарын жүргізуге жастар да үлес қосып жатқан көрінеді…

– Иә, Өңірлік комиссия жұмысы басталғалы Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері архивтік құжаттарды зерделеуге волонтер ретінде тартылды. Қуғын-сүргін жылдарындағы құрбандар мен құрбандарды анықтау бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмысына қатысты ғылыми жұмыстардың тақырыптары бекітіліп, негізгі сұрақтары аудан тұрғындарынан сауалнама жүргізуге ұсынылды. Университеттің 20-дан астам сту-денті Павлодар облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істеуге рұқсат алды.

– Елеулі еңбектеріңіздің нәтижесі қалай бағалануда?

– Жұмыс тобының мүшелері саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның негізгі міндет-терін ашатын ғылыми мақалалар жариялап, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсенді түрде қатысады. Топ мүшелері облыстық ақтау комиссиясының қызметін баяндап, жергілікті БАҚ арқылы өз жұмыстарын көрсетіп келеді. Сонымен қатар зерттеушілер республикалық дөңгелек үстелдер мен семинарлар жұмысында баяндамалар жасап, оның барысында басқа аймақтық топтардағы әріптестерімен бірқатар мәселелерді талқылай отырып, өздерінің зерттеу әдістерін ұсынды. Атқарылған жұмыстар мен зерттеу әдістерімізге Республикалық комиссия басшылары да, жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелері де оң баға берді.

Сұхбаттасқан –
Торғын ОРАЗАЛЫ.