Павлодар облыстық «Saryarqa samаly» газетінің тарихында өзіндік өшпес қолтаңбасымен қалған басшылардың бірі – Әлғожа  Мұхамеджанов.  Дәл осы редактордың тұсында облыстық газеттің 53 жыл бойы мызғымай тұрған «Қызыл ту» атауы (1938-1991) өзгертілді. 1991 жылдың 26 қыркүйегінен бастап «Saryarqa samаly» болып оқырманға жол тартты. Осыған орай іргедегі «Звезда Прииртышья» газетінде «Газета изменила название» деген атпен шағын хабар басылды. 

 

Торғай даласынан — Керекуге

Ең алдымен Әлғожа Мұхамед-жановтың Павлодар өңіріне қалай қызметпен келгеніне тоқталып өтсек.

Облыстық мемлекеттік архивтің ұсынған мәліметіне сүйенсек, Ә.Мұхамеджанов 1931 жылы 23 мамыр күні Қазақ КСР-нің Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Миялы ауылында дүниеге келген. 1953 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін оқып тәмамдаған. Қызмет жолын Алматы қаласында, республикалық «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкері болып бастаған, кейін сол газетте бөлім меңгерушісі, Ақтөбе қаласындағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен.

1959-1970 жылдары аралығында Ақтөбе өңірінде облыстық газетте, облыстық телерадио комитетінде басшылық қызметтер атқарады. 1970-1988 жылдар аралығында Торғай облысына ауысып, мұнда облыстық телерадиохабарлар тарату комитетінің төрағасы, Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінің редакторы болып еңбек етеді. Павлодар облыстық компартия комитетінің 1988 жылдың 13 тамызындағы қаулысымен Ә.М.Мұхамеджанов Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің  редакторы болып бекітіледі. Бұл лауазымды оған дейін Балтабай Бекжанұлы Сейсенбеков лайықты атқарған, ендігі жерде жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан болатын.

Әлғожа Мұхамеджановтың өзінің естелігіне кезек берсек: «Павлодар облысына редакторлық қызметке 1988 жылдың тамыз айында келген едім. Оның өзіндік себеп-салдары да болды. Сонау жетпісінші жылдардың басында Қазақстан Республикасының құра-мында құрылған Торғай облысы араға 18 жыл салып барып жабылды. 18 жыл өмірін жасаған партия, совет, шаруашылық қызметкерлері жоғарғы жақтың сілтеуімен жаңа қызметке ауысып жатты. Солардың бірі болып мен де облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып ауыстым. Павлодар облысының Республикамызда ғана емес, Одақ көлемінде басты, отын-энергети-калық аймақ ретінде дүрілдеп тұрған кезі. Білікті де іскер кадрлары бар. Қанша тәжірибе болғанымен 58-ге қараған шағында жаңа жерде, жаңа ұжымда жұмыс істеудің оңай емес екені белгілі. Ең алдымен облыстың зиялы қауымымен ортақ тіл табуға тиістісің, сеніміне кіруің керек», деп жазады «Ойда қалған он жыл» атты естелігінде («Сарыарқа самалы» газеті, 1999 жылғы ақпан).

Шын мәнінде, Павлодар облыстық газетінің алдында өзіндік басылымды жетілдіру бойынша зор міндеттер тұрды. Оны іске асыру білікті редактормен бірге кәсіби мамандардың жұмылуын қажет етті. 1988 жылы облыстық газетте бірқатар есімдері елге әйгілі аға журналистер еңбек етіп жатты. Солардың бірі «Қызыл ту» газетінің табалдырығын 16 жасында корректор-курьер болып аттаған, кейін атақты Әзілхан Нұршайықовтың жолдамасымен ҚазМУ-де оқып келген Төлеубек Қоңыров болды. Т.Қоңыр 1960 жылдардан бері газетте еңбек ететін тәжірибелі журналист, кейін солтүстік 5 облыста облыстық газеттер жабылып, олардың орнына «Тың өлкесі» атты өлкелік газет ашылғанда бірнеше жыл Целиноградта жұмыс істеп келген болатын. Кейін облыстық газеттер қайта құрылғанда бірге оралған болатын. Ол өз естелігінде Әлғожа Мұхамеджановтың Павлодар өңіріне редактор болып ауысып келуін былай деп еске алып жазады:

«Торғай және Жезқазған облыстары тарады. Ондағы журналистердің біразы Павлодарға, Қарағандыға жіберілді. Бізге Әлғожа Мұхамеджанов пен оның бір қызметкері келді. Редактор Әлғожа – білікті журналист. Оны бірден таныдық. Қанша айтқанмен, мамандығын терең меңгерген. Ауа жайылыңқырап бара жатқан ұжымды тәртіпке келтіріп, жария-лылық заманында орныққан қиындықтан басылымды ойдағыдай алып шықты. Ұжымда әділдігімен, журналистік іскерлігімен есте қалды», деп еске алады Қазақстанның Құрметті журналисі, 1981 жылы КСРО «Құрмет белгісі» орденін иеленген журналист Төлеубек Қоңыр «Менің редакторларым» атты естелігінде («Сарыарқа самалы» газеті, 2016 жыл, 25 қазан).

