Ұлыстың ұлы күні – 22 Наурыз мерекесіне санаулы күн ғана қалды. Көгілдір көктемнің келуі мен жаңа жылдың басталуын бейнелеп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін бұл мейрамның мән-маңызы тереңде.

Алайда, соңғы жылдары қоғамда Наурыз мерекесін тойлауға қатысты түрлі ұсыныс-пікірлер жиі айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі екенін ескертіп, оны тұтас ел болып түгел тойлау керектігін атап өткен еді. Осыған орай елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап, 23 наурыз – Тазару күніне дейінгі Наурызнаманың онкүндігі жарияланды. Ендігі кезекте осынау 10 керемет күннің қыр-сырына тоқталғанды жөн көрдік. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға және жақсы адами қасиеттерді ашуға бағытталмақ.

14 наурыз – Көрісу күні

Бүгін — Көрісу күні. Халқымыз бұл күнді Амал мерекесі деп те атап, қыстың қысымшылығынан аман-есен шығып, шуақты көктемге жеткен қуанышымен бөліскен. Яғни, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен көрісіп, төс қағысып, мәре-сәре болған. Сондай-ақ, бір-біріне деген өкперенішті ұмытып, жақсылық тілеген.

Көрісу күнінде жасы кіші адамдар өздерінен үлкендердің үйіне бас сұғып, айтулы мерекемен құттықтап, көрісіп шығуды дәстүрге айналдырған. Тіпті, кемінде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым да бар көрінеді.

Қазақстанның батыс өңірлерінде жаңа жылдың басы ретінде атап өтілетін «Амал мерекесі» қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, бұл өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең саналады. Осы күнді бүкіл республика деңгейінде атап өту бірлігіміз бен ынтымақтас-
тығымызды нығайта түсуге септігін тигізеді. Яғни, айтулы мереке бәріміздің үлкен бір отбасы екенімізді, бұл шаңырақтың ынты-мағы игі дәстүрлер мен жалпыға ортақ құндылықтар арқылы арта түсетінін көрсетеді.

Мереке күндері тұрғындар туыс-туғандарын аралап, жақын-жұрағатымен бірге бас қосады. Демек, «Амалдың» әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болады.

Бұл игі дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде есіктен енгелі тұрған Ұлу жылын үлкен үмітпен және нық сеніммен бастауға оң әсерін тигізеді.

Ал Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбе бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептелген. «Хамал» дегеніміз — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Бұрын ел арасында күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан.

Жалпы, парсы тілінен аудар-ғанда «Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген ұғымды білдіретіні барлығымызға мәлім. Ертеде қазақ халқы бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген.
Бұл сөздердің айырма-шылығы жоқ деуге болады. Ал қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отырғанын айта кеткен жөн.

 

15 наурыз – Қайырымдылық күні

Атауы айтып тұрғандай, бұл күн мейірімділік пен татулықты насихаттауға арналмақ. Игі іс жасау — қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін амалдардың бірі.

Наурызнаманы мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, қадірін арттырудың маңызы зор.

Ресми түрде Наурызнаманың бір күнін осы тақырыпқа арнау – азаматтардың сана-сезіміне осындай қозғау салу тетіктерінің бірі. Бұл ретте, барлық өңірде қайырымдылық іс-шараларын өткізу — халық бірлігінің, өзгеге қол ұшын беруге деген ұмтылыстың көрінісі екені сөзсіз.

Осылайша, Наурыз — ынтымақ, азаматтық жауапкершілік пен мұқтаж жандарға қолдау көрсететін жарқын мерекеге айналмақ. Бұл жерде мәселе тек материалдық көмек көрсетуде емес, сонымен қатар, рухани қолдау, көңілді серпілту, жылы сөзбен жігерлендіру де маңызды. Бастысы, қайырымдылық идеясын барша азамат дұрыс қабылдауы тиіс. Яғни, Наурыз мерекесінің бірлік пен бауырластыққа, ынтымақ пен өзара көмекке шақырған философиясы қоғамдағы мейірімді одан әрі күшейте түсері сөзсіз. Себебі, бұл күні қайырымды жандар дәстүрлі түрде қарттар үйлеріне, дағдарыс орталықтарына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге, көпбалалы отбасыларға арнайы барып, мерекемен құттықтайды. Игі дәстүр қоғамда адамға деген жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады.

Ерекше айта кетерлігі, 15 наурыз мұсылмандар үшін қасиетті ай — Рамазанның бірінші жұмасымен сәйкес келеді. Бұл айдың ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтары Наурыздың мазмұнымен толықтай үйлесетінін ескере отырып, барлық өңірде ауызашар шаралары өткізіледі деп жоспарлануда.

 

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Осы күні мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүріміз насихатталмақ. Яғни, 16 наурызда ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсау-кесерлері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетіледі.

