Соңғы жылдары павлодарлық экологтар аймағымызда жаппай тарала бастаған циклахенаның зияндылығын дәлелдеп, дабыл қағумен келеді. Алайда өңірде әлі күнге дейін нақты күрес шаралары қабылданбаған. Улы өсімдік бар жерде ешқандай шөп өспейді, тіпті, оны құстар да, жәндіктер де жемейді. Егер циклахена құрғақ шөппен бірге жанасса, төрт түлікке де уын шашып, мал арам қатуы мүмкін.
Өсімдіктің «құжаты»
Мамандардың айтуынша, осыдан 10-15 жыл бұрын біздің өңірде циклахена мүлдем кездеспеген. Өсімдіктің отаны – Солтүстік Америка. Бұл өсімдік Павлодар аймағына импортталған көкөніс-жемістер арқылы «қоныс тебуі» мүмкін. Елімізде циклахена жайлы алғашқы ақпараттар А.Куприянов, А.Горбунов сияқты авторлардың кітаптарында кездеседі. Онда 1985 жылы Қарағанды қаласында өсімдіктің пайда болғаны туралы жазылған. Циклахенаның ерекшелігі – тұқымдық өнімділігі мол. Атап айтсақ, бір түп өсімдіктің өзі 140-300 мың тұқым береді екен. Десе де, тұқым 6-8 жыл ішінде ғана жетілетін көрінеді. Жайсыз ауа райы кезеңінде биіктігі 15 сантиметрге дейін, ал қалыпты жағдайда 3 метрге дейін өседі. Өсімдік тамыз айында гүлдейді. Ұлттық паркке де қауіп төнді «Берегиня – Био» қоғамдық қорының биологы Татьяна Пономареваның айтуынша, уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығы, экология салаларына зор қауіп төнуде.
— Циклахенаның қауіпті екені аймағымызда 2008 жылдан бері айтылып келеді. Жыл сайын өсімдік тамыр жайып, Ертіс өзені алқабында, көлік жолдары бойында, тіпті қала көшелерінде таралуда. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен табылғанда жағамызды ұстадық. Торайғыр ауылында тұқым шашқан улы өсімдік ондағы әлемде сирек кездесетін қандыағаштың өсуіне зиян тигізуі әбден мүмкін. Бұл – үлкен проблема! – дейді Татьяна Пономарева.
Аллергия әлегі
Циклахенаның аллергиялық қоздырғыш «қасиеті» бар екенін дәрігерлер соңғы 2-3 жылда ғана көз жеткізіп отыр. Бұған дейін тамыз айындағы аллергиялық ахуалдың себебін жусанмен байланыстырып келгеніміз белгілі. Шын мәнінде, «кінәні» циклахенадан іздеу керек дейді мамандар. Бүгінде аталған өсімдік «қара тізімге» енгізілгенімен, карантиндік сипатқа ие екені расталған жоқ. Сол себепті, фитосанитария саласындағы мамандар циклохенаны жоюға қаражаттың бөлінбегенін алға тартады. Бүгінде экологтарды алаңдатып отырған басты мәселе — қауіпті өсімдікпен күресу үшін республика көлемінде заң-ережелер қабылданбауы.
Айтпақшы, аймағымызда аллерголог мамандар тапшы. Негізі әр 50 мың адамға 1 аллерголог қызмет көрсетуі керек болса, өңірімізде бар-жоғы 3 маман ғана тіркелген. Циклахенамен күресу үшін аллергологтардың қажет екені айтпаса да түсінікті.
Қалай күресеміз?
— Біржылдық циклахенамен гүлдемей тұрып күресу қажет. Химиялық және механикалық әдістерді үйлестіргеннің өзінде түпкілікті жою үшін 6-8 жыл уақыт керек. Өсімдіктің гүлшоғыры, жапырағы, тұқымы айналасындағы өсімдіктерге қауіп төндіреді. Яғни, ол бар жерде ешқандай өсімдік өспейді. Циклахена егін алқабын шабуылдаса, өңірдің экономикасына үлкен шығын әкелетіні анық. Улы өсімдік өсіп тұрған жерде 71-99 пайыз үстемдік құрып, бар нәрді тартып алады. Тұқымының өнімділігі жоғары болғандықтан, айналаға тез таралады. Сондықтан да қазірден бастап күрес шараларын мықтап қолға алу керек, — дейді Т.Пономарева. Экологтар улы өсімдікпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеп үлгерген. Онда химиялық, биологиялық, агро-технологиялық шаралар қамтылыпты. Десе де, жергілікті экология мен өсімдік шаруашылығына жауапты мемлекеттік органдар циклахенаның қауіпті екенін әлі түсіне қоймағаны алаңдатады. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегеннің кебін кимеу үшін қазірден бастап жүйелі шараларды қолға алған абзал.
Оралхан ҚОЖАНОВ.