Өткен аптада экологиялық науқан аясында Ертіс өзеніне 3 мыңға жуық Сібір бекіресі жіберілді. Осылайша «Ертіс гидрометаллургиялық зауыты» ЖШС-нің эко жобасы шеңберінде Ертіс өзенінің биоәртүрлілігі бір жастан үш жасқа дейінгі бекіре тұқымдас балықтарымен толықты.

Айта кетейік, «Ертіс гидрометал-лургиялық зауыты» ЖШС соңғы жылдары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыс-тарында осындай іс-шараларды бірнеше рет өткізген. Бұл жолы олар маңызды эко шараны Павлодар қаласында өткізуді ұйғарды. Аталмыш акцияға қоғам қайраткерлері мен табиғат жанашырлары, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Кәсіпорын басшысы Арман Бейсембиновтің айтуынша, соңғы рет Сібір бекіресі 10 жыл бұрын осы балықты өсіретін жергілікті зауыт жабылған кезде Ертіс өзеніне жіберілген болатын.

— Бүгінгі іс-шара – ЭММК-ның алғашқы экологиялық акциясы. Ертісті балықпен қоректендіру туралы шешім осы мәселені зерттей келе қабылданған. Кәсіпорын су қоймасын тұқы балықпен толтыру тәжірибесін зерттеді. Балықтың бұл түріне алаңдаушылық білдірген павлодарлық ихтиологтардың пікірін ескере отырып, кәсіпорын оны Ертістің байырғы түрі болып табылатын Сібір бекіре балығымен қоректендіруді ұйғарды. Бұл — Қазақстанның маңызды су артериясын нығайтуға қосқан азғантай үлесі, — деді «Ертіс гидрометаллургиялық зауыты» ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов.

Павлодарлық ихтиологтардың айтуынша, соңғы 40 жылда Ертіс өзенінде бекіре тұқымдас балықтардың саны азайып қана қоймай, жойылуға шақ тұр. Қазіргі уақытта Сібір бекірелерінің санын қалпына келтірудің жалғыз жолы – жасанды жолмен көбейту.

— Сібір бекіресі — Ертіс бекіре балықтарының ең ірі өкілі, бұрын өзеннің бүкіл бойын мекендеген. Алайда соңғы онжылдықтарда олардың саны айтарлықтай қысқарды. Мысалы, Бұқтырма су қоймасында бекіре тұқымдас балықтардың мекендеу түрі қазір іс жүзінде жойылды. Сондықтан мұндай балық түрлерін қайта жерсіндіру мәселесі біз үшін маңызды. Бүгінгі таңда Ертіске жіберілген балықтардың жасы біздің Ертістің биоалуантүрлілігін одан әрі нығайтуға сенімділік береді, — деп атап өтті қаладағы белгілі ихтиолог, биология ғылымдарының кандидаты Александр Убаскин.

 

А.МҰҚЫШЕВ.