Ауыл шаруашылығы саласының дамуы ветеринарлық шаралардың жүйелі жүргізілуіне байланысты. Жылдап жинаған малың ауруға шалдықса, бір-ақ күнде арам қататыны жасырын емес. Аймағымызда эпизоотиялық жағдай тұрақты болғанымен, атқарылатын шаруа шаш-етектен. Бұл ретте, ветеринария басқармасына артылар жүк ауыр. Салада қандай проблемалар бар? Биыл қандай жұмыстар жоспарланған? Сауалдарымызға облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев жауап берді.

– Асылтас Абылайұлы, ветеринария басқармасы жеке бөлініп қайта құрылғаны белгілі. Бұл немен байланысты?

– ҚР Ветеринария туралы Заңында жергілікті атқарушы органдардың қатарында ветеринария саласының жеке мемлекеттік құрылым ретінде құрылуға болатыны көрсетілген. Бұл ретте, облыс әкімінің қаулысына сәйкес, ауыл шаруашылығы басқармасынан бөлініп, жеке шықтық. Бұл – ветеринария саласы тоқырауға ұшырауда деген сөз емес. Ауыл шаруашылығы басқармасының құрамында да жоспарланған шаралар жүйелі атқарылып келді. Ендігі жерде қала мен аудандардағы ветстанциялар, ауылдардағы ветеринарлық бекеттер ветеринария басқармасына тікелей бағынып, қоян-қолтық байланыс орнатылады деген сенім мол. Осылайша, ветеринарлық қауіпсіздікті сақтай отыра, қауіпті індеттердің алдын алу көзделген. Қала берді, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі – басты назарда.

– Биыл аймақтағы эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Биыл ветеринарлық жұмыстарды жүргізу үшін 2,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Жылдық жоспарға сай профилактикалық шаралар, яғни егу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, диагностикалық жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, төрт түліктен қан сынамалары алынып, зертханаларға жіберілді. Ауру малдың көзі жойылды. Атап айтсақ, жартыжылдықта бруцеллезге қарсы 648 684 мал тексеріліп, 2,7 млн бас төрт түлік егілді. Облыста эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жануарлар бруцеллезін диагностикалау және жануарлардың аса қауіпті ауруларын (құтыру, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, эмкар, ринопневмония, нодулярлық дерматит, инфекциялық ринотрахеит және вирустық диарея, құстардың жоғары патогенді тұмауы, Ньюкасл ауруы, туберкулез, маңқа, иттер дегельминтизациясы, етқоректілер эхинококкозы) алдын алу мақсатында ветеринариялық іс-шаралар жүргізілетінін атап өткен жөн.

– Аймағымызда ветеринария саласының бесжылдық даму жоспары әзірленген болатын. Қандай жаңашылдықтар күтеміз? Биыл қандай жұмыстар жоспарланған?

– Аймағымызда қаңғыбас жануарларды (ит пен мысық) уақытша ұстау орындарының құрылысы басталды. Бекеттерді салу үшін Павлодар қаласында 2,5 га, Екібастұзда 0,9 га, Шарбақты ауданында 1 га жер учаскелері бөлінді. Облыс орталығында 300 қаңғыбас жануарларды ұстауға арналған орындар, карантинге жатқызу, сондай-ақ жануарларды зарарсыздандыру үшін жеке орын қарастырылған уақытша ұстау пунктінің құрылысы басталды. 2017 жылдан бастап ауылдық жерлерде типтік ветеринарлық бекеттер салу жұмыстары қолға алынған болатын. Бертінге дейін блок модуль (жылжымалы) түрінде жаңадан салынды. Мал қорымын салу ісі де жалғасын табуда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Оралхан ҚОЖАНОВ.