Биыл, яғни 2024 жыл ТМД-да «Волонтерлік қозғалыс жылы» деп жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтқан еді. Осы орайда Президент еріктілер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екенін де атап өтті. Шынымен, жұмысына ақы алмаса да, үлкен игі іс атқарып жүрген еріктілердің есімдері қоғамда көп жағдайда айтылып, бағалана бермейді. Дегенмен, елімізде волонтерлер қозғалысы дамып келеді. Мәселен, өңіріміздегі «VITA» іздеу ұйымының бүгінге дейін атқарып келе жатқан еңбегін айтпай кетпеске болмас. Жуырда ұйым жетекшісі Екатерина Кудрявцевамен еріктілер жұмысы туралы аз-кем әңгімелестік.

– Катерина Викторовна, бұл ұйым қалай ашылды? Алдымен осыған тоқталып кетсеңіз…

– Осыдан шамамен бес жылдай уақыт бұрын жоғалып кеткен адамдарды өз еркімізбен іздеуді бастадық. Ол кезде қалада із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге арналған ресми ұйымдар болмаған еді. Еш бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың дайындықтары болмады. Алғашқыда белгісіз жағдайда жоғалып кеткен қызды іздедік. Өкінішке қарай, көп ұзамай оны өлі күйінде таптық. Бұл жүрегімізге үлкен із қалдырды. Кейін көп ойланбастан іздеу жасағын құру туралы шешім қабылданды. Алғашында 5-10 адаммен жұмысымызды бастаған едік. Уақыт өте келе қатарымыз көбейе бастады. Бүгінде ұйым қатарында 50-ден астам ерікті бар.

– Жоғалған адамдарды іздейміз дедіңіз. Адамдар сіздерге көмекке қалай жүгінеді?

– Бізге полициядан немесе жоғалған адамдардың туыстарынан хабарлама түседі. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығатындар да бар. Егер жоғалған адам бала, егде жастағы қария немесе қандай да ауруға шалдыққан адам болса, онда бірден іздеуге шығамыз. Ал орта жастағы, дені сау адам болса, ол кезде алдымен жан-жаққа адам жоғалғаны туралы ақпарат жіберумен айналысамыз. Сондай-ақ, жоғалған адам туралы ақпараттың рас екенін білу үшін жақындарымен байланысқа шығамыз. Осылайша іздеу жоспарын құрамыз. Біз жоғалған адам соңғы рет болған жерді штаб деп атаймыз. Сол жерге волонтерлер жиналып, аймақта іздеу жұмысын бастайды. Егер ешқандай нәтиже болмаса онда тұтас қала іші мен сыртын қамтимыз. Бізден жақынын жоғалтып алған кез келген адам тікелей көмек сұрай алады. Байланыс нөмірлеріміз ғаламторда қолжетімді және әлеуметтік желілерде көрсетілген.

– Бүгінге дейін игі істер атқарып келесіздер. Іздестіру барысында қандай да бір қиындықтар туындауы мүмкін шығар.

– Иә. Бастапқы кезде рация, жарық шамдары туралы армандайтын едік. Ал қазіргі уақытта мемлекеттің гранттық қолдауы сияқты жобалардың арқасында ұйымға қажетті заттарды алуға мүмкіндігіміз бар. Орта есеппен 15-20 адам іздеу жұмысына атсалысады. Егер бұл күш жетпей жатқанда қосымша еріктілерді шақырамыз. Балаларды іздеу өте қиын және ауыр. Әсіресе, балада психикалық ауытқу болса, іздеу тіпті қиынға түседі. Олар өздерін қорғауды білмейді. Сондай-ақ, адамдармен сөйлесуден қорыққандықтан өз өміріне одан бетер қауіп төндіруі мүмкін. Ал дені сау бала жоғалған жағдайда қасында кетіп бара жатқан адамға жоғалғанын айтып, өзін қорғау әрекетін жасайды. Сондықтан оларды іздеген кезде тез әрекет етіп, аман-сау күйінде табылуына бар күшімізді саламыз. Бірінші кезекте волонтер қауіпсіздік ережелерін білуі керек. Өйткені, іздеу жұмысы күрделі бағыт болғандықтан еріктілердің өзі қауіпке ұшырап жатады. Сондықтан біз оларға алдын ала үйрету сабақтарын өткіземіз. Өзіңді қалай ұстау керек, қалай киіну керек, адам іздегенде қандай құрал болу керек екенін айтамыз. Әрине, әрқайсысында бейнебақылау камерасы болғанын қалаймыз. Штаб үйлестіруші әрбір волонтерді бейнебақылау камерасы арқылы қарап отырса жақсы болар еді. Бірақ оған қаржылық мүмкіндік жоқ. Біз барлық жұмысты тегін істейміз, демеушіміз де жоқ.

Сондай-ақ, көп жағдайда егер іздестіріліп жатқан адам тірі табылмаса, волонтерлер оқиғаны моральдік тұрғыдан көтере алмай жатады. Мұндай жағдайда қозғалыстың жұмысынан шеттеп, бірақ кейін араға жылдар салып қайтып оралған әріптестеріміз бар. Қанша жерден тез әрі тірі табылғанын қаласақ та, іздеу жұмысы қайғылы жағдаймен аяқталатын кездер көп. Мәселен, жуырда өлі күйінде табылған Милананың жағдайын алып қарасақ болады. Әрине, олардың жақындарының уайымын көрген соң, жүрекке ауыр тиеді. «Іздеу жұмыстары аяқталды, бірақ өлі күйінде табылды» деген ақпарат біз үшін өте ауыр.

– Бұл жұмыстардың барлығы қаржыны талап ететіні анық. Мемлекет немесе демеуші тарапынан материалдық қолдау бар ма?

