Қаламгер Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты естелік-эссе кітабы қалың жұртшылыққа, әсіресе, әйелдер қауымына өте танымал. Алғаш рет 1984 жылы 20 мың данамен, 1987 жылы 60 мың дана таралыммен (толықтырылып) жарық көрген кітап бүгінгі күнге дейін он бір рет басылып шыққан көрінеді, қаламгер бақыты дегеніміз осы болса керек.

 

«Екібастұзға Зейнеп апа келеді екен» деген хабарды естігенде, ол жайлы анықтаманы қажет еткен адам аз, себебі бүгінгі кітап оқымайды деген адамдардың өзі оның тағылымға толы әңгімелеріне әлеуметтік желі арқылы қанық.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ғұмырының соңында жанында болып мәпелеп күткен, атаның ұлағатты әңгімелерін кейінге жеткізіп қана қоймай, жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүрмен сусындатып жүрген апаның сапары Екібастұз үшін ғана емес, жалпы аймағымыз үшін ерекше рухани жаңалық болды. Есті әңгімеге сусаған халық бір серпіліп, рухтанғаны анық.

Қадірменді мейманды Екібас-тұзға кіреберісте қала әкімі Аян Бейсекин қошеметтеп қарсы алып, алдымен Бауыржан Момышұлы көшесін аралатып өтті. Зейнеп Әскербекқызы қос қапталы көк желекке оранған көшені көргенде сүйсінісін жасырмады: бұған дейін Екібастұзда батыр атамыздың есімі көшеге берілгенінен бейхабар екен. Еске түсірсек, Алматыда Бауыржан Момышұлы атына көше 1984 жылы берілген. Бір шеті колхозға барып тірелетін, аз ғана үйі бар көше кезінде елеусіз ғана ашылыпты. Сол кезде Бақытжан Момышұлы: «Әкем тірісінде ешкімнің иығынан ескі шапан киіп көрген жоқ, бұл көше әлі даңғылға айналады», — деген екен, бұл сөзі қазір шындыққа айналды.

Зейнеп апаның өңірдегі алғашқы кездесуі 16 мамыр күні №25 қазақ қыздар гимназиясының ұжымы және оқушыларымен өтті, басқо-суға ата-аналар да қатысты.

Осы күні қаламгер Абай атындағы №28 жалпы орта білім беру мектебінің мәжіліс залында Солнечный кенті тұрғындарымен де жүздесті. Жалпы, апамыздың аймағымызға сапарына Солнечный кенті аналар кеңесінің (төрағасы — Салтанат Құсайынова) ұйытқы болғанын атап өту ләзім.

Атап өтерлік жайт, Зейнеп апамыз жұбайы Бақытжан Момышұлымен 35 жыл бұрын Баянауылға сапарлап келгенімен, Екібастұзға ат басын тіреуі алғашқы рет.

— Мен — аманат арқалап жүрген адаммын. Кәсіби жазушы емеспін. Тек атамның айтқанын, атамның өмірінен көрген-білгенімді баяндаушы ғанамын. Атам соғыс туралы әңгімелемейтін, тек қазақтың салт-дәстүрі жайлы айтушы еді, «Балам, сені сөз түсінеді деп айтамын, сен де жұртқа жеткізерсің, осылайша, ең болмаса бір үйде қазақтың иісі сақталып қалсын» деп аманат етті, — деп бастады әр кездесуін Зейнеп апа. Апаның айтуынша, Бауыржан атамыз ауылға барғанда алдымен балаларға сәлем береді екен. «Біздің келешегіміз — осылар. Сәлем бергенім естерінде қалады», — дейді екен.

Кездесуге жиылғандарды Бауыржан Момышұлы жайлы әңгімелер қатты қызықтырды. Мәселен, батыр ата көз жұмғанда, мәйіті жер қойнына тапсырылмай төрт күн кідіріп қалғанын көпшілік біле бермейді.

