Бір уақыттарда тағдырдың жазуымен тарихи Отанынан алыстап кеткен, бүгінде атамекенінен жырақта жүрген ағайындар ата-баба жеріне ат басын бұруда. Осы орайда Қазақстанның заңнамаларында қандастарға көмек қолын созу бойынша өзгерістер мен талаптар жаңарып жатқаны мәлім. Басқа тағы қандай мәселелер кездесуде? Осы туралы біз «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облыстық филиалының басшысы, қандастарды өңірлік квотаға қабылдау комиссиясының мүшесі Болат Заутұлымен әңгімелескен едік.

 

– Болат Заутұлы, бүгінгі таңда атақонысқа көшуге ниетті ағайынды қабылдау бойынша игілік істің қайта жаңғырып жатқанына куәміз. Соңғы жылдары облысымызға қоныс аударушы қандастарға жәрдем беріп, көптеген істерді атқарып келесіз. Осы орайда, қандай мәселелерді ескеруге тура
келеді? Соңғы жаңашылдықтардың нәтижесі қалай?

– Біздің облыстық филиалдың фронт-кеңсе қызметкерлеріне әр адаммен дербес жұмыс істеу жүктелген. Бұл міндеттерімізді атқарудамыз. Қандастар фронт-кеңсеге қабылдауға келуімен қатар Call орталығының байланыс телефондарына, әлеуметтік желідегі парақшаға хабарласып, өздерінің кездескен мәселесін айтып, кеңес алады. Сонымен қатар қандастардың мәселелерін жергілікті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп шешу бойынша нақты қолдау көрсету, ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, құжаттарын ресімдеу барысында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы, «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі, қалалық-аудандық мансап орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Облыстық филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды облыс, республика деңгейінде насихаттау бойынша жазбалар облыстық «Saryarqa samaly» газетінде, «PavlodarNews.kz» ақпа-раттық порталында, ресми сайтта, сондай-ақ «Instagram» желісіндегі dqq_otandastar_pvl, «fasebook» желісіндегі Dqq otandastar Qory парақшаларында және өзіміздің жеке аккаунтымызда тұрақты жарияланып тұрады.

Оның ішінде облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан жарияланған мемлекеттік сатып алу тапсырыстарын орындау бағытында тұрақты жұмыс жасап жатқандығымызды айта кеткенді жөн көрдім. Себебі облысқа көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне облыс, қала, аудан әкімшіліктері тарапынан үнемі қолдау көрсетілуде.

– 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп өтсеңіз…

– Шет мемлекеттен келуші қандастарға, сондай-ақ еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен көшіп келген адамдарға ақпараттық-түсіндіру, ақыл-кеңес беру, оларды жаңа ортаға бейімдеу, консультативтік-әдістемелік жұмыс жүргізу жөнінде әлеуметтік жоба жүзеге асуда. Нақтылап айтқанда, «Отандастар қоры» ұйымының жылдық жоспарына сәйкес, төмендегі жұмыстар атқарылды. Мысалы: офлайн режимінде күнделікті жеке жұмыс арқылы ақпараттық-түсіндіру, консультациялық-әдістемелік жұмыс жүргізе отырып, қоғамдық қабылдау жұмысы ұйымдастырылды. Осы іс-шара аясында 520 адам фронт-кеңсеге тікелей келді. 800-ге жуық адам онлайн хабарласты. Оларға түрлі ақыл-кеңес беріліп, барлығы 1320 адамға көмек көрсетілді.

Тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелуге, көшіп-қонушы отбасылардың өтініштері бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ықпал ету, келу фактісі бойынша әрбір отбасын қамту, Қазақстан Республикасының азаматтығына 725 адам құжат тапсырды.

Жұмысқа орналастыру бойынша 36 адамға көмек көрсетілді. E-gov, E-qonaq порталына 275 адамға уақытша тіркелуіне көмек көрсетілді. Медициналық байқаудан өтуге №028 форма бойынша 143 қандас көмек алды. Облысқа қоныстанған қандастардың тыныс-тіршілігі, бейімделу барысы, қолданыстағы заң актілеріне кірген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде әлеуметтік желілерге 138 жазба жарияланды. Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия елдерінен көшіп келген қандастардың 1861 құжатына қазақ тілінде аударма жасалып, ресімдеуге техникалық көмек көрсетілді. Оның 78 пайызы тек Моңғолия елінен келген қандастардың құжаты болды.