Ұлтты ұлт ететін айрықша белгілердің бірі – мәдениеті мен өнері, олардың маңызы жаһандану жағдайында одан сайын арта түспек. Мәдениет қоғамдық сананы және азаматтардың мінез-құлқын анықтайтын моральдық-этикалық нормаларды қалыптастыру процесіне әсер етеді. Өнер қоғамдағы құндылық символизмін айшықтайды. Сондықтан Наурыздың жаңа идеологемасын қалыптастыру отандық мәдени-шығармашылық кодпен тығыз байланысты болмақ.

 

17 наурыз – Шаңырақ күні

Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, мейірімділік, жанашырлық, ата-анаға деген сыйластық пен ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған.

Жалпы, қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек және отбасының бақыты мен ұрпақтар сабақтастығы. Яғни, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра. Қазақ дүниетанымында шаңырақ – шеңбердің символы, яғни кім-кімді де кемсітпей өз ортасына қабылдай алу ұғымын білдіреді.

Жаһандық тұрғыдан алғанда, шаңырақ ұлттық сана-сезімдегі ел, мемлекет ұғымын бейнелейді. Сондықтан да ол Елтаңбаның жүрегінде орналасқан. Ендеше, осы мереке күндері шаңыраққа ерекше көңіл бөлінетіні түсінікті жайт болса керек.

Жалпы, «Шаңырақ» күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол үшін де Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 17 наурыз жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деген сенім бар.

 

18 наурыз – Ұлттық киім күні

Әр елдің бет-бейнесін ұлттық киіміне қарап тануға болады. Демек, бұл күн ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын ерекше сәт болмақ. Яғни, 18 наурыз – ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне тамсанып, қолөнердегі бай мұраны зерттеп, одан шабыт алатын күн.

Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайым әрі әдемілігімен ерекшеленіп келді. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлаумен қатар, киім иесінің атақ-дәрежесін, байлығын көрсететінін де айта кеткен жөн.

Ұлттық киім күні бұл салада жаңашыл көзқараспен шығарма-шылық тұрғыда дәстүр мен стильді ұштастыруға ынталандыратын түрлі фестиваль, байқау-
лар ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға мол септігін тигізіп, халық мұрасының маңыздылығын еске түсіріп, бірлігімізді арттыра түседі деген үміт бар.

 

19 наурыз – Жаңару күні

«Жаңару» күні барша азаматты ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Бұл күн әрбір қазақ-стандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Яғни, жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, жақсылыққа қарай өзгеру туралы шешім қабылдау уақыты.

Елімізде жаңару символдарының бірі – «Әділетті Қазақстан» тұжырым-дамасы. Оның аясында ел өмірінің түрлі салаларында оң өзгерістер жүзеге асып жатыр. Сондықтан, саяси пайымға сүйенсек, Қазақстан үшін Наурыз мейрамы – қуаныш пен шаттық мерекесі ғана емес, өткенді қайта қарау және болашаққа жоспар құру кезеңі.

Наурыз айында ел аумағында отырғызатын жаңа көшеттер тәрізді бұл күндері қоғамдық мәдениетке Наурыздың жаңа дәстүрлері сіңіріледі. Отырғызылған көшеттер өніп шығып, ағаштар жеміс бергені сияқты жаңа идеялар мен құндылықтар өз жемісін беріп, қоғамымызды нығайтып, өркендеуге жетелейді.

 

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

Ұлттық спорт – ұлт мәдениетін сақтауға, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл күні барлық өңірде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен турнирлер өткізіледі. Бәйге мен құсбегілік жарыстар, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту сынды түрлі сайыстар ұйымдастырылып, төл дәстүрлеріміз жаңғырады.

Ұлттық спортымыз – тек сайыс пен жарыс емес, мұнда көшпелі тұрмыстың рухы бар. Дәстүрлі спорт түрлері өмір сүру салты, адам өмірі, еңбегі, ұлттық негіздер, ар-намыс, қадір-қасиет, батылдық, күш-қайрат, төзімділік және жылдамдық сияқты қадір-қасиеттерді бейнелейді. Қазіргі уақытта дәстүрлі спорт түрлеріне деген ықылас ел ішінде ғана емес, шетелде де артып келеді. Бұл – қуантарлық жайт.

Атап өтерлігі, Наурызнама кезеңінде бәйге бойынша ҚР Президентінің жыл сайынғы арнайы сыйлығы да тағайындалған болатын.

 

21 наурыз – Ынтымақ күні

Біз бұл күні өткенді еске түсіріп, ата-бабамыздың бейбіт өмір үшін жылдар бойы күрескен ерлігі мен еңбегін, елдегі тарихи оқиғалар мен ұлттың жетістіктерін, Отанымызды мекен еткен түрлі топтарды біріктірудің маңыздылығын түсінеміз.

Жалпы, Қазақстанда Наурыз мейрамы бізді ұлттық өзекке оралтып қана қоймай, ел ішіндегі ағайын мен сырттағы бауырларды байланыстырушы көпір ретінде қызмет етеді.

