Железин ауданына қарасты Моисеевка ауылы әлеуметтік нысандардан жұрдай. Елді мекенде балабақша да, мәдениет үйі де, тіпті, әкімдік те жоқ. Ал 9 жылдық негізгі білім беру мектебінің апаттық жағдайдағы ахуалы жайлы бұған дейін газетімізде жазған болатынбыз. Жалпы, алақандай ауыл тұрғындарын толғандырған мәселе аз емес. Солардың бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік.

Балабақша қажет!

Ауылда балабақша атымен жоқ. Тым болмаса, шағын орталық та ашылмаған. Соның салдарынан мұндағы аналар ел қатарлы жұмысқа шыға алмай, үйінде баласына қарап байланып отырғанын айтады. Солардың бірі, ауыл тұрғыны Тәнзила Уәлитова:

– Менің үш балам бар. Үлкен екеуі мектепте оқиды, ал кенжесі үйде. Сол баланың тәрбиесімен айналысып, жұмысқа кіре алмай отырмын. Ауылымызда балабақша болса, кішкентайларды сонда беріп тастап, алаңсыз еңбек ете беруші едік, – дейді. Ал Моисеевка ауылында 25 жыл бойы тұрып келе жатқан Дәметкен Болатова осы уақытқа дейін елді мекенде мектепке дейінгі мекеменің болмауы қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі заманда ата-аналар үшін оңайға соқпағанын алға тартады.

– Ауылымыз көркейіп келеді. Жас отбасылардың қатары артуда. Демек, бала саны да өсіп келеді деген сөз. Бүгінгі күннің өзінде көптеген ана жұмыссыз үйде отыр. Себебі, кішкентай балаларына қарайтын адам жоқ. Балабақша мәселесі шешілсе, жақсы болар еді. Шыны керек, дүниенің бәрі күн сайын қымбаттауда. Осындай құбылмалы заманда ерлі-зайыпты екі адам қатар жұмыс істемесе, жақсы да жайлы өмір сүру қиын болып кетті, – дейді ол. Железин аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша, бүгінде Моисеевка ауылында мектеп жасына дейінгі 25 балғын бар.

– Өкінішке қарай, бұл елді мекенде балабақша болма-ғандықтан, балалар шарасыздан үйде отыр. Ауылдағы 9 жылдық мектептің жанынан шағын орталық ашуға мүлдем мүмкіндік болмай тұр. Өйткені, білім ордасының ғимараты өте тар әрі ескі. Мектепке дейінгі мекеме ашатындай бос орын да жоқ. Тіпті, мұнда спорт және мәжіліс залдары болмағандықтан, дене шынықтыру сабағы да, мерекелік іс-шаралар да қуықтай дәлізде өтеді. Оның үстіне, мектепке көп жылдар бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, апаттық жағдайда деп танылды, – дейді Моисеевка негізгі білім беру мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Жағыпарова. Сонымен, ауыл тұрғындарын ұзақ жылдар бойы толғандырып келген аталмыш мәселе бүгін-ертең оң шешімін таба ма? Осы сұраққа жауап берген аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Қапаров:

– Бұған дейін жария болғандай, Моисеевка ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы жаңа оқу жылында бұл нысанның тұсауы кесіледі деп күтілуде. Осы мектептің жанынан шағын орталық ашылып, балғындар игілігіне беріледі деген жоспарымыз бар. Әрине, балабақша мәселесі 20 жылдан астам уақыт бойы көтеріліп келеді. Өте орынды. Енді көп ұзамай ата-аналардың тілегі орындалатын болады. Біріншіден, балғындар мектепалды біліммен қамтылады. Екіншіден, аналар қауымының қолы босап, еңбекке араласады. Үшіншіден, ауылымызда бос жұмыс орындары ашылады, – дейді ол. Осылайша, Моисеевка ауылы аудан орталығына тиіп тұрса да, елімізде 10 жыл бойы жүзеге асқан мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының жемісін көре алмай, шет қалып қойған. Бірақ көп кешікпей 293 тұрғыны бар
елді мекен балғындары бала-бақша табалдырығын аттайтын болады деп жоспарлануда екен. Лайым, солай болғай!

Мәдениет үйі жоқ

Ауыл тұрғындарын толған-дырған мәселенің бірі – мәдениет үйінің жоқтығы. Сол себепті мұндағы мерекелік іс-шаралардың барлығы бір қабатты шағын мектептің тап-тар дәлізінде өтіп келеді. Бұл жағдай елді мекен тұрғындарының еңсесін түсіруде.

– Ауылымызда осыдан шамамен 20 жылдан астам уақыт бұрын жап-жақсы мәдениет үйі болған. Кейін оның есігіне қара құлып салынды. Сөйтіп, әйнектері сынды, шатыры бүлінді. Есігі сол күйі ашылмады. Естуімізше, қазір бұл ғимарат біреудің жеке меншігіне өтіп кеткен екен. Әрине, өкінішті. Ауыл тұрғындары үшін мәдениет үйі ауадай қажет. Бұрын мұнда қызықты би кештері, мереке кездерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұратын еді. Қазір сол күндер көз алдымызда «естен кетпес естелік» ретінде ғана сақталып қалды, – дейді ауыл тұрғыны әрі Моисеевка негізгі білім беру мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Людмила Притыко. Ал осы ауылға келін болып түскеніне 10 жылға жуық уақыт болған Айнұр Рамазанова жастар үшін мәдениет үйінің маңызы зор екенін айтады.

– Ауылымызда өрімдей ұл-қыздар өсіп келеді. Қыз-жігіттер де баршылық. Олардың бос уақыттарын қызықты әрі тиімді өткізуі үшін мәдениет үйі керек. Онда түрлі концерттермен қатар, қызықты үйірмелер ашылса, керемет болар еді. Үлкендер жағы «ауылда жастар тұрғысы келмейді, қалаға қашады» деп реніш білдіріп жатады. Сол үшін жастарға жағдай жасалуы тиіс. Елді мекенде ел қызығатындай ештеңе жоқ. Әрине, мұндай жерге жастардың тұрақтауы кәдік, – дейді ол. Моисеевка ауылында мәдениет үйін ашу – барлық тұрғынның тілегі. Өкінішке қарай, бүгін-ертең бұл елді мекенде мәдениет ошағын салу ойда жоқ дейді, осы салаға жауапты жандар.

– Шыны керек, әзірге Моисеевкаға мәдениет үйін салу немесе ашу жоспарда жоқ. Себебі, бүгінгі күнге дейін ешқандай жобалық-сметалық құжаттама да жасалмаған. Ауыл тұрғындары мемлекеттік мерекелер мен басқа да үлкен іс-шараларды атап өту үшін аудан орталығына келіп жатады. Жалпы, Железин өңірі бойынша халық саны көп, яғни үлкен ауылдардың барлығында мәдениет үйі бар, – дейді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышева. Сонымен, 300-ге тарта тұрғыны бар елді мекен үшін мәде-ниет үйін салу мәселесі «қол жетпес арманға» айналып отыр.  Айта кетерлігі, бұл ауылда дәрігер де жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар жанына дауа іздегенде аудан орталығына сабылатынын айтып қынжылады. Біраз жыл бұрын мұнда шағын медициналық пункт ашылғанымен, кейін ол кадрсыз қаңырап бос қалған. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік нысандардан жұрдай ауылға білікті дәрігер түгілі, жас мамандар да жоламайтынын алға тартады. Ой саларлық жағдай!

Нұржайна ШОДЫР.