Хош, сонымен редактор Әлғожа Мұхамеджанов киелі Кереку топырағын басты. Әрине, өзі жазып кеткендей, бұл шешім оны едәуір толғандырды. Бұл толғаныс жаңа мекендегі жұмысын мейлінше жауапты әрі кәсіби деңгейде жоспарлауға әсер еткені айқын. Кейін бұл туралы өзінің естелігінде де келтіріп өтеді:

«Ең алдымен журналистердің қабілет-талғамы анықталды, тақырып ұсынғанда бұл жағы қатты ескеріліп отырды. Қызметкерлердің шығармашылығына олардың қабілет көзін ашуға барынша назар аударылды. Еңбек зая кеткен жоқ. Бұрын шағын хабар жазудан әрі бара алмай жүрген кейбір қызметкерлер енді бүгінгі күн тақы-рыбына проблемалық мақалалар жазуға қалам сілтей бастады, көркем әңгімелерге ден қойды. Редакция қызметкерлері денінің осылай шығармашылық, қайта құру талаптарына сай ұйымдасты-руға жетеледі. Редакциялық алқа мәжілісінде бұларсыз газеттің келесі санын шығаруға болмайды делінген 24 топтама, айдарлар мен тақырыптық беттер бекітілді. Олардың жарық көретін апта, күнтізбектері жасалды, жауапты қызметкерлер бекітілді. Сөйтіп барлық ынта-жігер газет жұмысын алға алып баруға жұмылдырылды» дейді Ә.Мұхамеджанов өз жазбасында.

 «Қызыл тудан» — «Сарыарқа самалына»

Мақаламыздың басында бірден айтып өткеніміздей, Әлғожа

Мұхамеджановтың редактор ретінде пешенесіне Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің атауын ауыстыру несібесі бұйырды. Әрине, бұл салған жерден бола салған оңай дүние емес. Ол редактор болып келген уақыт кеңес өкіметінде жариялылық уақыты, қайта құру үдерісі жүріп жатқаны мәлім. Десе де, әлі де Одақ тарап, құрамындағы респуб-ликалар тәуелсіз мемлекет болып ыдырап кететінін ешкім батыл болжаған жоқ болар.

Дегенмен 1990 жылы Қазақ КСР өзінің егемендігін жариялап Қазақстан Республикасы атанды, алғашқы Президентін сайлады. Бұл жағдай бұған дейінгі тас бұғауды аздап босатқаны рас. Зиялы қауым өкілдері бірден жаңаша бағыттың келетінін аңдай бастады. Редактордың өзі кейін естелігінде жазғанындай, газеттің атауын өзгерту мәселесі 1990 жылдың басынан көтеріле бастаған. Алайда бұл бастамаға басылым құрылтайшылары, қазіргіше айтқанда, облыстық мәслихат құрамы және облыстық партия комитетінің өкілдері келіспей қойды. Дегенмен, бұл асыл арман көкейді тесіп жататын. Сол себепті газет редакторы мен журналистері ақылдаса келіп, алдымен құрылтайшылар құрамына редакция ұжымын енгізеді. Бұл туралы 1991 жылдың 13 қыркүйегінде халық депутаттары облыстық советінің шешімі шығарылады. Осылайша, ендігі жерде басылым атауын өзгертуді қолдаудың жаңа тетігі табылады. Алғаш рет «Сарыарқа самалы» газеті атауымен облыстық газет 1991 жылдың 26 қыркүйегінде жарық көреді. Онда бірінші беттен Ә.Мұхамеджановтің «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандарына үндеуі жарияланады.

«Үстіміздегі жылғы (1991 жыл — ред.() қыркүйек айының 13-жұлдызында болып өткен облыстық Советтің кезектен тыс VIII сессиясы «Сарыарқа самалы» газетінің құрылтайшылары етіп халық депутаттары облыстық Советі мен осы газеттің журналистер коллективін бекітті. Газеттің атқарар қызметі мен арқалар жүгі де осыған тікелей байланысты болмақ. Олардың бастылары: Павлодар облысының саяси, әлеуметтік және рухани өмірін кеңінен қамтып жазу, сондай-ақ өз оқырмандарын республикада, елімізде және дүниежүзінде болып жатқан маңызды уақиғалардан хабардар етіп отыру. Газет күнделікті қызметінде оқырмандарына арқа сүйейді, пікір алуандылығына жол береді, сөз болып отырған мәселе, көтерілген тақырып бойынша өзінің кесімді де тұжырымды ой-пікірін білдіреді. Қорыта айтарымыз, ізгілік —
үніміз, әділет — туымыз. «Сарыарқа самалына» сәт сапар тілейік, оның жанашыр жақыны, қамқоршысы мен демеушісі болайық, ағайын! Қазір алдағы жылдың мерзімді басылымдарына жаппай жазылу жүріп жатқанда мұны айрықша еске салғымыз келеді. Газет атауын өзгертуге атсалысып, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірген барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз», делінген «Ізгілік – үніміз, әділет – туымыз» атты редактор мақаласында.

