Соңғы кездері табиғат тосын мінезін танытып, жел «өз нормасынан» сәл асып соқса елдің бәрін тік тұрғызып, төтенше жағдай жариялауды әдетке айналдырып алған сияқтымыз. Бұрындары «төтенше жағдай жарияланды» десе төбе шашы тік тұратын қараша халықтың да қазір бұған еті үйреніп алған. Тіпті, кейбірі табиғи зауалға тап болғандарға қол ұшын берудің ең қысқа жолы осы дейді. Иә, бұл біреу үшін «жатыры сөгіліп», шатыры ұшқан ғимараттарды жылдам қалпына келтірудің амал-тәсілі болса, біреу үшін тұнып тұрған бизнес көзі. Неге десеңіздер, тарқатып берейік…

Жариялаудың талап-қағидалары

Елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, оның ішінде азаматтық қорғанысты дамытуға, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың себеп-салдарымен күресуге жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар үшін республикалық және жергілікті резерв қаражаты қалыптастырылады. Біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да осы резерв қаражаты хақында. Бұл ақшаның барлығы діттеген жеріне жетіп, мақсатты бағытта қолданылса қоғам арасында артық сұрақ та туындамас еді. Алайда, төтенше жағдай жарияланған «аласапыран уақытта» ел қазынасына тиісті бақылаудың жоқтығы сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қолайлы жағдай туғызатыны жасырын емес. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, соңғы 5 жылда ел бойынша азаматтық қорғау органдарында негізінен пара алу мен ұрлыққа қатысты 150-ден астам сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Ол енді бөлек әңгіме.

Жалпы, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы құжат алдымен «Ашық НҚА» порталында жарияланатыны мәлім. Аталған құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіліп, қоғамдық талқылаудан соң құқықтық қатынастарға қолданылады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл ретте тиісті құжаттар мен соңғы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайтынын мәлім етті.

– Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы өтініштерді ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі қарайды. Бұл ретте туындаған төтенше жағдайдың аймақтық немесе ғаламдық ауқымы болуы керек. Негіз-демелік материалдарды берудің тәртібін және олардың тізбесін ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі айқындайды. Жергілікті ауқымдағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жергілікті атқарушы органдардың резервтер қаражатының есебінен қаржыландырылуы керек, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында ҚР Үкіметінің резерв қаражаты есебінен қаржыландырылатын бір жолғы сипаттағы көлденең шығыстарға төтенше жағдайлардың пайда болуы нәтижесінде зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету кіреді. Сондай-ақ, ел қаражатына зардап шеккендер үшін уақытша тұруға және тамақтануға орындар дайындалады, шұғыл қимыл жасайтын авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтіру бөлімшелері құтқарудың техникалық құралдарымен, соңғы үлгідегі жабдықтармен қосымша жарақтандырылып, төтенше жағдайлар аймағына күштер мен құралдардың тасымалдануы қамтамасыз етіледі.

Сапасыз құрылыс, жауапсыз мердігерлер

Былтыр Павлодар облысында бірнеше рет жергілікті ауқымдағы табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізіп, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы шешім қабылдады. Келтірілген залалға бағалау жұмыстары жүргізіліп, ел қаражатынан нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар жұмылдырылды. Айтпағымыз, осы қалпына келтірілген әлеуметтік нысандар мен жеке ғимараттардың бой көтергеніне бар-жоғы 2-3 жыл ғана. Тіпті, 2-3 ай бұрын ғана күрделі жөндеуден өткендері де бар. «Ескісі есіркемей, жаңасы жарылқамай» тұр. Бұл дегеніміз сапасыз құрылыс материалдарынан салынған нысандардың көбеюін білдіреді. Мәселен, өткен 2023 жылғы 18-19 қарашада екпіні секундына 37 метрге дейін жеткен қатты дауылдың салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ, Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатырлары ұшып кетті. Олардың ішінде 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені бар. Онымен қоса, қатты жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірді.

Бұдан бөлек, газетіміздің өткен нөмірінде Шолақсор ауы-лында жергілікті ауқымдағы табиғи
сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз. Естеріңізге сала кетсек, былтыр 29 желтоқсанда Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық округінің Шолақсор ауылында қатты дауылдың салдарынан жақында ғана жөнделген мәдениет үйінің шатыры зақымданған болатын. Сметалық сараптамаға сәйкес жөндеу жұмыстарына 10 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Өткен жылы бұл ауылдық мәдениет үйінің ғимараты және шатыры 45,5 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткенін айта кеткен жөн. Мердігер компания – «ГрадСтройСервис» ЖШС.

Ақтоғай ауданының әкімдігінде Шолақсор ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған соң, құрылысқа жауапты мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмыстарынан бас тарқанын айтты. Компания өкілдері «Қазгидромет» РМК-дан желтоқсан айының соңғы күндері өңірде қатты дауыл соққаны туралы анықтама қағазын алып, жөндеу жұмыстарының шығындарын төтенше жағдайдағы резерв қаржысына артып отыр. Демек, төтенше жағдай режимінің енгізілуі кепілдік мерзімі өтпеген кейбір мердігерлерге өз-өздерің «заңды түрде ақтап алуға» үлкен мүмкіндік береді.

