Қазақ баспасөзінің бір байрағы

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәдидің жетістігі
27.11.2021

Аламанда ойы ұшқырлар табысады
27.11.2021

Үлгілі «Баян сұлу»
27.11.2021

Әйелдің бақыты – отбасында
27.11.2021

Қауіпсіздікке кім жауапты?
27.11.2021

Миллиард теңге «желге ұшты» ма?
27.11.2021

Дені - Павлодар қаласында
27.11.2021

Бүгінгі жетістік – ертеңге бағдар
27.11.2021

Сарыарқа самалы, 27 қараша, сенбі
27.11.2021

Астық өткізудің артықшылығы неде?
25.11.2021

Ревакциналау басталды
25.11.2021

Жер берілуі мүмкін
25.11.2021

Ақылы жүйеге қосылды
25.11.2021

Ғажайып өнер әлемі
25.11.2021

Ұлттық мұраның ұлықтаушысы
25.11.2021

Елдіктің жеті тұғыры
25.11.2021

Әрбір өзгеріс – игілік жолына
25.11.2021

Үздіктер озған аламан
25.11.2021

Көлік картасы тиімді бола ма?
25.11.2021

«Ұлтқа қызмет етуден артық бақыт жоқ»
25.11.2021

«Достық» шаттық сыйлайды!
25.11.2021

Сарыарқа самалы, 25 қараша, бейсенбі
25.11.2021

Құпияға толы қорғандар
23.11.2021

«Барокко болмыс»
23.11.2021

Ғалымның есімі – кабинетте
23.11.2021

«Pfizer» екпесін салдырды
23.11.2021

Бала тәрбиесі отбасынан басталады
23.11.2021

Несиені оңды-солды таратуға болмайды
23.11.2021

Өңір тұрғындарының әл-ауқаты - басты назарда
23.11.2021

Жаңа жүйе жетістікке жетелейді
23.11.2021

Сарыарқа самалы, 23 қараша, сейсенбі
23.11.2021

Сарыарқа самалы, 20 қараша, сенбі
22.11.2021

Чемпиондар ауылдан шығады
20.11.2021

Сабақтар қандай жағдайда тоқтайды?
20.11.2021

Орталық мешіттің оң жобалары
20.11.2021

«Елбасымен кездесу өмірімді күрт өзгертті...»
20.11.2021

«Тәуелсіз Қазақстанның кітаптары»
20.11.2021

«Адам жанымен сұлу...»
20.11.2021

Кіл жүйрікте кім жүйрік?
20.11.2021

Толайым табыстар жылы
20.11.2021

Сынақтан сәтті өтті
20.11.2021

Фронт-кеңсе ашылды
20.11.2021

Жанкүйерлер сенімі – «Ақсуда»
20.11.2021

Қазақстандық оқушылар тағы да «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасында бақ сынайды.
18.11.2021

