Облыс орталығындағы Былқылдақ көлінің түбінде өндірістік сынап бар. Кейбір қоғам белсенділері ол Ертіс өзеніне құйылып, экологиялық қауіп тудыра ма деп алаңдайды. Жергілікті билік мұндай қауіпті сейілтіп, алдын алу үшін көлдің түбіне бөгеттер орнатуда. Сол арқылы сынаптың сырғып кетуіне тосқауыл қойылмақ.

Өткен ғасырдың 1970-90 жылдары аралығында «Каустик» зауыты хлор мен каустикті сынап арқылы электролиздеп, одан дайын өнім алып, нарыққа жөнелтіп отырды. Бірақ сол уақытта цехтың астындағы жер мен Былқылдақ көлінде сынап жинала бастап, кейін кәдімгідей экологиялық қауіп тудыратын жағдайға дейін жетті. Сондықтан 1999 жылы сынаптан тазарту жұмыстары қолға алынды. Тіпті, сол уақытта қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Бірақ нақты жоспар мен қомақты қаражат болмағандықтан, бұл бағыттағы жұмыс нәтижелі болды деу қиын. Тек араға үш жыл салып Үкімет көлдің түбін сынаптан арылту үшін бюджеттен 860 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл сомаға көлдің түбінде ұзынды
3,5 шақырымнан асатын бөгет салынды. Сол уақыттан бері ауаның, топырақ пен судың сынаппен улануына қатысты дерек тіркелген жоқ. Десе де, экологтар мен көпшілікті улы металл жерасты жолымен Ертіс өзеніне құйылып кете ме де деген ойдың мазалайтыны да рас. Жергілікті билік пен ғалымдар сынапты залалсыздандыру үшін түрлі жұмысты қолға алып, талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше сынақ та өткізіп көрді. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын экологиялық технологиялар бойынша құзіреттілік орталығы мен жергілікті ғалымдар жердің құнарлы қабатын сынаптан тазарту бойынша шараларды қолға алған-ды. Ол үшін жапониялық арнайы препаратты қолданып көрді. 150 шаршы метр аумақта жүргізілген сынақ оң нәтижесін көрсетті. Алайда сынаппен ластанған 98 мың текше метр аумақты тазартуға қауқар болмай тұр. Себебі, бұл аумақты толығымен қайта қалпына келтіру үшін 10 мың тонна препарат керек. Бұл ақшаға шаққанда – 9 млн АҚШ доллары. Мұндай қомақты сома жергілікті бюджетте жоқ. Ондаған жылдар бойы әлі де өзектілігін жоя қоймаған мәселеге былтыр облысымызға жасаған сапары барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. Президент жұртшылықпен жүздесу кезінде Былқылдақ көлінің жағдайына ерекше тоқталды.

— Тағы бір жауыр болған мәселе – Былқылдақ су жинақтаушы көлі. Оның түбінде орасан зор өнеркәсіптік сынап жиналған. Қазір көл аумағының ластануын таратпау бойынша шаралар кешені қолға алынды. Тағы да сынаптың жерасты суларына түсу ықтималдығын бағалау керек және сарапшылармен бірлесіп, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау қажет деп санаймын, — деген еді Президент. Содан соң жергілікті билік көлдің түбін тазарту жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Алдын ала болжам бойынша, Былқылдақ көлінің түбінде 670 тонна сынап бар. Ол дәл қазіргі күні жерге сіңіп, өзенге құйылмаса да, күндердің күнінде қауіп келтіруі әбден мүмкін. Осыны ескерген әкімдік осыдан 20 жыл бұрын салынған 3,5 шақырымдық жер қорғанына тағы 2,4 шақырымдық бөгет қосып салуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың 70 пайызы аяқталып та қалды.

— Былқылдақ көліне қатысты мәселе әлі де өзекті. Мұнда көл аумағын сынаптан зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шара қоршаған ортаға аса қажет деп білемін. Қазіргі таңда бұрғылау және саңылауларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева. Айта кетейік, мұндағы қорған 12 метр тереңдікте салынып жатыр. Оның ұзындығы – 2,4 метр. Бұл мақсатқа бюджеттен 751 млн теңге бөлінген. Бұл бөгет сынаптың сырғып, өзенге құйылмауы үшін керек. Оны 2002-2004 жылдары да осы Былқылдақ көліне бөгет қойған «Казтяжэкскавация» ЖШС жүргізіп жатыр. Арнайы экскаваторлар көмегімен ұңғыма қазылып, оған бентонит саздан дайындалған қабырға қойылады. Инженерлер мен химиктердің есебі бойынша, мұндай құрылыс берік болып есептеледі әрі ұзақ уақыт шыдас береді. Сол себепті көлдің түбіндегі сынап таралып кетпейді деген сенімде.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.