Қазіргі нарықтық заманға байланысты «Қаланы ауыл асырайды» деген тіркес бар. Иә, расында қанша жерден қалалық болсаңыз да, дастарқаныңызды мал өнімінсіз елестете алмайсыз. Бұл — қыстың қақаған аязы мен жаздың шіліңгір ыстығында төрт түлік малдың соңында жүрген шаруалар қауымының еңбегі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Еңбегі еленбейтін екі мамандық болса, соның бірі малшылар болар. Сондықтан, осы кісілердің алдағы кәсіби мерекесі – Малшылар күніне орай таңнан кешке дейін табын бағып, отар соңында жүрген азаматтардың еңбегін көрсетуді жөн санадық. Бұл күн ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №449 Қаулысына сәйкес, маусым айының екінші жексенбісіне белгіленген болатын.

Біздің бұл жолғы кейіпкеріміздің есімі – Ринат Фарабаев. 2013 жылдан бері Баянауыл ауданы Ақсаң ауылдық округіндегі «Абылай» шаруа қожалығында шопан болып жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы Абылай Жүнісовтің сөзінше, шаруашылыққа келген жылы алдына салып берген жүз бас малдың санын 10 жыл ішінде бір мыңға жеткізген.

— Ринат – өте еңбекқор жігіт. Қойдың күтімін жақсы біледі. Жаз уақытында отарды таңғы сағат төртте өріске шығарып, кешке қараңғы түскенге дейін бағады. Ал қысқы уақытта таңғы сағат 9-10-да жұмысқа кіріседі. 2013 жылы 100 бас саулық қой алып, өзінің иелігіне бердім. Содан бері тапжылмай еңбек етіп, қойдың санын мыңға жеткізді. Алғашқы жылдан бастап жүз саулықтан жүз қозы алып келеді, — дейді шаруашылық басшысы Абылай Жүнісов.

Біздің бұл кейіпкерлеріміз қазақтың «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген нақылын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Дегенмен төрт түліктің ешқайсысы өзінен өзі көбеймейді. Оның артында талай адамның сұрапыл еңбегі мен төгілген маңдай тері бар. Себебі, «қой шелді болмай, төлді болмайды». Егер жаздыгүні қырдың құнарлы алқабына жайып, семірмесе, көктемде дұрыс төл бермейді, тіпті төлдеді деген күннің өзінде оны асырай алмайды. Шопанның жаздыгүнгі міндеті отарды өріске апарып, әкелу ғана емес, ешкінің түбітін тарау, қойдың жүнін қырқу, ауырғандарын емдеу, жаңа туған қозыларды ауыздандыру сияқты жұмыстар шаш- етектен. Міне, осындай күтіп-баптау жұмыстарының барлығын шопан Ринат бір өзі атқарады.

— «Абылай» қой шаруашылығы орналасқан Ақсаң ауылы – қой өсіруге қолайлы жер. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Жазда қатты ыстық болмайды, қыста көп қар тоқтамайды. Яғни, қойды қыстың өзінде өріске бір шығарып келеміз. Шаруашылықта негізі қой түлігінің еділбай тұқымы өсіріледі. Еділбай қошқарларына деген сұраныс елімізде ғана емес, сонымен қатар, шетелге де сатылып жатыр. Бұл — қазақ шопандары үшін үлкен жетістік. Дегенмен әттеген-ай дейтін тұстар да бар. Бізде малдың шикізатын өңдеу саласы бір жүйеге қойылмаған. Жазда мың басты ұсақ малдың жүні желге ұшып, жаңбырмен араласып, керексіз болып қалады. Міне, осы мәселе шешімін тапса, қой өсірушілердің саны арта түсер еді, — дейді Ринат Фарабаев.

«Қой семізі — қойшыдан» дейді қазақ. Расында, шаруаның шопаны мықты болса, отары түгел, қойы семіз болары анық. Сондықтан бір отар қойды шашау шығармай бағып, әр бастан бір төл алып отырған Ринат секілді азаматтардың еңбегі елеусіз қалмаса дейміз.

 

Тілеуберді САХАБА.