Облыс орталығындағы «Затон» шағын ауданында орналасқан екіқабатты ескі үйлердің «жыры» аяқталар емес. Өткен ғасырдың ортасында ағаштан уақытша салынған баспана орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне қосылмағаны белгілі. Тұрғындар қаланың қақ ортасында қыс бойы от жағып, суды құдықтан тасып амалдап отыр. Апатты жағдайда тұрған үйлер құлауға шақ тұр. Тұрғындар әлі күнге дейін «үй сүріле ме, өмір сүрем бе» деген тұңғиық ойдың жетегінде жүр.

 

Екіқабатты үйлер кезінде дүркіреп дамыған кеме жөндеу зауытының қызметкерлері үшін салынған. «Өз заманында» коммуналдық желілердің барлығы жұмыс істеп тұрған. Уақыт өте келе жылу мен кәріз жүйелері істен шыққан. Салдарынан баспаналарда жарықтан басқа ештеңе қалмаған. Амалы таусылған тұрғындар екі қабатты үйдің ауласынан дәретхана қазып, жақын маңдағы құдықтан шелектеп су тасуға мәжбүр. Жергілікті жұртшылық соңғы 10 жыл дересінде әбден титықтатқан бұл мәселені облыс пен қала басшы-лығына талай рет айтып, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен, түйткілдің түйіні тарқар емес. Пәтер иелері «бір күні үйіндінің астында қаламыз, ыс тиіп уланамыз» деп қауіптеніп отыр. Күн сайын бұл қауіптері сейілудің орнына күшейіп келеді.

– Бұл үйде ұзақ уақыт тұрамын. 2018 жылы үйдің төбесі опырылып түсіп, әкімдік «өздерің істеп алыңдар» деді. Амалсыздан зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қаражат жинап, өзіміз реттеп алдық. Жасым 75-ке келді. Көмір, ағаш, суды екінші қабатқа дейін тасып, ауыр көтеріп, денсаулығым сыр бере бастады. Мәселемізге құлақ түріп, әкімдік мамандары да, депутаттар да келді. Бізге берілуі тиіс пәтер көлемін есептеп отырғанымыз жоқ. Отыз шаршы метрді құрайтын, инфрақұрылымы бар шағын пәтер берілсе де жеткілікті, – дейді Саттар Мехешов. Мұндағы қабырғасы сөгілген пәтерлердің кейбіреуі бос тұр. Ал барар жері, басар тауы қалмаған азаматтар қауіпті баспананы пана-лауға мәжбүр.

– Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Баспана деген аты ғана бар. Жаһандану заманында өмір сүрсек те өркениетке қол жеткізе алмай келеміз. Бұл үйлерді сүріп, орнына жаңа баспаналарды салу туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Әттең, өтінішімізді еститін құлақ жоқ. Оған да көндік. «Тым құрығанда жылу мен кәріз жүйесін тартып берсеңіздер» деген базынамызды да білдірдік. Тағы тым-тырыс. Бұл үйлердің бірі құлаған кезде ғана билік іске кірісер, бәлкім, – дейді Гүлжайнат Мусина. Үйлерді апатты деп тану үшін тұрғындар өз күштерімен сараптамалық бағалау жүргізу қажет екен. Ол үшін бұл қызметке лицензиясы бар кәсіпорындардың көмегіне жүгіну керек. Заңнамаға сәйкес, ескі үйлерді сүру үшін алдымен ондағы тұрғындарға уақытша тұратын баспана ұсынылуы керек екен. Әкімдік пәтерақысын төлеп тұруға дайын. Бірақ ол қаншалықты жалғасады?

– Бүгінде қаланың ескі аудандарын қайта жаңғырту бойынша кешенді бағдарлама әзірленді. Оған сәйкес, Академик Марғұлан – П.Васильев – Академик Бектұров – Гагарин көше-лерін жоспарлау шаралары қолға алынған. Павлодар қаласы әкімдігі инвесторлармен меморандумға отырып, «Затон» шағын ауданындағы ескі үйді бұзып, жаңа үй салу мәселесіне кірісті. Жоспар бойынша Генерал Дүйсенов көшесі, 304 және 306 мекенжайлары бойынша орна-ласқан үйлер сүріледі. Кейін 9 қабатты жаңа үй салынады. Қазіргі уақытта инвестор пәтерлерді сатып алуда. Үй салынғанға дейін жалдамалы үйдің пәтерақысын төлеп тұрады. Жаңа үйдің құрылысы кезең-кезеңмен атқарылады, – деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Байқағанымыздай, бұл мәселеде сең қозғалған сияқты. Алдағы уақытта жоспарланған шаралар нақты атқарылып, тұрғындар жапа шекпесе болғаны.

Оралхан ҚОЖАНОВ.