Су – тіршіліктің қайнар көзі екені даусыз. Сарапшылардың пайымдауынша Қазақстан келешекте құрғақшылықтың азабын тартып, су дефицитімен бетпе-бет келуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесін көтеріп, Үкіметке бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырды. Өткен отыз жылда елімізде су ресурсын сақтау мен молайтуға мүмкіндік береді деген бірнеше бағдарлама қолға алынғаны мәлім. 2003 жылы әзірленіп 2010 жылға дейін әрекет еткен «Ауызсу» бағдарламасы, 2010-2019 жылдың аралығындағы «Ақ бұлақ» бағдарламасы қандай нәтиже берді? Суды үнемдеудің жолы қайсы? «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрелік…

 

Бақытжан БАЗАРБЕК, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

– 1990-2000 жылдары су саласындағы білікті мамандарымыздан айырылып қалдық. Сондықтан қазір су ғылымын күшейтуіміз керек. Бұдан бөлек, су саласы бойынша жаңа мамандықтар енгізіп, отандық кадр даярлауымыз қажет. Ол үшін алдымен республикалық су комиссиясын құруымыз керек. Бізде жер комиссиясы бар, соның нәтижесінде 10 млн гектар жерді мемлекетке қайтардық.

Су комиссиясы шеңберінде өз уақытында су объектілерін – су қоймаларын, бөгеттерді (жекеге өткен) тексеру қажет. Су комиссиясының құрамына депутаттар мен құзырлы органдардың өкілін тартқан жөн. Оның аясында заңсыз жеке меншікке кеткен су объектілерін мемлекеттің қарамағына қайтару мәселесін комиссия алдына қою қажет. Одан бөлек, елдегі су қорына ғарыштан мониторинг жүргізу керек, оның жоқтығынан біз тиісті, дәлелді ақпараттан айырылып отырмыз. Үшіншіден, су қоры саласы автоматтандыруды талап етеді.

 

Сұлтан АСҚАРОВ, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 14 гидропост жұмыс істеп тұр. Олардың сумен қамтылу деңгейін мамандар күнделікті бақылауда ұстайды. Бұдан бөлек, су басу деңгейі жоғары елді мекендердің маңайындағы өзеннің мониторингі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Былтырдан бастап, мұндай жұмыстар Баянауыл ауданының Ащысу өзенінде бастау алған болатын. Бүгінде аталған ауданға қарасты М.Жүсіп (Жаңажол), Жаңатілек, Көкдомбақ, Қ.Сәтбаев (Қараащы), М.Шорманов (Теңдік) ауылдары маңындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде гидропостар жабдықталған. Ол жерден күн сайын, тәулігіне төрт рет су тасқынын бақылау штабына деректер беріледі. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Ащысу өзенінде барлық бекеттер орнатылды, жақын арада Ақтоғай ауданының Ертіс және Сілеті өзендерінде су бекеттерін орнату жоспарлануда. Бұдан бөлек, Май ауданына қарасты 14 мың гектардан асатын лиманды алқапты да жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Николай НАУМОВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

– Су тапшылығынан, құрғақшылық азабынан құтылу үшін ең алдымен жаңа технологиялардың тілін меңгерген озық ойлы, дарынды кадрлар даярлау қажет. Кейінгі жылдары су шаруашылығына қатысты жағдай біршама өзгеріп, су саласының мамандарына көңіл бөліне бастағаны рас.

Бұрындары «Су ресурстар және су пайдалану» мамандығы бакалаврмен шектелетін еді, қазіргі уақытта ЖОО-ларда осы мамандықтың магистрлерін де оқытады. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Су саласын таңдаған жастарды шетелге жөнелтіп, олардың білім-білігін жетілдіруіміз керек, тәжірибе алмасу ешбір кезде артық болмайды. Себебі, еліміздегі су шаруашылығы саласы білікті кадрлардан тапшылық көріп отыр. Гидрогеология саласының кадрлары саусақпен санарлық, гидротехник мамандығына тіптен қызығушылық жоқ. Өткен

30 жылда осы саладағы буын алмасу процесі тоқтап қалды. Ал су ресурсын зерттеу, зерделеу мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсуде.

 

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.