«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Арада уақыт өтсе де, Ахмет Байтұрсыновтың осы бір аталы сөзі өз құндылығын жойған емес. Жоймайды да. Иә, бүгінгі
жаһандану заманында ақпараттар легі көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып, әлеуметтік желілердің рөлі арта түсті. Бірақ көзі қарақты оқырман қауымның
көкейіне ой салар, қоғамдағы өзекті мәселенің түйінін тарқатар басылымдар ұсынатын дүниенің әлдеқайда сапалы болары хақ.

Кез келген басылым – сол елдің, аймақтың айнасы. Тұтас өңірдің соңғы жаңалықтарымен қатар, елеулі оқиғалары, түйткілді мәселелері туралы газет журналистері тарқатып жазып, облыстың бет-бейнесін көрсетеді. Басылымның тікелей араласуымен кейбір мәселелер де оң шешімін тауып жатады. Айталық, бұған дейін біздің газетте Железин ауданындағы Моисеевка мектебінің апаттық жағдайы, Екібастұз қаласындағы бірнеше оқу орнының әбден ескіруі, Ертіс ауданындағы білім ордаларының көптен бері жөндеу көрмеуі арқау болған сыни мақалалар жарияланды. Содан соң іске аудан мен облыс басшылығы араласып, мәселеге назар аударып, шешім жолдары қарастырылды. Сол арқылы басылымның билік пен бұқара арасындағы көпір екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге болатындай. Жалпы, газетте жарияланған мақалалар – шынайы дерек көзі. Ресми бұқаралық ақпарат құралы болғандықтан, мұнда жалған ақпарат пен жаңсақ пікірге жол жоқ. Журналистер кез келген дүниені оқырман қауымына ұсынбас бұрын електен өткізіп, жан-жақты саралап алады. Әлеуметтік желілердегі жазбаларды кез келген уақытта өшіруге, түзеуге болады. Ал газетте артқа қадам жасайтын мүмкіндік жоқ. Мұндағы әрбір сөз тайға таңба басылғандай тарихта қалады. Тарих демекші, Қаңтар оқиғасы кезінде күллі жұрт теледидар мен мерзімдік басылымдардың маңыздылығын айқын байқады. Ұялы байланыс істен шығып, интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған тұста ел көлемінде болып жатқан оқиғалар туралы телевизия мен баспа журналистері жариялап, хабар таратты. Сол кезде де дәстүрлі журналистиканың қоғамдағы мәні көрініп қалды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары газет оқу мәдениетіне атүсті қарайтын азаматтардың қатары қалыңдаған сияқты. «Жаңалықтың бәрі шағын ғана телефонда» деп уәж айтатындар да кездеседі. Иә, соңғы жаңалықтың бәрін смартфоннан оқуға болады. Бірақ ақпараттың бір күндік екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал газет берер рухани азық – мәңгілік. Баспасөзден оқыған дүниенің қабылдануы да, санаға ой салуы да бөлек. Мұнда кез келген мәселеге тереңінен үңіліп, облыс төңірегінде, әсіресе ауылдық елді мекендерде атқарылып жатқан игі істер кеңінен көрсетіліп, қордаланған проблемалар талқыланады. Өңірдің саяси, әлеуметтік әрі экономикалық жағдайы баспа беттерінде толығымен қаузалады. Былайша айтқанда, бүгінде газет – ел мен облыстағы идеологиялық бағыттың бір көрінісі. Біз 2023 жылға газетке жазылған аудан-қалалардың мәліметіне көңіл аударып едік. Мәлімет бойынша, Баянауыл ауданы 421 дана, Май ауданы 318 дана, Ақтоғай 312, Аққулы 253 дана, Ертіс 275 және Железин ауданы 225 дана газетке жазылып, үздіктер қатарынан көрінді. Тұрғындар саны көп, экономикалық әлеуеті жоғары Павлодар қаласы 600-ге зорға жетсе, Ақсу қаласы 338-ге жетіп тоқтаған.  Павлодар және Успен аудандары 100-ге жете алмаса, Екібастұз, Шарбақты, Тереңкөл өңірлері 180-нің төріне шыға алмаған. Яғни, осы көрсеткіштерге қарап-ақ жергілікті әкімдіктердің идеологиялық мәселеге жеткілікті көңіл бөлмейтіні байқалады.  