Көмір химиясы: өңдеудің болашағы қандай?
18.11.2021

«30 жұлдызды күн»
18.11.2021

Құрсақтағы сәбиді қорғайды
18.11.2021

Борышкерлерді баспанасынан айырмаудың жолы қандай?
18.11.2021

Ауылдың тұрмысы жақсарды
18.11.2021

«Газет уақытылы жетуі тиіс!»
18.11.2021

Үздік 30 ауылдың қатарында
18.11.2021

«Күй керуені»
18.11.2021

Шыққан шыңы биік еді
18.11.2021

Шаруаның игі ісі – елдің ырысы
18.11.2021

Балаларды егудің тәртібі қандай?
18.11.2021

Жол картасын құру қажет
18.11.2021

«Worldskills» - жас мамандар сыны
18.11.2021

Сарыарқа самалы, 18 қараша, сейсенбі
18.11.2021

Қазақ оқырмандары көбейді
16.11.2021

Саз бен сөз үйлескен кеш
16.11.2021

Қазақ баспасөзінің бір байрағы 21.10.2021

Қазақ баспасөзінің бір байрағы

«Сарыарқа самалы» газетінің негізін салушы Бейсембай Кенжебайұлы өмірінен сыр


«Сарыарқа самалы» газетінің негізін 1929 жылы баспахана қорғасынынан бастап, бар құрал-жабдығын Қызылорда, қала берді Алматыдан алдырып, қолдан құйып жүріп қалыптастырған, өңірдегі ернінің ебі, қаламының желі бар жастарды жиып, (Баймолдин, т.б.) газетті гүлдендіріп, ұлттық рухта  шығарған Бейсембай Кенжебайұлы кім? деген сұрақты амалсыз ортаға тастап, кеңестік идеология сындырамын дегенде сынбай қалған қайсар азаматтың өрлік өмірінен, ерлік ғылымынан әңгіме бастайын деп шештім. Мен үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Алғаш қолыма қалам ұстатқан ұстаз, өмірінің соңғы он жылын бір шаңырақ астында өткізіп, әкелі-баладай күн кешкен әзіз Адам тағдыры жайында қолыма қалам ұстап толғанудан асқан абырой жоқ мен үшін. Оның туған жері – «Күлтөбеде күнде жиын» атанған тарихи жер, бүгінде «Бөген» су қоймасының астында қалды. Ес білмей, анасы о дүниелік. Жетім өсті. Малдыбек байдың малын бақты. Кәдімгі жалақ ерін, табаны тілінген жалшы, бақташы болды. Қашып Тәшкен барды. Өзбек байына малай болды. Қыш құйды. Бақша күтті. «Арқа еті арша, борбай еті борша»  дегендей, өлер болған соң қашып көшеге шығып кетті. Ұры, қары – көше баласы. Базарды аңдып, сатушыны қан қақсатып жүрген қарақшы балалар бағына Ғани Мұратбайұлы, Әбдікәрім Ақпаев, Садықбек Сапарбекұлы кездесті. Кір-қожалақ «шпана» балаларды ұстап алып, № 4 жетім балалар үйіне тапсырды. Б.Кенжебайұлы, Ө.Тұрманжанұлы, Ж.Арыстанұлы, Н.Оңдасынұлы, Б.Қасқырбайұлы… Сауатын ашты. Бағына Садуақас Оспанов (Дирижер Тұрғыт Османовтың әкесі. Садуақастың «көшпелі кітап-ханасы» болған), Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баласы – Мұхамедәмин) секілді Абай жинағын қолтығынан түсірмей, жанында ұстайтын  зиялылар оқытты жетім балаларды. Ертеден қара кешке дейін Абай жырларын жаттады, түнде жастанып жатады.Бала Бейсембай оқуын жалғады. Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, Т.Рысқұлұлы, М.Жұмабайұлы, Чулпон, Фитрет, Н.Төреқұлұлымен танысты. Үздік оқушылар қатарында Мәскеуге аттанады. И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде Ө.Тұрманжанұлы, Ж.Арыстанұлы, Т.Айтматұлы (Ш.Айтматовтың әкесі. Қ.Е.) бәрі бірге оқиды. Ленинді көреді, Сталин, Троцкиймен кездесіп, сөзін тыңдайды. С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлұлы, С.Сапарбекұлы келіп, КУТВ оқушыларымен кездесу жасап тұрады. В.Брюсов ашқан Өнер институтында оқитын Мағжан Жұмабайұлынан сабақ алады. Мағжан ақын бұған әдеби үйірмеде Абай жайында баяндама жасатады. Сөйтіп, бозбала Бейсембайдың алғашқы әдеби сын мақалаларына басшылық жасаған – Мағжан Жұмабайұлы! 