Болашақта блогерлерге букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынуы мүмкін. Анығын айтқанда, құмар ойындар, лотерея және лотерея қызметі туралы заңға енгізілген өзгерістер қатарында блогерлердің букмекерлік кеңселерді жарнамалауына да тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Дегенмен, бұған байланысты халықтың пікірі біржақты емес. Спорт жанкүйерлері букмекерлік кеңселердің үлкен спорттық жарыстарға серіктес болуының тиімді тұстары бар деп санайды. Ал тағы бір топ мұндай бәс тігіп пайда табатын орындар жастардың құмар ойынының құрығына түсуіне әкеп соғуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Сайып келгенде, мұндай кеңселерді ашық жарнамалаған дұрыс па, әлде бұрыс па? Тақырыпты «Алаң» айдарының талқысына салдық.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Соның ішінде үйлердің қасбеттерінде (фасадтарында), ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамалауға болмайды. Сонымен қатар, интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады.
Қайрат БАЯЗИТОВ, спорт саласының ардагері:
— Біздің спорт саласына келгенімізге 40 жылдан асыпты. Ол кезде жекпе-жектерге, футбол матчтарына букмекерлік кеңсе арқылы бәс тігу деген болған жоқ. Яғни, спортты букмекерлік ұйымдар ғана қаржыландырады деген ұғым болмады. Ал қазір өкінішке қарай спорттың әрбір түрін осындай мекемелер меншіктеп алып, «қаржыландырып жатырмыз» деген желеумен халықтың қалтасын қағып жатыр. Осы арқылы талай жастың болашағына балта шауып, талай отбасының шаңырағы шайқалды. Ең сорақысы – осындай ұйымдардың қызметін әлеуметтік желілер мен ірі мемлекеттік телеарналар арқылы жарнама жасау, ойындарға бәс тігуге ашық шақыру. Сондықтан, блогерлердің букмекерлік кеңселерді жарнамалауына тыйым салуды дұрыс деп санаймын. Бұдан бөлек, матчтардың тікелей көрсеті-лімінде комментаторлардың халықты бәс тігуге тікелей шақыруына да тосқауыл қою керек. Ал клубтарға қандай да бір қаржылық демеушілік көрсетсе онда логотипін тек спорттық формаларына ғана қалдыруға болады деп санаймын. Жалпы, үлкен спорттық шаралар мен жарыстардың қаржыландыруын мемлекет өз қолына алуы керек. Міне, сонда ғана біздің үлкен спорт букмекерлік ұйымдарға деген тәуелділіктен арылар еді.
Айбек ЖҰМАТОВ, спорт жанкүйері:
— Әрине, қазіргі кезде спорт әлемін букмекерлік кеңселерсіз елестету қиын. Бірақ ол халық зардап шегетіндей деңгейде болмауы керек. Осыдан 15-20 жыл бұрын бүтін бір лигаларға букмекерлік кеңселер демеушілік етеді деп айтса, таңқалар едік. Неге дейсіз ғой? Кезінде осындай ұйымдармен қатысы бар деген айыппен талай футболшылар, тіпті даңқты клубтардың өзі жауапқа тартылып, жазаланды. Енді, міне, бұл фирмалар — ашық және ресми түрде футболдан Қазақстан Премьер-лигасы, Испанияның Ла Лигасы секілді жұрт сүйетін жарыстардың серіктесі. Иә, олар сол лигалардың дамуына қаражат салып, қолдау көрсетіп жүр. Бұл әрине спорттың дамуына белгілі бір деңгейде өз үлесін қосып жатыр деуге болады. Дегенмен, кез келген матчтың нәтижесінен пайда көретін бұлар түгелдей жарыстың демеушісі бола тұра осы ойындардың барысына араласпайтынына кім кепіл?! Өкінішке қарай, осы фирмалар спорт әлеміне енген кезден бері біз тартысты матчтардың азайып, рингтегі нағыз теке-тірестерден айырылып бара жатқандаймыз. Міне, осы жағын да естен шығармау керек. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдамас бұрын оның зиянды жағынан бөлек, әкелер пайдасын да ескеру керек деп санаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.