«Атам қайтыс болғанда Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдық мерейтойы тойланып жатты. Оған қоса РСФСР-дің Қазақстандағы әдеби және мәдени күндері басталды. «Қосылсаңдар, өздерің қосылыңдар, мен кеттім» дегендей, атам дәл сол кезде өмірден озды. Жерлеуге рұқсат берейін десе, атамен жұрт қоштасуы керек, бәрі тойда жүр. Сол себепті биліктегілер жерлеу рәсімін тоқтатып қойды. Төртінші күн дегенде атам Бірінші Кеңсайдағы оңаша төбеден мәңгілік мекенін тапты. Бұл 1982 жылдың жаз мезгілі еді. Атаны жерлеп жатқанда ауа райы күрт бұзылып, найзағай ойнап, қара бұлт үйіріліп, астан-кестең болды. Әскери адам болған соң сарбаздар аспанға үш рет оқ атқан, көпшілік табиғи құбылыс себебі содан деп ойлады. Біреулер: «Бұл — атаның соңғы реніші», —
деді, мен осыған қосыламын. Асына барғанда режиссер Асқар Тоқпанов атаға көзі тірісінде лайықты атақ бұйырмағанын айтып, «иесіз төбеге жерленді, Панфилов саябағына қойылуы керек еді», — деді. Артынан Бақытжан сөз алып: «Парк — серуен құратын орын, ит те, мысық та жүреді, әкем өмірде адал, биік адам еді, топырақ бұйырған жері де биік» деді,
— деп сыр шертті Зейнеп апа.

Кейін Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл  толуына орай, Панфилов саябағына батырдың ескерткіші қойылды.

Тағы бір назар аударарлық жайт, көптеген деректерде Бауыржан Момышұлы «Халық Қаһарманы» деп аталып жүр. Зейнеп апа мұны жоққа шығарды. Оның айтуынша, алғаш рет Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағы берілді деген дерек тұңғыш президент Н.Назарбаевтың кітабында жарық көріпті. Ал бұрынғы президент кітаптарының бәрін өз қолымен жазбағаны анық. Бара-бара бұл кітап арқылы өзге басылымдарға тарап, жаңсақтыққа жол берілген. Апаның өзі не бұл марапат жөніндегі тиісті құжатты көрмегенін, не оған қоса берілетін айрықша белгі мен орден  отбасына табысталмағанын айтты. Ал «Кеңес Одағының Батыры» Алтын жұлдызын Қазақстанға Нұрсұлтан Назарбаев алып келген, Бауыржан Момышұлы — бұл атақтың соңғы иегері. Атақ-марапатқа қатысты әңгіме мұнымен бітпейді.

Биылғы жылдан бастап «Айбын» ордені қазақстандық үш батыр — Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев есімдерімен аталғаны белгілі. Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы қайтыс болғаннан кейін — 1990 жылы беріліп, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа түрлі желеумен берілмегені мәлім. Былайша айтқанда, Кеңес өкіметінің қитұрқы саясаты салдарынан ұлты қазақ талай ержүрек ерлер атақ пен марапаттан қағылған. Ал енді Тәуелсіз Қазақстанның түрлі дәрежедегі мемлекет-
тік наградасының жауынгерлер есімдеріне бұлайша бөлініп берілуі олардың дәрежесін бір-бірімен салыстырып тұрғандай әсер етеді. Зейнеп Ахметова апа бұл жаңалықты құп көрмейтінін білдірді.

Зейнеп апамен өңірдегі негізгі кездесу 17 мамыр күні Екібастұздың «Өнер» қалалық мәдениет сара-йында өтті. Оқырмандар нөпірі жазушының «Шуақты күндер», «Теңбіл тіршілік», «Күретамыр» кітаптарына қолтаңба алды. Бір қызығы, автор атасы Бауыржан Момышұлының кітаптарына қолтаңба қоймайды екен, онысын атаның түсіне кіріп, аян беруімен байланыстырады.

Кездесуде мәртебелі қонаққа шапан жауып, орамал салушылар аз болмады. Сахнаға шыққан оқыр-мандар ішінен апаның құрдасы —
жергілікті ұстаз, Екібастұз қала-сының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Мейірманның сөзі ерекше әсерлі болды:

— Көзі қарақты оқырман ретінде сізді ертеден білемін. Сәуле
Досжанова деген ақын сіңліңіз өлең шығарып еді, меніңше, бұл өлең сізге арналған сияқты:

«Бәрін бағып, бәрін байқап жанары,

Біреуге — мұз, біреуге күн —  қабағы.

Бабын тауып барлығының тыпырлап,

Әйел болу оңай емес,  қарағым.

Бәрін көріп, кейде болып   көрмеген,

Бәрін біліп жүрсе де, «біліп жүрмеген».

Бұзып алмай тыныштықтың аралын,

Әйел болу оңай емес,  қарағым.

Бәрі жақсы сырттан қарап  тұрғанға,

Барлығы бар қажет еткен  бар жанға.

Шайқап алмай шаттығының шарабын,

Бауырында —  тыныштықтың аралы,

Әйел болу оңай емес,  қарағым!».