– Қозғалыс мемлекет балансында емес. Сондықтан ешқандай қаржылық қолдау жоқ. Барлығы еріктілер есебінен жүзеге асырылады. Біз мемлекеттік құрылымдармен, мәселен, полиция органдары, ауруханалар, білім беру мекемелері сынды тағы басқа ұйымдармен бірлесе қызмет атқарамыз. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыстамыз. Жоғалатын адамдардың қатарында қарттар мен балалар көбірек. Жоғалған адамдардың осы санатын іздеуге біздің еріктілер уақыт оздырмай шығуға тырысады.

– Облысымыздың өзінде айына қаншама адам жоғалып кетеді. Олардың үйлерінен кетіп қалуына қандай себептер болуы мүмкін?

– Себебі, әртүрлі. Егер жасөспірімдерді алсақ, ересектерге мінезін көрсеткісі немесе реніш-өкінішін үйден кетіп қалу арқылы білдіргісі келеді. Мүмкін, ата-анасының назарын өзіне аудартқысы келеді. Ал үлкен жастағы адамдар адасып кетеді. Мәселен, бір жағдайға мысал келтірейін. Өткен жылы Екібастұз қаласының 62 жастағы тұрғыны таңғы 05.30-да үйден шығып кеткен. Ол кісіні екі аптадан аса уақыт іздеуге тура келді. Дегенмен, тірі табылмады. Сол секілді жоғалу фактілері бір-біріне ұқсамайды. Олардың табылу жолдары да әртүрлі. Кейбірі тез, кейбірі араға біраз уақыт салып табылады.

– Бүгінде қоғамда жаны жомарт адамдар баршылық. Әсіресе, олар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүреді. Сондай адамдарды сіздер де кездестірген шығарсыздар.

– Әрине, ондай адамдар көп. Мәселен, жақында Павлодар қаласының Ермак көшесіндегі үш қабатты үйлердің бірінде екі бөлмелі пәтер отқа оранды. Бала ұйқыдан оянған соң ас үйге барып, шырпымен креслоны тұтатқан. Әрі қарай ештеңе түсінбестен балконға шыққан. Қиын жағдайды басынан өткеріп жатқан отбасының тағдырына бей-жай қарамайтын мейірімді жандардың қолдауымен екі күннің ішінде 3 млн 227 мың теңге жиналған. Бастапқыда қаражат жинаудың мақсатын өзгертіп, Даун синдромы қойылған бала тәрбиелеп отырған Виталий мен егде жастағы анасына пәтер сатып алу жоспарланған. Дегенмен, баспана иесімен ортақ келісімге келу мүмкін болмаған. Соңында Виталиймен сөйлесіп, ақшаның бір бөлігіне жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін сатып алу туралы шешім қабылданды. Бұл – Виталийдің қалауы. Қалған қаржы жанып кеткен пәтерді қалпына келтіруге және көршілеріне келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады, – дейді еріктілер. Әлі де бұл отбасына көмектесуге ниетті жандар болса, кеш емес.

– 2020 жылы еліміздегі еріктілер жылында сіздерге қандай қолдау көрсетілді? Жалпы, ерікті болу оңай ма?

– Ерікті болғысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау жасалып отырғандығы қуантады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет волонтерлік қозғалыстың рөлі туралы атап өтті. Жалпы, еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отырған Мемлекет басшысына алғыс айтқымыз келеді. Өйткені, еліміздің болашағы үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақыруда, адамдардың бір-біріне қамқорлықпен қарауына еріктілер қозғалысынан үйренетін тұстары көп. Осы орайда біз өзіміздің күш-жігеріміз арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлесімізді қоса аламыз.

Негізі, ерікті болу – әр адамның жеке басының таңдауы. Бұл іспен айналысу дегеніміз, көпшілік ойлайтындай, толығымен тегін жұмыс атқару емес. Меніңше, ерікті ұғымы одан да биік дәрежеде. «Жақсылық істесең, алдыңнан шығады» деп тауып айтылған. Ол – әлемді жақсартуға деген ынта мен ниет. Жастардың қолдан келген барлық көмегін көрсету, қоршаған орта мен жан-жануарларды қорғау, үлкен-кішілерді қолдау, яғни әлемді нұрландыруға барынша атсалысуы – құптарлық іс. Бұл іспен айналысу, кем дегенде бір пайдалы жұмыс істеп, нәтижесінде өзіңнің ғажап сезімге бөленуің дер едім. Еріктілер жұмысы адамзаттың әлемге, қауіпсіздікке, еркіндікке, әділдікке және барлық адамдарға көмек көрсетуге деген мәртебелі қасиеттерінің пісіп-жетілуіне ықпал етіп, адам бойындағы ізгі қасиеттерді дамытады.

– Жастардың ерікті болуға деген белсенділігі артып келе ме?

– Біздің облыста еріктілер өте белсенді. Ерікті болу – жүректің ісі. Біз өз жұмысымызды еріктілік қызметті дамытудың жеті ұлттық бағыты аясында жасалған «Біргеміз» жалпы тұжырымдамасы бойынша атқардық. Бұл – білім беру, медицина, экология бағыттарындағы еріктілік. Қарт адамдарға көмек көрсету, қиын жағдайда жүрген адамдарға ақыл-кеңес беру, рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған еріктілік. Еріктілер – қоршаған орта мен қоғамға жаңа игі өзгерістер әкелуді қалайтындар. Сонымен қатар, жасаған жақсылығы мен атқарған жұмысы үшін ақы сұрамайтын жандар. Бұл – мұқтаж адамдарға риясыз, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз шын көңілден көмек, қалтқысыз қолдау көрсетуге бағытталған қызметтің ерекше үлгісі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.