Алыс-жақын шетелден көшіп келген, оңтүстік облыстардан қоныс аударғандарға басқарма басшысының бекітілген кестесі бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға барлығы 457 адам қатысты.

Қазан айында шетелден көшіп келген 10 қандасқа облыстық «Ана тілі орталығы» ЖШС арқылы ресми (орыс) тілді үйрену сабағы өткізіліп, біліктілік туралы сертификат берілді. Сонымен қатар, қазан айында Астана қаласында ұйымдастырылған халықаралық «Отандастар форумы» іс-шарасына Павлодар облысынан 6 адам қатысты.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында алыс-жақын шетелдерден келіп, елеулі еңбек жасап жатқан 12 адам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ең жоғарғы сыйлықтарымен марапатталды. Оның ішінде қандастар мәселесіне көңіл бөліп, тұрақты насихаттап жүрген, Қазақстан ұлттық арнасының журналисі-қоғам белсендісі Болат Аманбаев, 30 жылға жуық мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған Екібастұз қаласының Бәйет ауылдық округінің әкімі Докторхан Амантайұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Құрмет грамотасы мен «Алғыс» медалімен марапатталса, қоғамның әр саласында қызмет атқарып, болашақ ұрпаққа өнеге болып жүрген 12 азаматқа Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алғыс хаты табысталды.

– Соңғы уақытта елімізде қандастарды қабылдау бағы-тында қандай заңнамалық өзгерістер енгізілді? Осы талаптарға тоқталып, келуші азаматтарға құлақ-қағыс етуге бола ма?

– Енді алыс және жақын шет елдерден елімізге оралған қазақ отбасының ҚР-ның шекарасынан өтіп, ҚР-ның азаматтығын алғанға дейінгі уақыттағы тыныс-тіршілігі туралы тәптіштеп айтуға болады.

Ең алдымен, қандастар шекарадан өтіп келген күннен бастап, үш тәулік ішінде жергілікті көші-қон қызметі бөліміне барып немесе Egov, E-qonaq арқылы хабарлама жіберіп, уақытша тіркеуге тұрады.

Екіншіден, отбасының шетелдік құжаттарын мемлекеттік тілге аудартып, міндетті түрде нотариуспен куәландырады. Көшіп келгендердің барлығы қала орталығында тұрмайды, көбі аудан, ауылға барып, таныс-жақын туысқандарын паналап тұру қажет болады.

Үшінші мәселе. Көшіп келушілерге бірінші кезекте 5 түрлі құжат қажет болады. Моңғолия, Қытай сияқты Гаага конвенциясына кірген елдерден көшіп келген қандастар «Қазақстан Республикасы Елшілік жарғысын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі №240 Жарлығының 60-тармағына сәйкес міндетті түрде жеке-жеке апостиль бастырып әкелу қажет. Олар:

  1. Ұлтын анықтайтын анықтама – 1 дана (апостиль басылады.)
  2. Соттылығы жоқтығын дәлелдейтін анықтама – 1 дана (апостиль басылады.)
  3. Толық емес отбасылары болса, әке-шешесінің қайтыс болғандығын растайтын куәлігі -1 дана (апостиль басылады.)
  4. Отбасындағы 18 жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері – 2 дана (жеке жеке) апостиль басылады.
  5. Егер жалғызбасты 18 жастан асқан азаматтарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұру ықтиярхатын алу үшін (ұлтын анықтайтын және соттылығы жоқтығын дәлелдейтін) анықтамаларды жеке-жеке апостиль бастырып әкелу қажет.

Сондықтан Қазақстан мен Моңғолия арасында пайдаланылатын құжаттар апостильденуі тиіс. Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртабан басылып, (апостиль) қойылады.