Даңқты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні ретінде ғана емес, апайымды әр қырынан қысқаша ғана суреттегім келіп тұр. Ата-анасының тәрбиесінен бастау алған, Бауыржандай даңқты атамызда шыңдалған, бойындағы шыншылдық, бірбеткейлік менің психологияма өте жақын. Тақ еткізіп айтып тастайды, онысы дөп тиіп жатады. Ешкімнің алдында жағымпазданып, өтірік сөйлегенін көрген жоқпыз. Сонау ҚазМУ-де филология факультетінде оқып жүргенде тірі классиктер: Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергеновтердің сырлы поэзия- сын өз құлағымен тыңдап, құйма құлағына қондырған жан. Сіз халықтық педагогиканы керемет жақтадыңыз. Сонау Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектепте халықтық педагогика негі-зінде әзірленген «Кәусар бұлақ» бағдарламасын іске асырудың басы-қасында жүріп, тәрбие сағаттарын ұйымдастырдыңыз. Алматы педагогикалық училищесінде «Әдеп» курсын өткіздіңіз. Сіздің біраз дәйексөздеріңіз афоризмге айналды, бір көсемсөзіңізде былай дейсіз: «Қыз өсірген ата-ананың еңбегінің нәтижесі қыз бала босаға аттағанда бағаланады». Расында да, солай. Оң жақта қыз — бойжеткен, босаға аттағаннан кейін — бір азаматтың адал жары, бір әулеттің келіні, біреулердің абысыны, біреулердің жеңгесі. Міне, осылардың барлық миссиясын адал орындап, Бақытжан ағамызға — асыл жар, атамыздың адал келіні болдыңыз. Келіндердің символы ретінде, әйелдердің эталоны ретінде мына отырған жұртшылықтың атынан сізге тағзым етіп, алғысымды білдіремін!».

Жазушымен кездесуді ұйым-дастырған Солнечный кенті аналар кеңесінің төрағасы Салтанат Құсайынова кешке «тосын сәт» енгізуді де қаперден шығармапты: елімізде батыр атамен аттас Бауыржан Момышұлы атты азамат бар екен. Зейнеп апамен кездесіп, бата алуды көптен армандап жүрген астаналық Бауыржанның арманы Екібастұз сахнасында орындалды.

Зейнеп апамен кездесуге келген ардагер ұстаз Несіп Ахметованың жасы 85-те. Қадірлі қонақпен фамилиялас апа автограф үшін бір құшақ кітап ала келіпті. Бауыржан батырды көзімен көрген Несіп апаның бізге айтқан әңгімесі тіпті қызық.

— 1957-1962 жылдары Киров атындағы мемлекеттік универси-теттің (қазіргі Әл-Фараби атын-дағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ филологиясы факульте-тінде оқып жүрген кезімде жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Бауыржан Момышұлымен кездесу ұйымдастырылатын. Батыр көбінесе орысша сөйлейтін және майдандастары жайлы, кітаптары туралы әңгімелейтін. Кездесу соңында студенттерге сұрақ қою мүмкіндігі ұсынылады, сұрақтарды қағазға жазып жіберетін еді ғой. Әлі есімде, Момышұлына бір студент: «Почему Вы не генерал?» — деп сұрақты төтесінен қойды. Батыр да: «Не дослужил!» — деді жұлып алғандай. Қатарластарымның бірі: «Семьяңыз жайлы неге айтпайсыз?» — деп те қойып қалғаны бар. Оған шамданған батыр жоқ, қайта сәл езу тартып: «Семьям жайлы білгің келсе, үйге кел», — деді. Тағы біреуден: «Сіз жайлы анекдоттар көп айтылады. Олар шындыққа жанаса ма?» — деген сауал түскенде, ата: «Мен жайлы ел арасында 120 вагон анекдот пен қауесет бар, солардың 20-сы ғана шындық болар», — дегені де есімде қалыпты. Ұлы тұлғалардың артынан небір сөз еретіні белгілі, бірақ қазақ Бауыржандай хас батырын әрдайым әс көтеріп келеді. Ал оның келіні Зейнеп Ахметованың шығармашылығымен «Шуақты күндер» шыққаннан бері таныспын. «Мен — тек атамның келінімін. Тұла бойы қайшылықтарға тұнып тұрған қайталанбас адамның биік шаңырағының кең дастарханын ұстаған, шамам келгенше иіліп қызмет істеп, өнегелі өсиетін де, өңменіңнен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінімін» деп өзі жазады емес пе?! Мен былай деп қосар едім: ол — бүкіл қазаққа маңдайалды келін болуды үйретуден жалық-паған тұлға, оның еңбектері — тұнып тұрған үлгі-өнеге».

