Осы аптада оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығады. Биыл аймағымызда 109 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьмен, сауықтырудың барлық түрімен қамтылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары еңбекпен қамтылып, жергілікті шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтеді. Жаз мезгілінде балалардың демалысы қалай ұйымдастырылады? Қауіпсіздік шаралары қалай ескерілуі тиіс? Осы және өзге де мәселелер аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен  өткен аппараттық жиында талқыланды.

Назардан тыс қалмауы қажет

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина өз баяндамасында алдымен 9-ыншы және 11-інші сынып оқушыларының қорытынды аттес-таттау шарасына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, аталған аттестаттау шарасы 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өткізіледі. Облыс бойынша 9-сыныпта 10778 оқушы білім алады. Олар 4 пәннен мемлекеттік емтихан тапсырады. Сондай-ақ, биыл аймағымызда 4322 түлек мектеппен қоштасады. 15 мамырда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы 5 шілдеде аяқталады. ҰБТ-ға 3647 оқушы қатысады. Бұл мектеп бітіруші түлектердің 84,6 пайызын құрайды.

– Биыл 27-31 мамыр аралығында алғаш рет 5 және 8, 10-сынып оқушылары үшін қазақ тілі пәнінен емтихан өткізілетін болады. Оқу жылы аяқталысымен білім сапасын арттыру, оқушылардың білім алу деңгейіндегі олқылықты толтыру мақсатында  ағымдағы жылдың 27-31 мамыр аралығында және 26-30 тамыз аралығында әр білім беру мекемесінде жазғы мектеп ұйымдастырылатын болады. Сабақтарға қатысу ерікті түрде және тегін өткізіледі. 1-8 және 10-сыныптардың оқушылары ата-аналардың өтініші негізінде қатыса алады. Жалпы 91 мыңнан астам оқушы жазғы мектепте білім алады деп жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, – деді Самал Оспанқызы.

Аппараттық жиында Самал Айтқазина оқушыларды жазғы лагерьмен қамту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 43 мыңнан астам оқушыны қамтитын мектеп жанынан 304 лагерь ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 467 бейінді лагерь мен жасақтардың жұмысы ұйымдастырылмақ. Оған 56 мыңнан астам оқушы қатысады. Биыл бейінді лагерьлер желісі және оның қызметі ұлғаятын болады. Мәселен, Аққулы ауданында 5 киіз үй лагері, 3 шатырлы лагерь ұйымдастырылады. Екібастұз қаласында 5 мектепте 5 киіз лагері орналастырылатын болады.

– 25 сәуірден бастап қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы мен төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, лагерьлердің дайындығына мониторинг ұйымдастырылды. Оқу орындарының аумағында спорттық жабдықтардың қауіп-сіздігі назарға алынды. Жаз айында оқушыларды еңбекпен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте Ақсу қаласы «Сергей» шаруа қожалығы және Евгеньевка ауылындағы «Тимур» шаруа қожалығы, Шарбақты ауданындағы «Победа» шаруа қожалығы, Павлодар ауданындағы «Луганск» өндірістік комбинаты, «Ертіс орманы» резерваты ынтымақтастық деңгейде жұмыс ұсынуда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 5 мамыр мен 30 тамыз аралығында «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы өткізілуде. Бұл ретте қауіпсіз аттракцион, қауіпсіз су айдыны, қауіпсіз терезе мәселелері қамтылады. Білім беру мекемелерінің әлеуметтік парақшаларында лагерьлер бойынша ақпараттандыру жадынамалары орналастырылды. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша смс-хабарламалар да таратылуда, – деді Самал Оспанқызы.

Аймақ басшысы күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша ата-аналарға тікелей эфир ұйымдастыруды тапсырды. Бұл ретте әрбір сұраққа толық жауап беру маңызды. Әсіресе, балаларды жазғы уақытта жұмыспен қамту, демалыс орындары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кең көлемде мағлұмат берілуі тіис. Сонымен қатар, жазғы демалыс мәселесі бойынша жедел желі телефонын бекітуді жүктеді.