1970 жылы «Ұстаз» аталатын сағынышқа толы естелігін жазып, баспасөзге ұсынды, жұрт тұра қашты. Ақыры, дымы құрып, аңқасы кеуіп, естелігін Орталық архивке өткізді. Жиырмасыншы жылдары Мәскеуде оқи жүріп «Күншығыс халықтары кіндік баспасын» басқарған білімпаз Нәзір Төреқұлұлымен араласады. Қол ұстасып бірге барған екі оқушыға қарап тұрып: «Өтебай, сен қазақтың мақал-мәтелдерін», «Бейсембай, сен қазақтың боғауыз әңгімелерін жина», – деп тапсырады Нәзір. Жан бағу үшін баспаға келіп, шарасыз марксизм-ленинизм клас-сиктері шығармаларын аударып жүрген Әлихан Бөкейханұлымен таныстырады. «Елімнің келешегі ғой бұлар, Нәзір, халық қазынасымен жақындастырып дұрыс істейсің. О, айналайындар. Халықтың ендігі уақытта қалай бет бұрмағы сендерге байланысты ғой», – деп Әлекең екі баланың басынан сипап, бауырына қысып-қысып қояды. Үлкен кісі үйіне ертіп апарып Смағұл, Лизамен таныстырады. Бейсекең Әлихан Бөкейханұлын әкесін жоқтағандай жоқтап өтті. Қазақтан шыққан тұңғыш елші, елшілердің жетекшісі (дуайн), тәжік, өзбек тілі оқулықтарын жазған, ағылшын, араб, француз тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алатын білімпаз Нәзір Төреқұлұлы жөнінде ғұмырнамалық очерк жазып, архивінде қалдырды. Досы Ж.Арыстанұлы, тарихшы Көлбаевпен бірлесе отырып атқармақ бірсыпыра істері бар еді, шіркін! «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан», «Кедей тілі», «Әйел теңдігі», «Қазақ әдебиеті», «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері - 20-шы жылдардың аяғы, 30-шы жылдардың басында Б.Кенжебайұлы қызмет істеген баспасөз орындары. Бірінде «Лениншіл жаста» бас редактор, Абайға байланысты мақаласынан кейін сыналып, бас редактордың міндетін атқарушы, екі газеттің негізін салушы («Сарыарқа самалы», «Оңтүстік Қазақстан») - бас редактор, «Еңбекші қазақ» газетінде Бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, «Кедей тілі» газетінде бас редактор қара танымайтын Елтай Ерназаров, бозбала, жігіт, Москва түлегі -  Бейсембай Кенжебайұлы орынбасар, екіншісінде  «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше санына редактор ретінде қол қойған, Павлодар облыстық  «Кеңес туы», Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстанды» қолмен құрған Б.Кенжебайұлы – қазақ баспасөзінің бір байрағы! Баспасөзде басшы қандай – қосшы сондай! Басшы қандай – баспасөз сондай! Жиырмасыншы жылдары қазақтың ұлттық рухы жығылмай, қайта тіктеле түсуінде Бейсекеңдей басшы журналистің рөлі үлкен! Жиырмасыншы жылдары Абайды арашалай әдебиет алаңына шыққан жас сыншы, отызыншы жылдары асқар бел – Сұлтанмахмұт үшін айтыса бастады. «Алаш ұранын» жазған ақынды ұлтшылдыққа бердің-ақ, айырылғаның, қазақ тілі «қызметінен» кетсе – қанатыңнан қайырылғаның, ана тіліңнің өшкені – ұлтыңның өлгені. Отызыншы жылдары Бейсекең тарапынан жазылған мақалалардың бізге ұғындырары – міне, осы жайлар! Алашорда өкілдері қоғамдық өмірден аласталып, алды атылып жатқан сүреңсіз сүркіл уақытта А.С.Пушкинді жамылғы етіп, Абай, Шәкәрім, Міржақып, Бернияз, Жүсіпбек, Ілияс тәржімаларын таңдап, талғап алып, «А.С.Пушкин. Таңдамалы шығармаларын» (ҚКМӘБ  1935) қатырып алғысөз жазып, бір томдық құрастырды. Мәскеуге «марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын аудару-шылардың» курсына барды. Қудалаудан қалтарыстау деді ме, әйтеуір курсты аяқтау бойында  «СССР Жоғарғы Советі ведомост-восы» қазақ бөлімінің бас редакторы болып қызметке тұрды. Жағдайы жаман емес. Тек туған жерден жырақта... Одан кейінгі өмірін олжа көрді ме, әйтеуір ұлт тағдыр-тарихы, азаматтар тағдыры жөнінде тартынбай, тайсақтамай  әрекет етті ғой.