Ал Несіп апаны жетелеп әкелген қызы, «Екібастұз дауысы — ақпараттық орталығы» ЖШС директоры Айнұр Мейрамова былай деп еске алды:

— «Шуақты күндер» жарыққа шыққан шақ есімде. Оқушымын. Анам кітапты алып келіп, оқыған соң көпке дейін бар әңгімесі сол естеліктер жайлы болды. Алған әсерін бөлісуге асықты: кешкілік шайда басымыз қосылғанда да, ағайын-туыс келсе де, көрші-қолаң кіріп шықса да, анам ондағы тағылымды әңгімелерді тамсана айтып беретін. Кейде тіпті кітапты қолына алып, ерекше ұнаған тұстарын, әсіресе, атасы мен келінінің диалогтарын нақышына келтіріп, екпінге сала оқи жөнелетін… Сол әсер бізге де берілді білем, анамның айтпай кеткендері бар шығар дедік пе, үйде бәріміз кезекпен оқып шықтық. Бала болсам да, Зейнеп апаның әр сөзінен батыр атаға деген сағынышты, жылылықты сезіндім. Бауыржан батырдың болмысын оқырманға жаңа қырынан ашып, қайталанбас кісілік қасиеттерін сипаттап, нағыз ер, тағылымды тәрбие берген әке ретінде танытты. Осы кітаптан соң Зейнеп Ахметова анамның сүйікті жазушысы болып, «Шуақты күндер» үлкен шаңырақтағы көне кітап сөресінің ең көрнекті жерінен орын алды. Кейін алып сөре «Бабалар аманаты», «Күретамыр» кітаптарымен толықты.

Жалпы, Зейнеп апаға қатысы бар түрлі жайттар мен естеліктер сапар барысында үнемі алдымыздан шығып жатты. Мәселен, Баянауыл ауданы әкімдігі ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Күлжанның есімі Бауыржан Момышұлының баласы, апаның жұбайы — жазушы Бақытжан Момышұлының құрметіне қойылыпты. «Әкем Мұқатай Бауыржан Момышұлын ерекше құрметтеді. Сол себепті інілерімнің атын Бауыржан, Бақытжан деп қойды. «Ақиқат пен аңыз» кітабын арнайы Алматыдан алдырғаны есімде. Кітаптың сыртын тыстап, бүкіл ауыл кезекке тұрып оқыған. Студент кезімізде «Шуақты күндер» кітабын Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынып, 20 шақты студент Қазақстан ЛКЖО ОК-іне хат жібердік. Сол кезде комиссия мүшесі Мұхтар Шахановтың қолымен менің атыма «З.Ахметованың жасы 35-тен асып кетуіне байланысты шартқа сәйкес келмеді» деген жауап келген», — дейді ел азаматы Нұрлан Күлжан.

Ал Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшиннің айтуынша, Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп апа 35 жыл бұрын Баянауылға келген сапарларында Торайғырда ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарған Әбдіғапар Молшиннің үйінде қонақ болған көрінеді. Сонымен қатар, Торайғырда 10 жастағы Зейнеп Нұржан атты қыз бала бар екен, тоқсан жастағы атасы оның ныспысын Зейнеп апасына тартсын деп ырымдап қойыпты. Баянауылға сапары кезінде Зейнеп апаға абыз ақсақал Алпысбес Әділханұлының ұрпақтары үйінен дәм татырды. Бұл үйде Зейнеп апаның барлық кітаптары бар екен. Отанасы Айымгүлге марқұм қайынатасы Алпысбес ақсақал осы кітаптарды арнайы сатып алып, ішіне «Айко балам, осы кітаптарды оқығаның жөн болар еді» деп жазып, кей жерлеріне назар аударсын деп қызыл сиямен сызып та қойыпты.

Баянауылдағы кездесудің тыңдармандары негізінен ауыл әжелері болды. Бәрі де «Шуақты күндерді» жата-жастана оқыған адамдар екені көрініп тұр. Әжелердің біразы «Зейнеп апаның еңбектері мектеп бағдарламасына енгізілуі тиіс!» — деген ұсыныс білдірді.

Баянауыл дегенде Зейнеп апа «Кемпіртасты» көргісі келіп, Бақытжан ағамен бірге жүрген шақтарын тебірене еске түсірді. Кемпіртасты тамашалай барған апаға торайғырлық Ләйла Мадина сіңліміз бауырсағы мен қымызын ұсынып, дәм татырды.

Баянауылдан кейін сапар ғұлама Мәшһүр Жүсіптің мәңгілік мекені — Ескелдіде жалғасты. Қаламгер апа алдымен Сарыбұлаққа аялдап, Мәшһүр баба тіршілік еткен мекенмен танысты, одан кейін Ескелдіде дастархан басында әулиенің ұрпағы – Абай Шарапиевпен шүйіркелесе отырып, жиылған жастарға ұлағатты әңгіме өрбітті.