Апостиль бастырған құжаттардың жарамдылық мерзімі 180 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.

Елге көшіп келген соң қажет болған жағдайда (оқу бітірген диплом немесе орта мамандық куәлік, аттестаттары, әскери билет, сертификаттар, т.б) қосып аудартып, нотариус арқылы куәландырады.

Барлық құжаттарды ресімдеген соң елге келген қандастарымыз қоныстанған қала, аудандағы ХҚКО-на барып, ең алдымен ЖСН/ИИН алу тапсырылады, Ол құжат 2-3 күнде дайын болады.

Тұрақты тұруға рұқсатты алу (ҚР-ның ІІМ-нің №992 бұйрығының Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатты беру туралы өтініш-сауалнама осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес) және Қазақстан Республикасының аза-
маттығына жеңілдетілген тәртіппен тапсыру қағидалары (ҚР-ның ІІМ-нің №85 бұйрығының 7-1 қосымша) бойынша тапсыру жұмыс-тарына кіріседі. Осы қағидада көрсетілген: а) бұрынғы тұрған мемлекетінің Президентінің атына азаматтығынан бас тарту өтінішін нотариустан алады.

Сонымен қатар, медициналық куәландырылғаны туралы анықтама (форма №028у) алу қажет.

Қазақстан Республикасы аумағында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Осы жүйе бойынша қандастарға бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмек алуға кепілдік берілсе де, №028у формасы бойынша қандастар ақылы түрде қызмет алып жатыр. Ата-анасымен бірге келген
18 жасқа дейінгі балалар өтпейді. Медициналық куәландырылғаны туралы анықтама №028у формасы бойынша флюорография, СПИД орталығы, Жұқпалы аурулар (Спид орталығының анықтама-сымен барады), Тері аурулары, Туберкулезбен күрес диспансері, наркодиспансер, психодиспансерлерден есепте жоқтығы туралы анықтама алып, формаға мөр бастырады. Жалпыдәрігерлік байқау (медициналық қорытынды негізінде) бір адамға 32 000 теңге қаражат жұмсалады.

Қандастардың басым көпшілігі дереу үй сатып алатын мүмкіндігі болмайды, сондықтан үй жалдап тұруы қажет болады. Ол үшін жалдайтын үй тауып, меншік иесінен тұрақты тіркелуге нотариус арқылы келісім алады. Құжаттарды ресімдеп, жинауға байланысты ауыл, аудандарға қоныстанғандар үшін 10-15 күн, қалалы жерге қоныстанғандарға 7-10 күн уақыт қажет болады.

Қандастардың отбасы барлық құжаттарын әзірлеп, екі мекемеге тапсырады. Қазақстанға көшіп келген қандастар тұрақты тіркеуге тұру, ықтиярхат алу туралы өтінішті қызмет көрсетуші Мемлекеттік корпорациясының ХҚКО-на тапсырады, олар 45 күннің ішінде қорытынды шығарады. Ал қандас тұрақты тұруға рұқсатты беруді және Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен бір мезетте қабылдау туралы өтінішін қала, аудандағы ПД-ның Көші-қон қызметі басқармасының бөлімдеріне тапсырады. Құзырлы мекеме құжаттарды 3 (үш) айдың ішінде қарап, шешім шығарады. Осымен келген қандастар құжаттарының жауабын күтумен қатар, өздерінің жағдайларына байланысты әр түрлі жұмыстармен айналысады.

– Құжаттар тапсыруда қандай да бір қиындықтар кездесуде ме?

– Қандас мәртебесіне өтініш тапсыру бойынша айтсақ, 2023 жылғы тамыз айына дейін «Қандас» мәртебесі 3 жұмыс күн ішінде беріліп келген еді.

Өкінішке орай, 2023 жылғы 11 тамыздан бастап мемлекеттік қызмет көрсету уақыты 35 жұмыс күнге созылып, Қандас мәртебесін 2023 жылы 1 қазаннан бастап, «Kutty meken» мобильді қосымшасы арқылы алатын болды. Бұл өзгерістерді біз жасаған жоқпыз, жоғары заң шығарушы органнан келген шешім еді. Осы қосымша кейде дұрыс жұмыс істемей, келген қандастар құжаттарын тапсыра алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр.

