Павлодар облысында шыбын-шіркейді улау жұмыстарына облыстық бюджеттен  алдағы үш жылға 7,8 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Қомақты қаржы бөлінген соң өңделетін жер көлемі де биыл екі есеге дейін ұлғаяды. Дезинсекциялық шараларды «ВиК ЛТД» мердігерлік ұйымы жүргізіп, «Биосфера» ЖШС ғылыми сүйемелдеу жасайды.

 

Ағымдағы жылы дезинсекциялық шараларды жүргізуге үш жылдық келісімшарт жасалып, жұмыс алгоритмінің жиілігі артты. Мердігермен жасалған келісім-шарт сомасы 7,8 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, өзендерді өңдеу жұмыстарына да айтарлықтай өзгерістер енгізіліп, Ертіс жайылмасы биыл қатарынан үш рет өңделетін болады. Бұған биыл алғаш рет өңдеуден өтетін Павлодар және Ертіс аудандарының жайылмалары да кіреді. Облыс орталығында күнделікті тосқауылдарды өңдеуден бөлек, бас мердігер Ертіс өзенінің жағасында орналасқан төрт ауданға қарасты (Павлодар, Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл) 59 елді мекенде дезинсекциялық жұмыстар жүргізеді.

Бұрнағы күні қанатты зиянкестерге қарсы «Бактицид» биопрепаратының 60 тонна көлемінде алғашқы партиясы жеткізілді. Қалған бөлігі наурыз айының соңына дейін жеткізіледі. Мамандар биыл жалпы 157 тонна препарат қолдануды жоспарлап отыр. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов дезинсекциялық жұмыстарды жүргізетін мердігер компанияның дайындығын тексеріп, жауапты сала мамандарына барлық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізуді жүктеді.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқар-масының басшысы Әйгерім Қабылтаева биыл дернәсілдерге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізілетін жайылманың ауданы екі есеге жуық ұлғайғанын айтып, әуеден өңдеу жұмыстары аймақтық мердігерлермен орта-лықтандырылатынын атап өтті.

– Былтыр біз 70 мың гектарға жуық жайылма алқаптарын өңдедік. Ал биыл 127 мың гектар жер өңдеуден өтеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға артық. Дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу кезінде облыстық мердігер Ертіс жайылмасын үш тәсілмен өңдейді. Атап айтсақ, әуе, өзен және тосқауылдарды өңдеу. Павлодардың жағалау аймағы, Ақсу, Ақтоғай және Тереңкөл жайылмаларынан басқа биыл алғаш рет Ертіс және Павлодар аудандарының жайыл-малары да әуеден өңделеді. Басқа аудандарда да қанатты зиянкес-терге қарсы күрес жұмыстары күшейтіледі. Бүгінде Май, Железин және Аққулы аудандарының әкім-діктері тосқауылдарды өңдеуге бюджеттен 20 миллион теңге бөлді. Қазірдің өзінде барлық ауданда мердігер компаниялар анықталды. Техникалық шарттарға сәйкес кедергілерді өңдеу үшін шағын ұшақтарды, тікұшақ-тарды және материалдық еңбек ресурстарын пайдалану жоспарлануда, — деді басқарама басшысы.

Ал шыбын-шіркейдің популяциясын біржола құртып жіберуге болмайтынын айтқан биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов «Бактицид» микробиологиялық препараты біздің өңірде 10 жылдай қолданылып келе жатқанын атап өтті. Ғалымның пікірінше, дәрнәсілдерді уақытылы өңдеу — шыбын-шіркеймен күре-судің жалғыз әрі тиімді жолы. Соңғы 25 жылдағы зерттеулер мұны айқын дәлелдеп отыр.

— Шыбын-шіркейдің «Бактицид» деген биологиялық препаратқа бейімделуі байқалмайды, ал дәрінің қоршаған ортаға тигізетін зияны елеусіз. Ертіс өзенін жағалай орналасқан елді мекендер маңайын өңдеу шараларына биыл да бұл препарат қолданылады. Біз 2000 жылдан бері сары маса мен шіркейді зерттеп келеміз. Алғашқы жылдары бір дециметр аумақта шіркейдің 6-7 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл сайын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 1-1,5 мың данаға дейін төмендеді. Негізі дернәсіл даму барысында төрт мәрте түлейді. Бекітілген стандартқа сүйенсек, егер биологиялық препарат қолданған жердегі дернәсілдердің 80 пайызы жойылса, өңдеудің нәтижелі жүргізілгенін білдіреді. Ал қанаттанып шыққан шіркейлерді жою үшін кезекте химиялық, барьерлік өңдеу күтіп тұрады, — дейді ғалым.

Облыс әкімі Асайын Байханов ауа райының ықтимал күрделілі-гіне қарамастан, өңделетін аумақ көлемінің ұлғаюына байланысты жұмыс стратегиясы мен күрес шараларының алгоритмін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы экологиялық қауіпсіздіктің маңыздылығына назар аударып, жауапты сала мамандарына қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ,

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.