…Бір тықырдың таянғанын біліп, «есің барда еліңді тап» дегендей, есен-аманымда Қазақстанға қайтайын деп поезға билет алып, үйіне келсе, елден кісі отыр ошағының пұтында. Жүзінде - үрей табы.

– Иә, әбзи*, ел аман, жұрт тыныш па (ағай деген сөз, татарша)?

– Тыныш емес. Екінің бірі – «халық жауы» атанып, ұсталып жатыр. Сабыр ағай (Шарипов. Бейсекеңнің бажасы. Қ.Е.) жіберді. Бейсембайлар Қазақстанға келмесін. Келсе, ұсталады. Достары – Өтебай Тұрманжанов, Жүсіпбек Арыстанов ұсталып, қамалып кетті. Келмесін, келмесін, – дейді.

Райдан қайтты. Билетін апарып өткізді. Қайыра қызметіне кірісті.  «Тәуекел!». Кітапханаға барды. Архив ақтарды. Шыңғыс хан, оның ұрпағы Абылай, қазақ хандығы, Кенесары, Сыздық төре жайында ізденді. Басқа түгілі орыс князьдіктеріне алым-салық төлеткен «Алтын орда» тарихына үңілді. Алтын орда ханының әдейі батпаққа батырған жалаң аяғын сүюге құштар болып тұрған князьді бейнелеген суретті алып көрді. Төрткіл дүниені тітіреткен Түрік қағанаты жайында қиялдады. Ақыры шыдамады. 1941 жылдың жазында елге деген сағыныш, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген намыс Б.Кенжебайұлын Алматыға ала қашты. Басында Орталық Комитетке идеология хатшысы қызметіне уәде етілген Кенжебайұлына тигені – Қазақстан Мемлекеттік Біріккен баспасы бас редакторлығы. Бастығы – Ахмет Өтеев. Ұзамай соғыс өрті бұрқ ете қалды.

М.Әуезов қолжазбасын әкелді.

– Бұл не, Мұха?

– «Абай» романы. Бірінші кітап.

– Жалғасы?

– Бірінші  кітап  жарыққа  шықса,   көпшілік қаласа, жазамын әрі қарай жалғап. Заман болса мынадай болып кетті. - Үлкен қаламгер қабағы қабарыңқы еді.

– Шығарамыз, Мұха! Жалғасын жаза беріңіз.

Қуанышы қойнына сыймай Мұқаң кетті қунақ басып. Баспагердің «шығарамыз!» – деген сөзі, жел ала жөнелген «Ескендір Зұлхарнайынның мүйізі бар екен?» – дегендей елге тарап кетіпті.

Өтеев екеуін Орталық Комитет шақырды.

– Иә, баспагер жолдастар,  Әуезовтің «Абай» романын не істегелі отырсыңдар?

Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Н.А.Скворцов екеуінің жүзіне сынай қарады.

Ахмет біткеннің бәрі Байтұрсынов емес, сақ Ақаң басшы аузын бақты. Бейсекең де үндемеді.