Көші-қон бойынша 13 бағытта қызмет алуға мүмкіндігі бар «Құтты мекен» мобильді қосымшасы шетелдіктердің Қазақстанға келуін жеңілдететуге көмектеседі. Осы мобильді қосымша арқылы шетелдікті шақыруға қазақстандық азамат өтініш бере алады.

Рұқсат алу үшін олар қосымшада қандай статуспен келетінін, қандай мақсатпен (оқуға, емделуге, виза алуға, жұмыс орындарын іздеуге, қандас мәртебесін алуға) келетінін белгілеп көрсетеді деп іске қосылған болатын. Өкініштісі, бұл қосымша бүгінде дұрыс жұмыс істей алмай, жұмысқа кедергі келтіруде. Бүгінгі күні қосымша арқылы құжат тапсырған қандастар 50-60 күн аралығында қандас мәртебесіне қол жеткізіп жатыр. Бұл – өте көп уақыт.

Осы бағытта нақты шешім шығаруға ҚР-ның жоғары палаталарында заң жобасы қарастырылып жатыр. Елге келіп, құжаттарын тиісті органға тапсырған, қандас мәртебесін алған жалғызбасты адамдармен отбасылары қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына кіруге өтініш бере алады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген квотаға енгізу қағидасына байланысты  өтінішпен қоса қажетті құжаттар:

1) Жеке басты куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін) және оның отбасы мүшелері (бар болған жағдайда)

2) Неке немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі (болған жағдайда)

3) Білімін, біліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың (бар болса) не еңбек кітапшасының (бар болса) көшірмелерін тапсырады. Құзырлы көші-қон мекемесі Мемлекеттік корпорация қандастың тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін, қандаста және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің келетін елді мекенде меншік құқығында тиесілі тұрғын үйінің болуын растайтын мәліметтерді «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мем-
лекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Көші-қон мекемесі осы мәліметтердің сәйкестігін қарап, өңірлік комиссия он жұмыс күні ішінде қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды.

– Әр жыл сайын облысымыз атажұртқа оралған қандастар мен еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын әзірлейтіні мәлім. Осы орайда қандай жетістіктерді айта аламыз?

– 2023 жылы облыс бойынша ұтқырлық сертификат 169 отбасына беріліп, 679,0 миллион теңге игерілген. 2023 жылы 1718 адамға Қандас мәртебесі берілді. 2023 жылы қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 972 қандас кірді.  Олар – Моңғолия (611 адам), Қытай (121), Ресей (103), Өзбекстан (73), Түркіменстан (58), Ауғанстан – (5), Қырғызстан (1) елдерінен көшіп келгендер.

2024 жылғы 29 қаңтардағы жағдай бойынша 75 қандас мәртебесі берілген. Олардың басым бөлігі Моңғолия елінен – 42, Қытайдан 28, ал қалғандарын Түркімен, Өзбекстан, Ауғанстан елдерінен келгендер алған.

2024 жылғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Павлодар облысына көшіп келетін қандастарға 902 квота бекітілсе, Оңтүстік өңірлердің қоныс аударушыларына 2603 адамға квота бөлінген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №729 «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес өңірлік квотаға енгізілген қандастарға жол шығындарын өтеу және үй жалдауға субсидия төленеді.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға төмендегі мемлекеттік қолдау шарасы көрсетіледі. Оларды атап айтсақ:

Көшуге байланысты субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлеміне 258 440 теңге;

– 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар:

2024 жылғы 1 АЕК 3692 теңгені құрайды.

Қалалық жерге қоныстанса (отбасына), Ауылдық жерлерге қоныстанса (отбасына):

1 адамға 20 АЕК 73 840 теңге, 15 АЕК 55 380 теңге.

Отбасы мүшелерінің саны 2-ден 4-ке дейін болса 25 АЕК – 92 300 теңге,      18 АЕК – 66 456 теңге.