Кездесулер кезінде қыз бала тәрбиесі, ене мен келіннің арақатынасы жайлы сұхбаттар ұдайы өріліп отырды.

— Анам «Жұбайыңды тұңғыш балаша аялауың керек» деуші еді. Шынында да ер азаматтар жасы нешеге келсе де, ананың алақанын аңсап тұрады екен. Ал қыз баланы өз ауылында «Бәленшенің қызы» немесе «Бәленшенің қарындасы» деп атаса, шет шыққан соң «қазақтың қызы» деген атқа ие болады. Яғни, жаман қылық танытса, ұлтымызға сөз келеді, — дей келе, Зейнеп апа қазіргі әсіредіншілдер діни сенімді ұлттан жоғары қоюға тырысатынын, адам баласы туғанда алдымен оның белгілі бір ұлтқа тиесілі болатынын, сосын барып дінді таңдайтынын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда халқымыз өзінің құдайға сенімін «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндегеніне тоқталды.

Апаға: «Жұбайыңызбен ренжісіп, үйіңізге кетіп қалған кезіңіз болды ма?» — деген сұрақ та қойылды.

— Шаңырақ құрғанымызға жарты жылдай болған уақыт. Бір күні әлденеге келіспей қалып, Бақытжанға сөз қайтардым. Шапалақпен тартып жіберді. Төрт ұлдың арасында еркелеп өскен қызбын, мұндайды көрмегем, дереу төркініме тартып тұрдым. Барсам, шешем іс тігіп отыр екен, оған күйеуімді істен алғысыз етіп жамандай жөнелдім. Бір кезде көзімнің оты жарқ етті. Анам шапалақпен салып жіберіп: «Бір еркектің түтінін түтете алмай, бықсытсаң, саған берген ақ сүтім арам. Аға-жеңгең көрмей тұрғанда көзіңді жоғалт», — деді. Көзімнің жасын көл қыла кері қайттым. Көшеде газдалған су ішіп, балмұздақ жеп уақыт өткізгендей болдым, далада қашанғы жүре берем? Амалсыздан үйге қайттым. Үйдің есігіне қарасам, маған түнеріп тұрған сияқты. «Топсамды сындыра жаздап кетіп едің, қайтып келдің бе?» деп тұрғандай. Қорқып далаға шығып кеттім. Әйтеуір бір кезде есікті өз кілтіммен ашып, үйге кірсем, Бақытжан жайбарақат үнмен: «Қайдан келдің?» деді, мен: «Қыдырып келдім», — дедім. Күйеуіме сөз қайтарып, төркініме кетудің бас-аяғы осы болды. Күйеуге тиген қыз үйіне жалғыз келгенде, әкесінің үйінің табалдырығы дірілдейді екен, қыз бала төркініне жалғыз бармауы керек, — деп жауап берді Зейнеп апа.

Апамен Екібастұзда өткен басқосуға Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан келіп, облыс басшысы Асайын Байхановтың құттықтауын жеткізді және шапан жауып, ат мінгізді. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың ұрпағы Абай Шарапиев кітабын сыйласа, екібастұздық кәсіпкер Нұрман Нүптеке, облыстық мәслихат депутаттары Орынбасар Әлеев пен Арман Рахмашев бір-бір ат мінгізді. Шараның өз деңгейінде өтуіне облыс әкімі Асайын Байханов пен орынбасары Айзада Құрманова, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мен орынбасары Бибігүл Иманғалиева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері қолдау көрсетті. Мұндай ауқымды шараның демеушісіз өтпейтіні белгілі: Зейнеп апаның сапарына кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов толығымен демеушілік көрсетіп, ұшақтан түскен сәттен бастап бес күн бойы қонақтардың жанынан табылды. Серік Тельманұлының қолдауымен танымал суретші Александр Пархоменконың қолынан шыққан фотосуреттер «Зейнеп Ахметованың Павлодар облысындағы шуақты күндері» деген атаумен мейманға тарту етіліп, бір данасы Екібастұз қаласының әкіміне табысталды. Шараға, сондай-ақ, Қылышбек Нұржанов пен Манат Алғамбаров демеушілік көмек жасады.

Шығармашылық сапар «Атамұра» мәдениет орталығында түйінделіп, Зейнеп апа орталықтың естеліктер кітабына қолтаңба қалдырды.

Жанаргүл Қадырова,  Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген — А.Пархоменко.