– Соғыс жүріп жатыр. Қағаз жоқ. Бар қағазды Отан қорғауға шақыратын әдебиет шығаруға жұмсау керек. Сылтау айтып «Абайды» авторына қайтарыңдар. Мұхтар Әуезовтің сотты болған кісі екенін білесіздер ғой. Көзқарасы не то. Осы «сыймен» қайтыңдар! Қазақстанды басқарып отырған бірінші басшы айтқан соң  болашақ ғажайып эпопеяның шақыртқы кітабы «Абай» жарыққа шықпауға, жөргегінде тұншықтырылуы тиісті еді. Директор Ахмет Өтеев  «Ләпбай тақсырмен» шыққанымен, бас редактор тас жұтып, ойланып кетті. Аз айтып, көп айтып не керек, Орталық Комитетке «Абай» шықпайды, авторына қайтарылды» деген ақпар беріліп, көзалдап қайтарылған қолжазбаны қайта алдырып, үйінде жатып, қолында жүрген бала ақын Қуандық Шаңғытбаевты типографияға терім басына қарауыл етіп, жаманкөздерден жасырып тергізіп, «Абайды» көп ұзатпай жарыққа шығарды. Тәсіл ойлап, жарыққа шыққан  «Абайды» жасырып ұстап, сүйінші данасынан «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» аталатын мақала жазып, кітап редакторы Қ.Шаңғытбаев екеуі «Социалды Қазақстан» бетінде, алдымен мадақ мақала жариялатты. Арғы жағы түсінікті. Ұрсу. Зеку. Боқтау. Қызметтен «өз еркімен» кетіру. Бейсекең былай тұрсын, «Социалды Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі (Мақаланы өндіріске дайындап берген журналист. Атын ұмыттым) қызметінен қуылып, соғысқа жіберілді. Кейін аман келіп, Ақтөбе облыстық газетінде қызмет істеді. Кітаптың ең алғашқы данасын ауруханада жұқпалы дертке шалдығып жатқан М.Әуезовке екеуі ала барып, «Мұхалап» терезеден дабыстап, екінші қабаттың балконына шыққан жазушыға «Сүйінші, Мұха! «Абай» жарыққа шықты» дегенде ұлы жазушы көзіне жас алып тұрып, «Екеуіңнен де айналайын. Екеуіңнен де айналайын», – дей беріпті. Бұл тебіреністі сәтті зергер ақын Қуандық аға Шаңғытбаев шабыттана айтар еді. Десе дейтініндей бар. Аурухана палатасынан балконға М.Әуезов «Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов» болып шықты ғой. Палатаға қайта кіргенде дана жазушы болып кірді ғой… «Абай» романының жарыққа шығуының арқасында. Әл-әзір эпопея жазармын деген ой жазушыда жоқ еді ғой. Егер де Бейсекеңнің басын бәйгеге тіккен баспагерлік жанқиярлық ерлігі болмаса, «Абай» жарыққа шығар ма еді, шықпас па еді?! «Асыл кездік қын түбінде жатпас», «Абай» шығар. Бірақ, кешігер еді. Әрбір кешігу – Мұқаңдай, тағдыры қыл үстінде жүрген адам үшін алмағайып! «Абай» – Мұқаңның рухани демеушісі, керек болса құтқарушысы. «Абай» романы жарыққа шықпаса, әйтпесе кешігіп шығар болса, ол эпопеяға ұласар ма, ұласпас па? Қытымыр уақыттың белгілі бір кезеңінде ар ойлаған Бейсекең басын қатерге тігіп, жазушы бағын, эпопея жолын ашуға септесті дейміз. «Егемен Қазақстан» жазғандай, салқар сахараның ХІХ ғасырдағы бүкіл поэтикасын әдебиет әлеміне әкелген эпопея бір қатерден қалды! Бас редакторлық қызметінен  қуылған Бейсекең университетті жағалады. Ғылымға ден қойды. Баспада басшылықта отыр-ғанда, қырқыншы жылдары «орысты шапты» деген мотивпен жабылатын «Едіге батыр» жырын – халықтық эпос («Әдебиет және искусствоң, 1940, №7-8) деп мақала, ханды арашалап «Абылай» (1941) атты кітап жазып, бастырды. 1946 жылы Б.