Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қайта өңдеу өнеркәсібі отандық экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Индустрия-ландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында аталмыш секторда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі әлі де төмен. Атап өтсек, бұл көрсеткіш республика бойынша 32 пайызды құрайды. Ал көрші Ресейде 40 пайыз, Беларусьте 50 пайыз болса, дамыған Еуропалық одақ елдерінде 80 пайыздан асып жығылады. Біздің елде бұл көрсеткіш неге төмен? Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мемлекеттік қолдау жеткіліксіз бе?

Павлодар бизнесі тап болған проблемалық жағдайларды өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің қатысуымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис отырысында талқыланды. Кездесудің модераторы Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Дархан Амантаев болды. Жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, импортты алмастыратын жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі шараларды, сондай-ақ жеңілдікпен несие беру, субсидиялау, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және басқа да бірқатар мәселені талқылады. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – қуаттылығы тәулігіне 100 тонна май зауытын іске қосу үшін қаржыландыруды күтетін «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мемлекеттік қолдау көрсету бойынша ұсыныс-пікір айтылды.

Отырыс барысында «Ертіс Агро» ӘКК басшысы Ерлан Тоқтышақов Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуді қолдау қажеттігі туралы айтқаннан кейін, 2024 жылдың басында ауыл шаруашылығы министрімен кездескенін айтты. Жауапты министрлік осы өндірісті қаржыландыру мәселесін анық-тағанын, осындай жобалар үшін ақша беру ережелеріне түзетулер мен өзгерістер енгізгенін, алайда ережелерді бекітудің мерзімі кешіктірілгенін атап өтті.

– Инвестициялық субсидиялау бойынша түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Олар әлі бекітілмеген. Келесі айдың басында олар заңды күшіне енеді деп ойлаймын. Екінші мәселе – жоба бойынша бізде жобалау ұйымымен шарт жасалды. Аталмыш жоба қазір әзірленуде. Менің ойымша, біз оны бір айда аяқтаймыз. Бүгінгі таңда жабдықты жеткізу туралы келісім жасап, алдын ала төлем жасадық. Барлық проблема қаржыға келіп тіреледі, – деді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Шүкірова мұндай жобаларды қаржыландыру бағдарламасы 2023 жылы басталғанын хабарлады. Айтуынша, бастапқыда аграрлық жобаларды қаржыландыру ережелерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеумен байланысты болған жоқ. Сондықтан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өзінің бейінді министрлігіне бұл бағытта бюджеттік өтінімдер жіберді.

– Былтыр тауарлы сүт фермаларын құруға он миллиард теңге бөлінді. Биыл төрт миллиард бөлу жоспарлануда. Қайта өңдеу жобалары бұл ережелерге әлі енгізілген жоқ. Ережелердің өзі де әлі шыққан жоқ. Сондықтан бізде өндірістерді қаржыландыру үшін ақша алу сәуір айына жоспарланған болатын. Бірақ қаражат жоқ болғандықтан, бұл процесс мамырға ауыстырылды. Алайда мамыр айында болатыны да белгісіз. Біздің тарапымыздан байқау ойналды, сенім білдірілген агент анықталды. «Ертіс Агро» ӘКК жобасына келетін болсақ, ол біздің жобалар ішіне енгізілген. Егер қосымша қаражат түссе, біз оны міндетті түрде несиелендіреміз. Қайта өңдеу сияқты бағыт енгізілетін жаңа ережелер шыққан кезде өзгерістерді күту керек, – деп толықтырды Сәуле Шүкірова.

Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Дархан Аметаев «Ертіс Агро» ӘКК жобасы республика мен облыс басшылығының бақылауында бола отырып, осындай өндірістердің жалпыұлттық пулына енгізілгеніне назар аударды. Ал Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов ауыл шаруашылығы басқармасының әріптестеріне қолдау білдіріп, бұл жағдайды «Атамекен» алаңында тағы бір мәрте талқылауға болатынын айтты. Сондай-ақ, ол көптен күткен ережелердің шығуын жеделдету үшін Бас прокуратураға ілеспе хат дайындауды ұсынды.

– Бізде жобаларды жүзеге асыруды бақылайтындар көп, бірақ нәтиже жоқ. Бақылауға емес, бірге көмектесуге көшкен ләзім. «Атамекен» базасында инвестициялық жобалардың интерактивті картасы бар. Палатада бизнесті қолдаудың тиімді әдістері қолданылады. Мұның бәрі Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы деңгейінде бақыланады. Қаржыландырудың болмауына байланысты бірқатар кәсіпкердің жобалары өздерінің толық жобалық қуатына жете алмай келеді. Сол себепті қайта өндеуші кәсіпорындарға бірлесіп жәрдем көрсетуге шақырамын, – деді Ерқанат Әбенов.

Сонымен қатар, жиында Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Тілеулесов «Ертіс Агро» ӘКК басшысына, мысалы, басқа қаржы институттары қажет болса, жұмыс тәртібінде қаражат іздеудің баламалы нұсқаларын анықтау керектігін айтты.

– Қаржыландыруды екінші деңгейлі банктер арқылы іздеуге болады, онда біз пайыздық мөлшерлемені субсидиялай аламыз. Бұл – жалғыз нұсқа. Немесе біз бұл жобаны бос қаражаты бар, бірақ оларды қайда салу керектігін білмейтін инвесторларға ұсыну үшін жұмысқа ала аламыз, – деп түсіндірді ол.

Отырыс соңында Ерқанат Әбенов өңір басшысының орынбасары Дәурен Жамбайбекке фронт-офис жұмысын қолдағаны үшін алғыс айтып, «Атамекен» жанындағы бұл алаң инвесторлармен ай сайын жедел кездесулер өткізетінін жеткізді. Айтуынша, бизнес субъектілері көтерген мәселелердің 90 пайызы осы жерде сәтті шешіледі немесе облыс басшылығының, прокуратураның және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бақылауында болады.

А.МҰҚЫШЕВ.