Айтқандай, газеттің атауын жаңарту бірден бола салған жоқ. Алдымен лайықты атау табу мәселесі көтерілді. Газеттің жаңа атауына арнайы байқау да жарияланған. Жер-жерден түскен ұсыныстардың ұзын саны 80-нен асып кетеді. Сол тұста «Шамшырақ», «Азаттық үні», «Жаңғыру», «Ертіс толқыны», «Халық жаршысы» және тағы да басқа атаулар ұсынылғаны мәлім болып отыр. Әрине, бұл журналистер ұжымының да біршама ізденісіне әсер етті.

«Редакцияның отырыстарының бірінде бас редактор Әлғожа Мұхамеджанов: «Бұдан былай Сіздерден газеттің жаңа атауына байланысты тың ұсыныстар күтемін. Өз ойларыңызды, тілектеріңізді бүкпесіз айтыңыздар. Атау маз-
мұнды, көпшілік көңілінен шығатындай болсын», деді. Бұл бастамаға көпшілігі белсене қатысты. Редактор келесі бір отырыста редакция ұжымына газетті «Сарыарқа самалы» деп атау туралы өз ұсынысын білдірді. Барлығы бірауыздан қолдады. Осылайша, «Қызыл тудың» заңды жалғасы «Сарыарқа самалы» дүниеге келді. Журналистер газетті жаңа мазмұнда, жаңа бағытта, жаңа талаптар бойынша шығара бастады» деп еске алады сол кезде газетте еңбек еткен басылым ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллин ағамыз.

Айтқандай, көп журналистер әдемі де мазмұнды атауды іздеуге қатысты. Солардың қатарында ақын-сатирик, журналист Қажымұрат Смағұлдың да белсене араласқанын сол кездегі әріптестері жиі атайды. Жаңа атауды, онымен қатар жаңаша рухты иеленген газеттің дизайнын жасауды сол кездегі техникалық маман Николай Ступниковке жүктелгенін атап өту керек. «Ол кезде суретші-ретушер болып істейтін едім. Бір күні газеттің жауапты хатшысы Бақи Әбдіқадыров келіп,
газет атауының жаңа дизайнын ойластыруды сұрады. Мен «Сарыарқа самалы» атауының қандай мағына беретінін түсіндіріп беруін сұрадым. Бірден іске кірістім. «Сарыарқа» деген сөзді араб жазуы стилінде жаздым да, «самалы» деген тіркес сөзді қара фонға ақ түспен, самал желдің есуіне ұқсатып салып шықтым. Редакция ұжымының таңдауы осы нұсқа болды, дейді бір естелігінде ол.

Сөйтіп, егемендіктің нышанындай болған «Сарыарқа самалы» атауымен газет 1991 жылдың 26 қыркүйегінде алғаш рет оқыр-манға жол тартты. Бұл қазақ жұртының рухын оятудағы бір қадам еді. Бірақ әлі Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауына 2 айдай уақыт бар болатын. Сол кезде саяси ахуалдың аңысын аңдап, түбінде Тәуелсіздіктің Көк туы желбірейтінін болжай алған Ә.Мұхамеджанов бастаған ағалардың ерлігі алдында бас июіміз керек. Саяси жағдай өзгеріп кеткен жағдайда алдымен бас редактордың басы кететінін Ә.Мұхамеджанов пен журналистер алдын ала сезбеді деп айта алмаспыз. Бұл жауаптылықты қажет ететіні бесенеден белгілі. Бірақ журналистің жұртты оятуда алда болуы керек деген серт жүректе бас көтерген еді. Газет басшысы ретінде бостандықтың алғашқы қарлығашындай танылып, ұлттық рухты сілкінтуге жол ашатын басты шешім қабылдай алды. Арада 30 жыл өткенде бұл қадамның дұрыстығына куә болып отырмыз. Республика көлемінде Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта облыстық басылымдар жаппай атауын ауыстырғаны мәлім. Бірақ алғашқылардың бірі болып осы ерлікке пара-пар бастама Павлодар өңірінде іске асқаны айқын. Ұлттық үнпарақ өңір жұртшылығы үшін кез келген қоғамдық мәселені талқылауға арналған мінберге айналды. Ұлттық рухани бағдаршам болу мақсаты келелі ойларға жетелеп, газет беттерінде жаңа айдарлар ашыла бастады.

Әлғожа Мұхамеджанұлы «Saryarqa samaly» газетінде 1988 жылдан бастап 1998 жылға дейін еңбек етті. Ә.Мұхамеджанов редактор болуымен қатар «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі болғанын атап өту керек. Осы қоғам көтерген барлық мәсе-лелер газеттің бетінде орын алып, бастамаларына қолдау көрсетіп отырды. Оның ұлттық бағытта атқарған еңбегі туралы алдағы уақытта жаңа мәліметтер табыла түсетіні анық.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.