Кенжебайұлы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» – аталатын тақырыпта кандидаттық диссертация жазды. Тағы да ағынмен жүрмей, ғылымдағы ағымға қарсы жүрді. Ол қазақ ақын-жазушыларын тапқа бөліп, таптық тұрғыдан талдауға қарсы шықты. «Халқымыз тап ретімен ұйымдасып үлгермегені былай тұрсын, тапқа айқын жіктеліп те жеткен жоқ еді. Сондықтан да біздің ол күндегі әдебиетімізде таптық бағыт, таптық көзқарас күңгірт жатады. Бізге айқын, таза тап ақыны, тап жазушысы жоқ деуге болады», – деп жазыпты ғалым. «Тап» деп ұрандап жатқан ұлы империяда бар пәленің бастауы Бейсекең пікірі болды да шықты. «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» Бейсекеңнің батыл пікірі тура осылай қабылданды. Б.Кенжебайұлы кандидаттық диссертациясы қолжазбадан жыртылды, Қазақстан КП Орталық Комитеті 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулы қабылдады. Ұзамай партия қатарынан шығарылып, қызметтен қуылды. Ғалым қайсарлығына «совет жұртшылығы»  төзбеді. Ол кездегі партиядан шығарылудың салмағын салмақтап көріңіз. Қайсар ғалымды тас түрме, тіпті мылтықтың оқпаны күтіп тұрды. Отбасын асырарлық нәпақа табатын қызмет жоқ. Сабақ беріп, Алаш ардақтылары есімін құлағына құяр шәкірттері жоқ алдында, күнде жиналыс, күнде баспасөзге қаралап, сынап жазу… Өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоятын Бейсекеңнің елуінші жылдардағы халі міне, осындай. Көне шығыспен мидай ара-ласып кеткендіктен «кертартпа», «кітаби» атанып, әдебиет тарихынан аулақтатылған үлкен ағым – МәшҺүр Жүсіп Көпеев бастаған бір шоғыр ақынды алдымен «діни-ағартушы», соңынан «ағартушы»  атап, әдебиетімізге бағдарлы бағыт ретінде қосыпты, сөйтіп жүріп қазақ жазба әдебиетінің тарихын «Түрік қағанаты», Орхон-Енисей ойма жазулары кезеңінен бастау керек деп мәселе қойыпты. Сөйтіп жүріп «Еңбекші қазақта» қызметтес болған ардақты Алаш өкілі – Міржақып Дулатұлы жайында естелік жазып, қызы Гүлнар Дулатованың қолына ұстатыпты, «Алашорда өкілінің күйеу баласы» деген қаңқудан төлтуманы қойып, аудармаға көшкен, талантты әдебиетші інісі – Әбен Сатыбалдиев атына орыс жазушылары кітаптарын алып, аудармамен айналысыпты. Абырой болғанда, бас қанішер И.В.Сталин көз жұмып, Бейсекең әупірім-тәңірмен аман қалған қатерден. Москваға - «Партконтрольге» хат жазып, арылған Бейсекең қолында «Қызметі қалпына келтірілсін!» - деген шешіммен, өз жұмысына өзінің қолы жетпей итәуреге түсіп тағы бірсыпыра жүреді. Елуінші жылдардың өзінде қазақ арасында жағдай осындай! Москва кешіреді. Өз қазағы кешірмейді... Айтылған жайлар аздай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде «Өтелмек парыз» («Қазақ әдебиеті» №4, 25.01.1957) аталатын мақала жазып, Голощекинді «боқтаған» Смағұл Садуақасұлы жөнінде мәселе көтеріпті Бейсекең. Сұлтанмахмұт үшін ұстасып жүрген «шұбар хатшы» (Н.Жанділдин) қаһарына мініпті.  Бейсекеңнің бір мақаласы сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы С.Мәуленов бастатып, орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшы Төкен Әбдірахманов, бөлім бастығы Рахманқұл Бердібаевтың қызметтен кетуіне «себепкер» болды. Партиядан бір шығып, бір кірген, енді қатаң сөгісті «қалжауыр» еткен Б.Кенжебайұлының осы кезеңдегі үлкен ерлігі – 1959 жылы Ғылым академиясы өткізген конференцияда қазақ жазба әдебиетінің тегі жайында баяндама жасап, 1960 жылы «Қазақ халқының жазба әдебиетінің тарихы қайдан, кімнен басталады?» (№30. 