Жемқорлықтың желі еседі…

«Әділдік жолы» респуб-ликалық қоғамдық бірлес-тігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденова жергілікті ауқым-дағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған кезде ең алдымен кепілдік мерзімі өтпей зақымданған құрылыс нысандарын толығымен тексерістен өткізу керек екендігін атап өтті. Айтуынша, мердігерлерге жауапкершілікті күшейтіп, құрылыс материалдары мен көрсетілген қызметтің сапасына талап қоятын кез келді.

– Бір-екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік нысандардың шатырлары қатты желге шыдамай ұшып жатыр. Не себепті? Өйткені, мұндағы құрылыс материалдарының сапасы сын көтермейді. Мәселен, өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар сол қалпы. Шатырлары ұшпаған, есік-терезесі бүтін. Бұл нысандардың барлық құрылыс ережесіне сай салынып, техникалық талаптары сақталған. Ал қазіргі мердігерлік компания-
лар арзан материалдармен жұмыс істеуге құмар. Сондықтан құрылысқа жауапты компания өкілдерінен сапалы материалдармен жұмыс жасауын талап ету қажет. Сондай-ақ, сапасыз жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігерден бастап, жұмысты қабылдап алған маманға дейін жауапкершілікке тарту керек. Төтенше жағдайды желеу етіп, кепілдік мерзімі өтпеген нысандарға бюджет есебінен қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді құптай бермеймін, – деді ол.

Сонымен қатар, Нұргүл Әментайқызы бүгінгі таңда табиғи залал салдарынан зақымданған әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта кейбір жауапсыз мердігерлер төтенше жағдайдың жариялануын өз ыңғайына қарай пайдаланып жатады.

– Ең алдымен зерделеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Егер сараптама нәтижесінде зақым келген нысанның сапасыз әрі арзан материалдардан жасалғаны дәленденсе, онда сот шешімі арқылы кепілдік мерзімі өтпеген мердігерге жөндеу жұмыстарын қайта жасатуымыз керек. Әйтпесе, жаңағы нысандарда ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізген кейбір мердігерлік ұйымдар да төтенше жағдай жарияланды деп, кепілдік мерзімінен бас тартып жатады. Міне, біз осындай бірнеше компанияны анықтадық. Тиісті сараптамадан соң, қаржы мониторингі негізінде жауапты органдарға хат жолдаймыз. Себебі табиғи немесе техногендік зауал кезінде ел бюджетінен жұмсалған қаражаттың да сұрауы болады, – деді Н.Қайырденова.

Үкімет қабырғасында

Мемлекеттік резерв қаражатының оңды-солды шашылып жатқаны халық қалаулыларын да алаңдататын сыңайлы. Өткен жылы Үкімет үйінде 2024-26 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды. Соның ішінен Қаржы министрлігі резервке деп осы жылға – 417 млрд, 2025 жылға – 344 млрд және 2026 жылға – 702 млрд бөлгелі отыр екен. Айтып келмейтін апатқа алдын ала дайындалып қойған қаржы бір жылы аздау бөлінсе, келесі жылы одан екі есе көп. Министрлік қай жылы қанша төтенше жағдай болатынын болжап біле ме дерсіз.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Қаржы министрлігін сынның астына алып, төтенше жағдай жариялау резервтегі қаржыны жымқырудың тәсіліне айналып бара жатқанын айтты.

– «Төтенше жағдай үшін Үкімет резервінен бөлінетін қаржының есебі еш қисынға келмейді. Неге бұл қаражатты алдын ала қарастыруға болмайды. Жоспар-ланған шығындарды есептеп, тиісті әкімшілерге беруге болмайтыны да түсініксіз. Кестені қарайтын болсақ, биыл 417 млрд бөлінсе, келесі жылы 344 млрд, 2026 жылы 702 млрд бөлінбек. Ешқандай логика жоқ. Төтенше жағдай көбейеді депсіздер, олар неге көбейеді, қалай есептеледі? », – деді А.Аймағамбетов.

Бұған ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы резервтегі қаржының бір бөлігі төтенше жағдайлардың алдын алуына жұмсалатынын айтса да, ел бюджетінен бөлінген қаражаттың сомасы неге әр жылдары әртүрлі екендігін толық түсіндіріп бере алмады.

Жалпы, резервтен алынған ақшаға жауапты мамандар ашық түрде есеп беруі тиіс. Мүмкін ол қандайда бір мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттарды реттейтін арнайы агенттіктерде бар мағлұмат шығар. Алайда сол есептіліктің дұрыс-бұрыстығын халықтың алдына шығару керек. Сонда ғана ел қазынасынан бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалмақ.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.