Photo Valeriy BUGAYEV

Біздің елде жыл сайын көктем шыға сай саланы су басып, жалпақ
жұртты әбігерге салатыны жаңалық емес. Қауіптің беті қайтқанша қараша халықтың берекесі қашады. Биыл да «дәстүр бойынша» еліміздің бірнеше облысын су басты. Бірқатар елді мекен еріген қар суының астында қалып, дүние-мүлік пен төрт түлік суға кетті. Жергілікті диқандар қауымы «қар суын жинап алып, ауыл шаруашылығы саласындағы қажеттіліктерге жұмсалса игі еді ғой» дейді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың су жинайтын қоймалар салып, қар суын жазда тиімді пайдалану туралы нақты тапсырмасы да бар. Бұл жоба неге іске аспай отыр? «Алаң» қатысушылары не дейді?

 

Әйгерім ҚАБЫЛТАЕВА, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

– Табиғаттың тосын мінезіне қарсы келер шара жоқ, әрине. Десек те, жыл сайын елді мекендерді су басуға жол бермеу мақсатында жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы облыстағы қауіпті деп танылған барлық ауылдық округтерде алдын алу іс-шарасын өткізеді. Атап айтқанда, елді мекендердің маңатындағы өзеннің мониторингі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Былтырдан бастап, мұндай жұмыстар Баянауыл ауданының Ащысу өзенінде бастау алған болатын. Бүгінде аталған ауданға қарасты М.Жүсіп (Жаңажол), Жаңатілек, Көкдомбақ, Қ.Сәтбаев (Қараащы), М.Шорманов (Теңдік) ауылдары маңындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде гидропосттар жабдықталған. Ол жерден күн сайын, тәулігіне төрт рет су тасқынын бақылау штабына деректер беріледі. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Ащысу өзенінде барлық бекеттер орнатылды, жақын арада Ақтоғай ауданының Ертіс және Сілеті өзендерінде су бекеттерін орнату жоспарлануда.

 

Олег ТРЕЩЕВ, Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының
орынбасары:

– Облыста Баянауыл және Ақтоғай аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймақ-тары су басу қаупі бар аумаққа жатады. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерінің талдауына сүйене отырып, 43 елді мекен бақылауға алынды. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары аясында жылда жұмыс жоспары бекітіліп, облыстық штаб құрылады. Мәселен, мұздың кептелуіне және бітелуіне жол бермеу үшін былтыр Шолақсор ауылының тұсында Сілеті өзенінде мұзды кесу арқылы  әлсірету жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, облыста 1472 су өткізу құбыры бар. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың республикалық жол картасы шеңберінде Май ауданы Қаратерек ауылындағы Ертіс өзенінің арнасы тазартылып, жағалау нығайтылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульяновский» автожолының 101-ден 105 шақырымына дейінгі 2 көпір салу, Ақтоғай ауданының шекарасындағы Сілеті өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары және Ақсу қаласында, Ақсу кентінде, Ленин кентінде, Кенжекөл ауылында қорғаныш үйінділерін нығайту жұмыстары жалғасын табады.

 

Айдарбек БЕКТЕМІРОВ, Успен ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

– Бұрын Кеңес үкіметі кезінде ел тұратын мекендер арнайы қоршалып, сыртына топырақ үйіліп, ор қазылатын. Ауылдың сыртындағы өзен-көлдер тасығанда келетін қарғын сулардан қорғану мәселесі қарастырылатын. Қазір олардың барлығы бітеліп қалған. Егер тасқын себебінің алдын алсақ, салдарынан келетін шығынға батпас едік. Бүгінгі таңда елде қажет гидротехникалық жабдықтардың 90 пайызы бар. Тек оларға инвентаризация жасап, түгендеп, жөндейтіндерін жөндеп, жаңарту керек. Су қоймасын салу деген асығыс қарайтын іс емес. Оған көп қаражат кетеді және оны қай жерге салуға болатынын да айту қиын. Ертіс өзенін жағалай қоныстанған біздің Павлодар облысына да бір алып су қойма салуға болады. Тағы таулы аймақтарға салуға болар, ал жазық жерде жаппай салудың реті аса жоқ. Жазық жердегі қойманың суы бумен-ақ ұшып кетеді. Одан да елде бар инфрақұрылымды жөндеп, түгендесек көп ұтамыз.

 

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.