22.07.1960) деп аталатын мақала жазып, ұлт әдебиеті түп-тамырын түркі халықтарына ортақ руна жазулардан бастау керектігін күн тәртібіне қайта көтеруі. Ежелгі әдебиет мәселесін көтергені үшін Б.Кенжебайұлы «надан», «гөрі әдебиетші», «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады», «көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырады», «өзі түсінбейді», «бейшара» деп (стенограммасы бойынша келтірдім) басталатын талай бейпіл сөз естіді  әріптес қазақ ғалымдарынан. Алғыс алу орнына, тағы қарғыс алу. Еңбегі еш, бейнеті сор болғаны ма? Жо-жоқ. Бұл күнде Бейсекеңнің бүкіл өмір бойғы саналы батылдығы, тіпті рухани ерлігі  елге ырыс, ұлт әдебиетіне тыныс саналады. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебі Б.Кенжебайұлы есімімен  аталады. Қазақ әдебиеті тарихын күллі түрік әдебиетіне жалғаған түркітану мектебі Б.Кенжебайұлы есімімен аталады. Бейсембай Кенжебайұлының түріктану мектебі. Түркістанда біз экспозициялап ашқан музейі «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейі» аталады. Біз құрастырып, жарыққа шығарған Б.Кенжебайұлы шығармалар жинағы «Түрік қағанатынан бүгінге дейін...» аталады. Б.Кенжебайұлы шәкірт тәр- биелеген ұлы ұстаз. Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Қожакеев, М.Жолдасбеков, Қ.Сыдиықұлы, М.Мағауин, Р.Нұрғалиұлы, А.Қыраубаева, Ш.Ыбыраев, Қ.Ергөбек  – бәрі де Бейсембай Кенжебайұлының «Әдебиет тарихын зерттеу» мектебінің түлектері. Қырғыз Қ.Артықбаев, татар Х.Ю.Миңнегулов, башқұрт М.Х.Идельбаев,қарақалпақ С.Бахадырова өздерін қазақтың Түріктану ілімінің басында тұрған ұлы оқымыстысы профессор Бейсембай Кенжебайұлының шәкіртіміз, Бейсекеңнің «Түріктану мектебінің» түлегіміз деп санайды.  Асылы, Бейсекеңнің тозақы өмірі мен рухани өрлігі жайын-дағы толғанысты кемеңгер Әбіш  Кекілбайұлының «Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ көркем сөзі мен ойының өрлеуіне, қазақ азаматы санасының қалыптасуы мен дамуына қадірлі Бейсекеңдей – Бейсембай Кенжебайұлындай еңбек сіңірген азамат кемде-кем. Ол социализм дәуірлеп тұрған өткен кездің өзінде де халқымыз бен мәдениетіміздің тарихын тереңінен қозғап, оның әлеуметтік-философиялық салиқалылығын жан-жақты талдап бере алды. Ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де кейінгі кезеңдегі рухани гүлдеуімізге мұрындық бола білді. Азат елдің азат ойының дәуірлеу тұсында Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміз әбден заңды» – деп төгіліп бағалауымен аяқтасақ әрі қарай қыранжүрек ғалымның әрбір рухани ерлігін бас-басына тарата дербес баяндасақ жарасады… Ол - алдағы іс! «Сарыарқа самалы» газетінің негізін қалаған Бейсембай Кенжебайұлы - қазақ баспасөзінің бір байрағы. Қазақ баспасөзінің бір байрағы ғана емес, қазақ түркітану ғылымы басында тұрған ұлы оқымысты! Бүгін Баянтау жерінде  «Сарыарқа самалы» газеті ғима-ратына тағзымтақта міне, осындай ұлтшыл асыл адам, табанды ғалым, еларалық, күллі түріктік тұлға – профессор Бейсембай Кенжебайұлы рухына тағзым райында ашылып отыр! Бұл - бүкіл қазақ елі болып қуанатын іргелі игілік! 

Құлбек ЕРГӨБЕК.

 


Количество показов: 423

Возврат к списку