Маусым айы бастала сала алқымнан алған аптап ыстық жұртты әлекке салуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар мен ауылдағы мал ұстаған ағайын жауынды күтіп, алаңдап отыр. Осындай құрғақшылық қысқан кезде тасаттық беру ғұрпы қазақ халқында әлі де өзектілігін жоймаған.

Тасаттық қандай амал?

Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген ұғым бар. Ұғымның жалғасы ретінде «Жұт жетеу, содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он» деген мақал да сақталған. Халық даналығы осы арқылы табиғат апатының зардабы адамның өзіне байланысты екенін аңғартқан. Ертеде ата-бабаларымыз мұндай жағдайлардан әртүрлі жолмен сақтануға тырысқан. Жерге тамшы тамбай, ауа температурасы да көтеріліп, қуаңшылық болған кезде жұрт жиылып орындайтын тасаттық рәсімі — соның бір мысалы.

Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы тасаттық беру рәсімінің мәнін, маңызын былай түсіндіріп берді:

— Алла Тағала әркімге әртүрлі сынақ береді. Сол кезде сабырлық, тәубе етуіміз қажет. Әсіресе, табиғи құбылыстардың өзгеруі — бұл адамзатқа берілетін үлкен сынақтардың бірі. Алдымен Аллаға сеніп, кейін ақылмен, даналықпен шешу керек. Мәселен, биылғы жаз кезінде күн ыстық, жауын-шашын жоқ, құрғақшылық жоғары. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін ауыр. Оларға қол ұшын созу мақсатында жергілікті имамдар мен елді мекен тұрғындары жыл сайын тасаттық беруге тырысады. «Тасаттық» сөзі қандай мағына береді? Қазақ тіліне «тасаттық» сөзі Құраннан енген. Яғни, «тасаддуқ» сөзі – Алла разылығы үшін қайыр, садақа беру мағынасын білдіреді. Тасаттық ғұрпы қалай орындалады? Тасаттық әдетте ашық аспан астында, өзен, көл немесе бұлақ басында орындалған. Құрбандыққа дені сау, күйі жақсы, арнайы дайындалған мал сойылған. Бірақ шалынған құрбандықтың етін өзенге, суға ағызу немесе сол жерге тастап кету – ысырапшылық әрі харам іс. Оданда сол етті мұқтаж бір отбасыға берген сауаптырақ немесе сол етті пісіріп, жиылған халыққа ас берсе де қате емес. Алайда, адал сойылған малдың етін рәсуа ету – үлкен күнә. Рәсімде құрбандық шалынғаннан кейін имам Құран аяттарын оқып, жамағатпен бірге дұға тілейді. Екі рәкәғат намазын оқиды. Оның нәтижесі Алланың қалауымен болады, — дейді Ж.Қоспақұлы.

Күні кеше  ғана «Құлагер» ипподромында тасаттық рәсімі өткізілді. Онда көпшілік қауым құрбандық шалып, жаңбыр жаууын тілеп ниет қылды.

Амалға сену әурешілік пе?

Май ауданы Кеңтүбек ауылының тұрғыны Берік Сыздықовтың айтуынша, өткен айда ауылда құрғақшылықты тоқтатып, жауын шақыру үшін тасаттық берілді. Бұл рәсімнің орындалуына елді мекен ақсақалдары ой салған.

— Биылғы жыл құрғақ болды. Маусымнан бастап күн ысып, жердің бәрі сарғайып, біздің ауыл-аймақ тасаттық бере бастады. Біз де ауылдың ақсақалдары, кәсіпкерлері бірігіп құрбандық шалдық. Елді мекен маңындағы Қарабұлақ бөлімшесіндегі  судың жағасына барып, 6 қой сойылып, 2 қойдың еті мұқтаж адамдарға таратылды. Молда келіп, арнайы тасаттыққа бағышталатын дұға оқыды. Ауылдың бәрі жиналды: жасы да, кәрісі де осы ғұрыптың куәсі болды, – дейді ол.

Айтуынша, осыдан бір жыл бұрын да ауылда тасаттық берілген.

— Бір жыл бұрын қатты құрғақшылық болып, тасаттық жасадық. Бұл жыл сайын беріле бермейді, әрине. Бірақ өткен жылы да күн қатты ысып, құрғақшылық болды. Бізден соң бірнеше көрші ауыл да тасаттық берді, – дейді Б.Сыздықов.

Ал Павлодар қаласының тұрғыны Мейрамгүл Қажықенова мұндай діни наным-сенімдермен орындалатын амалдардың пайдасынан гөрі, шығыны көп дейді.

— Наным-сенімге сенбеймін. Себебі, бұл — құр әурешілік. Жауын-шашынды беретін аспан. Меніңше, құрғақшылық кезінде ел-азаматтары жиналып, Құран бағыштаса жеткілікті. Оның соңын аста-төк ас ішуге жалғаудың қажеті шамалы, — дейді ол.

Жалпы, тасаттық қабылданбауы мүмкін жағдайлар болады екен. Бірақ тілек қабыл болуы үшін жаңбыр сұрауға шыққан уақытта Аллаға күнәлары үшін шынайы тәубе етіп, ренжіскен адамдар болса бір-бірінен кешірім сұрап, садақаларын беріп шығады. Егер жауын жаумаса, екінші және үшінші күндері тағы қайталаса болады. Тасаттық тек құрғақшылық кезде Алладан жаңбыр тілеу үшін орындалады.

Аптап ыстық әлі алда

Соңғы күндері өңірде ауа температурасының түспей тұрғаны рас. Алдағы күндері +41 градусқа дейін бармақ.

«Қазгидромет» мамандары соңғы 43 жыл ішінде ауа температурасының қалыпты нормадан жоғары болатын күндерінің көбейгенін айтады. Сондай-ақ, Қазақстан тарихында ең ыстық және ең суық ауа температурасының қашан тіркелгені белгілі болды.

— 1976-2017 жылдары аралығында Түркістан, Қызыл-орда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан облыстарында ауа температурасы 35 градустан асатын күндердің көбейгені байқалады. Әр он жыл сайын олардың саны 4, 8 күнге ұзарған, – дейді мамандар.

Сондай-ақ, олар жылу толқы-нының жылдамдығы орташа есеппен Қазақстанның барлық дерлік өңірінде артқанын айтты. Қазақстанның батыс бөлігінде, әсіресе, Маңғыстау облысында әр он жыл сайын олардың саны 6-10 күнге артып отыр.

— Қазақстанда ең ыстық ауа райы Түркістан облысында + 51 градус 1951 жылы 1 шілдеде тіркелген. Ең суық ауа райы Ақмола облысында – 51,6 градус 1893 жылы 5 қаңтарда тіркелген, – дейді олар.

Түйін:

Тамырымызға сіңіп кеткен тасаттық беру дәстүрі көпшіліктің санасына тек жаңбыр сұрау немесе күннің күркіреуін тілеу сынды көрінісімен жақсы таныс. Ол — тек тамақ жеу емес, елдің амандығын тілеу, бауырмашылықты арттыру, үлкен мен кішінің арасын жақындату, жақсылыққа үндеу, ел болып дұға жасау, ауызбіршілікті насихаттау. Бастысы, ниет болса болғаны. Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Айдана БОРАНБАЕВА.