Газет елдегі мемлекеттік-экономикалық реформаларды жүйелі насихаттауға қажет. Алайда оны кейбір аудан-қала әкімдіктері аса ұғынбайтын сыңайлы. Оны 2024 жылға баспасөзге жазылу барысынан-ақ байқауға болады. Науқанның басталғанына бір айға жуық уақыт өтсе де кей аудан-қалалардың көрсеткіші көңіл көншітпей отыр. Мәселен, Павлодар мен Успен аудандары әдеттегідей көш соңында келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар ауданы жылына орта есеппен 500 данаға жазылатын болса, бүгінде оның саны 30-дан әрең асып жығылып отыр. Успен ауданындағы жағдай да солай. Бір кездері кемінде 300 дана алса, бүгінде бар-жоғы сегіз газетке (!) жазылған. Осы жылдың басында да аталған аудандар газетке жазылып «жарытпап» еді. Бұл жолғы науқан барысында жағдайды түзеткені шамалы. Сонда аталған аудан әкімдіктері идеологиялық құралға баланатын басылымдарға немқұрайлы қарағаны ма? Әлде сол ауданға қатысты газетте жарияланатын мақалалар аудан өмірінің бет-бейнесін көрсететінін ұғынбай келе ме екен? Екібастұз, Ақсу қалаларының, Шарбақты, Тереңкөл және Железин аудандарының әкімдіктері де алысқа ұзай қойған жоқ. Әсіресе, ірі өндіріс орындары бар екі шаһарда газетке жазылу көрсеткіштері төмен. Биылдан бастап басылымға жазылу процесін әлдеқайда оңтайландыру үшін оқырмандарға тиімді құралдар қарастырылды. Енді жарты және бір жылға kaspi.kz қосымшасы арқылы жазылуға болады. Бұған дейін бұл туралы газет бетінде де, әлеуметтік желіде де бірнеше рет жазып, хабарладық. Сол оңтайлы тетікті Ақтоғай, Шарбақты, Ертіс аудандарындағы азаматтар жақсы пайдаланып жатыр. Тіпті, Ұлытау облысынан аталған қосымша арқылы жазылған оқырмандарымыз бар. Басқа аймақтың тұрғындары осылай белсенділік көрсетіп жатқан тұста өзіміздің кежегіміз кейін тартқаны өкінішті-ақ. Бұрындары «Қазпоштаға баратын уақыт жоқ» деп уәж айтатындар енді не деп ақталады екен? Үйден, жұмыстан шықпай-ақ басылымға оп-оңай жазылуға болатын тұста тағы қандай себепті табар екен? «Қазпошта» демекші, оның бөлімшелерінің жұмыс істеуі газеттің тиражына тікелей байланысты. Мәселен, бұған дейін Ақтоғай ауданындағы Приреченск және Әуелбек ауылдарының тұрғындары бөлімше жабылады деген қауіптерін білдірген еді. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының басшысы Дәурен Бегманов аталған елді мекендердің азаматтарымен кездесіп, мұның себебін түсіндірді. Яғни, бөлімшенің жұмысы абоненттердің санына тікелей байланысты екенін айтты. Мәселені талқылай келе бөлімшелер жұмысын тоқтатуды жарты жылдан соң қайта қарайтын болды. Демек, олардың алдағы «тағдыры» газеттің жазылуына да байланысты болмақ. Жалпы, басылым мен поштаның жұмысы біте қайнасып жатыр. Облыстық газеттердің келесі жылдан бастап аптасына тек бір рет оқырманға жол тартуы да соған байланысты болғанын айтуымыз керек. Яғни, бұған дейін кейбір жазылушылар сейсенбілік және бейсенбілік нөмірлер қосылып, аптаның соңына қарай бір-ақ келетінін бірнеше рет айтып, шағым білдірді. Сол себепті апталыққа көшу туралы ұйғарылды. Ендігі ретте газетке жазылушылар қатары аз болса, бөлімшелердің өздерінің де жұмысының тоқтауына қатысты мәселе туындауы мүмкін. Қысқасы, 25 желтоқсанға дейін 95 жылдық ата басылымның келесі жылда жарық көретін нөмірлерін алу үшін жазылуға үлгеріп қалыңыздар. Әсіресе, аудан-қалалардың басшылығы бұл науқанға баса назар аударса, құба-құп.

Редакция.