– Балалардың жазғы демалысы тиянақты ұйымдастырылуы керек. Ешбір бала назардан тыс қалмауы қажет. Қала-аудан әкімдеріне көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар демалатын жазғы нысандарды тексеруді тапсырамын. Павлодар қаласы, Баянауыл, Шарбақты, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында оқушыларды уақытша жұмыспен қамту орындары жеткіліксіз. Сондықтан әкімдерге бұл бағытта жұмыс атқаруды жүктеймін. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін сақтау құқық қорғау органдарымен қатар, ата-аналардың да бақылауында болуы тиіс. Кешкі уақытта рейдтік шараларды күшейту керек. Әсіресе, жағалауда күшейтілген режимде ұйымдастырылуы тиіс. Жазғы лагерь басталмай тұрып балалармен жұмыс істейтін адамдардың соттылығы бар-жоғын тексеру маңызды, – деді А.Байханов.

Тозу деңгейі жоғары

Сонымен қатар, жиын барысында жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы кезеңге дайындық пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов баяндамасында облыста жылыту маусымы 2023 жылы 18 қыркүйекте басталып, ағымдағы жылы 22 сәуірде аяқталғанын айтты. Әлеуметтік саланың және тұрғын үй қорының барлық нысаны температуралық кестеге сәйкес жылумен қамтамасыз етілді.  Күн сайын электрмен, жылумен, сумен қамту және су бұру желілеріндегі авариялық ажыратуларға жедел мониторинг жүргізілді. Жылыту маусымы кезінде технологиялық ақаулар болды. Бұл ретте энергия көздерінде 226 ажырату тіркелді. Бұл өткен жылыту маусымының сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе аз. Инженерлік желілерде электрмен жабдықтау кезінде өшірулер саны екі есеге ұлғайды. Бұл жағдайларға желілердің тозуы және қатты желдің орын алуы себеп. Қазіргі уақытта электр желілерін жаңғырту бойынша жол картасының жобасы әзірленді. Энергия көздерінде негізгі құрал-жабдықтардың тоқтап қалуы бойынша тіркелген жағдайлар өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайды. Облыс тұрғындарынан жылу мөлшерінің аздығына байланысты 2690 шағым түсті. Оның 77 пайызы яғни, 2063 өтініш расталмады.

– Биыл 2024-2025 жылдардағы жөндеу науқаны шеңберінде электр станцияларында 31 негізгі жабдықты күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бұл ретте 8 энергоблок, 14 қазандық,7 турбина және 2 түтін құбыры жөндел-
мек. Бүгінде 2 жабдық жөндеуден өткізілді, 12 жабдықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қалған 17 жабдықтағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмады. Энергия өндіруші кәсіпорындар жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауы керек. Жалпы ұзындығы 2195 км электр желісі мен 691 электр нысанына жөндеу жүргізу жоспарлануда. Ал жылу желісі бойынша 33,5 км желі, су бұру желілерінде 40 км желі жөндеуден өтеді, – деді Е.Иманзайыпов.

Аймақ басшысы электр энергия көздеріндегі ақау саны 25 пайызға азаюының басты себебі – ауқымды жөндеу жұмыстарының жүргізілуі екенін атап өтті. Сондықтан ақау саны азайды деп осы бағыттағы жұмыстар тоқтамауы тиіс.

– Біздің облыста жылу желілерінің тозу деңгейі жоғары деңгейде. Екібастұз қаласында 90 пайызға жақындады. Ақсу қаласында 80 пайыз, Павлодар қаласында 86 пайызға тең. Сондықтан күрделі және ағымдағы жөндеуді қарқынды жүргізуіміз керек. Әр әкімдікте бюджетте қарастырылған қаражат бар. Оның үстіне монополистердің инвестициялық міндеттері бар. Сол жұмыстардың бәрін толық бақылау керек. Бұл бағыттағы жұмыс тек қана энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының міндеті емес. Бірінші кезекте қала-аудан әкімдері жауапкершілік танытуы тіис.

1 маусымға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандардың жаңа жылу беру маусымына дайындығы жөнінде арнайы іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеймін. 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік нысандарға қажетті көлемде көмірді сатып алуды қамтамасыз ету қажет, – деді А.Байханов.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.