Отбасы мүшелерінің саны 5-тен астам болса 30 АЕК –

110 760 теңге, 21 АЕК – 77 532 теңге.

– Қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар беріледі. Ол қандастар бизнесін бастауға, өзін жұмыспен қамтуға арнайы жоба жасаса қайтарымсыз грант; (400 АЕК – 1 476 800 теңге мөлшерінде).

– Екінші деңгейлі банктер арқылы 2,5 пайыз жеңілдетілген микрокредиттерді алу мүмкіншілігі бар;

– жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

– қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама берілу сияқты мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады.

– Отбасына баспана сатып алу немесе үй салу үшін ақшалай төлемдеріне экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі.

Сонымен қатар, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына кірген қандастар екі мүмкіндік пайдалануға жол беріледі. Біріншісі –
квотаға қарастырылған тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындарын өтеуге арналған қаржылай көмек алу.

Екіншісі – Ұтқырлық сертификаты бойынша әлеуметтік көмек алу сияқты екі таңдаудың бірін алады. Ұтқырлық сертификат мөлшері – бұл 1160 АЕК немесе 4 280 000 миллион теңгеге дейінгі сома;

Аталған қаражатты берудің арнайы ережесі 2023 жылғы 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді. 2023 жылғы сәуірдің 1-нен бастап тұрғылықты қала-аудандардағы мансап орталықтарына келесі құжатарды:

– Үй сатып алу-сату шарты;

– Екінші деңгейдегі банктің тұрғын үй қарызын беруді мақұлдағанын растайтын құжат;

– Тұрғын үй салу кезінде қандастың меншігінде жер учаскесінің болуын растайтын құжаттарымен қоса, өтініш жазып, тапсырады. Өтінішті қабылдаған құзырлы мемлекеттік мекеме 3 жұмыс күні ішінде арнайы комиссияның тиісті шешімін шығарады.

– Қандастарымыздың арасында шешілмей жатқан қандай мәселелер туралы айтар едіңіз?

– Шешілмей жатқан сұрақтардың қатарында еңбек мәселелері бар. Қытай, Моңғолия елдерінен келген зейнеткерлердің әскери борышын өтеген жылдары, оқу орындарын бітірген уақыт мерзімі зейнетке шыққанда есептелмейді. Бұл норма Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабының 18-тармақшасында шеттен көшіп келген қандастарға «еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалсын деп белгіленген. Бірақ бұл заң нормасында да, «Еңбек кодек-сінде» де «Еңбек қызметі» деген сөз жоқ. «Еңбек өтілі» деген ұғым бар. Енді осы заң бойынша шеттен көшіп келген ҚР азаматтығын алған қандастарға «Еңбек қызметі» негізінде зейнетақы тағайында-латын болды.

Қандастардың барлығы да ҚР азаматы бола тұра жергілікті және шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептеуде екі түрлі норма пайдалану мәселесінің көтерілгеніне 31 жыл болды. Біздің ойымызша, шетелде атқарған лауазымдары бойынша ҚР қызметкерлерімен теңестірілген зейнетақы тағайындалуы керек. Бұл мәселе өте көп наразылық тудырады.

Мысалы: шетелде 40 жыл мал дәрігері болған қандасымыз ҚР-да 54 000 теңге зейнетақы алса, ҚР-да дәл сондай лауазымда болған азаматтар 160 000 теңге зейнетақы алады екен. Осы мәселелер қайта қаралып, дұрыс шешілуі қажет.

– Елге оралушы қандастарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Айтпағым, атажұртына келген ағайын өз тағдырына байланысты, жаңа ортаға бейімделу, елді мекендерге қалай орналасу жайында жіті ойланып, қоныстану мәселесінде дұрыс шешім қабылдаулары қажет. Сонда ғана келген ортасына оңтайлы да тез сіңіп кететін болады. Өзін-өзі басқарып, сана-сезімі жаңа заман талабына қарай жаңғырып, нарықтық қоғамға бейімделу деген осындайдан басталатынын мойындау керек. Қандастармен қатарымыз артып, Қазақ елінің ертеңі еңселі болсын, ағайын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.