Демек, ынтымақ күнін береке-бірлікте бірге атап өтіп, ұлтты ұйыстырушы тетікке айналдыруды көздеген  бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Бұл күн ауызбірлік, ортақ құндылықтар мен азаматтық бірегейліктің маңызын түсінуге жетелейді. Ынтымақ күні азаматтарды бейбітшілікке, келісім мен төзімділікке қолдау білдіруге үндеп, әділ және бақуатты қоғам құруда өзара сыйластықтың, ынтымақтастық пен бір-бірін қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Бұл қоғамдағы қайшылықтарды азайтуға және қоғамның түрлі топтары арасындағы түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Осы күні жалпыұлттық телемарафон – еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар мен шетелдегі қандастардың қатысуымен тікелей эфирдегі құттықтау эстафетасы өткізіледі. Сондай-ақ, ынтымақ күні өтетін іс-шаралардың барлығы біздің мәдениетіміз бен шығармашылық әлеуетіміздің жан-жақтылығын көрсетеді. Ендеше, бұл күні ел болып мәдени мұрамызды қадірлеп, бір-біріміге деген сый-құрметімізді көрсетейік, ағайын!

 

22 наурыз – Жыл басы

Көптен күткен «Жыл басы», бұл — әрбір қазақстандықтың өз мәдениеті мен тарихының өзегіне оралатын уақыт. Бұл күні барлық қала-ауданның басты алаңдарында этноауылдар ашылып,  ұлттық мәдениеттің байлығын паш етеді. Ата-баба әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін тамашалап, өткеннің рухын сезінеміз. Сонымен қатар, әр қалада және елді мекенде «Наурыз стиліндегі ең креативті безендіру», «Наурыз стиліндегі ең әдемі көше» атты халықтық байқаулардың жеңімпаз-
дарын марапаттау шаралары ұйымдастырылады. Үй-жай, аула мен көшелерді Наурыз нақышымен безендіруге қатысу арқылы әрбір тұрғын мерекелік ахуалды сезініп, отбасы ынтымағын арттырады.

Бұл іс-шаралардың маңызы – тарихымызды жалғастырады, өткенмен байланысты нығайтады және болашаққа жол ашады. Осы күні біз халқымыздың ауызбірлігі және ежелгі дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтай отырып, барлық сын-қатерден бірге өтуге дайын екендігімізді көрсетеміз.

«Жыл басы» –  күнтізбедегі қатардағы күндердің бірі емес. Бұл –  қоғам өміріндегі ерекше сәт, біз бұл күні мерекелік қуанышпен бас қосып, тарихымыздағы жаңа кезеңнің басталуын мақтанышпен атап өтеміз.

 

23 наурыз – Тазару күні

Бұл күні аты айтып тұрғандай азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мән беріледі.

Негізі, Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді.

Жалпы, бұл мереке — жаңа өмір бастауының нышаны. Осы кезеңде тазару арқылы жаңаруға басымдық беріледі.

Тазару рәсімі – үй-жайды, аулаларды тазалап, бұлақтар мен арықтардың көзін ашып, қоқыстан аршу, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді. Сол арқылы адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақыт пен береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады. Сондықтан айналаны тазарту арқылы артық нәрселерден арылуға, кеңістікті мүмкіндігінше пайдалы етіп қайта құруға мүмкіндік беріледі. Оның мәні тереңде. Яғни, тазару – ұлттың жаңа жылды жаңа үміт, тың серпін, нық сеніммен бастауының басты нышаны. Осынау «жасыл күн» табиғат пен адамның қарым-қатынасында көпір болып, дені сау ұрпақ өсіруге, елдің гүлденуіне негіз болады.

Мұндай ауқымды экологиялық бастамалар Наурызнама онкүндігін қорытындылау ғана емес, таза қоршаған ортада жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға негіз болады деген сенімдеміз.

 

Алма АРЫНОВА, Естай атындағы мәдениет сарайының халық шығармашылығын дамыту орталығы бөлімінің меңгерушісі:

— Бүгін – Көрісу күні күні екенін бәріміз білеміз және осы айтулы мерекені асыға күттік. Таң атқалы көрші-қолаңмен, ағайын-туыс, дос-жаран және жақын араласатын адамдарымызбен амандасып, көрісіп, мәре-сәре болып жатқан жайымыз бар.

Негізі, бұл күнді көпшілік тағатсыздана күтіп, дайындалады. Ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастархан да жайып қояды. Көрісуге келген әр адам сол дәмнен ауыс тиіп, амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып қайтады. Сондай-ақ, кішкентай балалар да қолдарына шағын дорба ұстап, туған туыстарының шаңырақтарына барып, сарқыт салып алу әдеті қалыптасқан. Бұл дегеніңіз – дәм-тұзымыз үзілмей, балаларымыздың қарыны тоқ болып, аман-есен ел-жұртпен араласып жүрсін деген ұғымды білдіреді екен. Биыл осы күннің қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуінің өзі үлкен қуаныш. Бұл айда адамдар бір-бірін кешіріп, бар мейірім-шапағатын төгеді. Адамзат үшін мұндай құрметтен асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.

Әмина СЕРІКОВА, ардагер ұстаз,  Павлодар қаласының тұрғыны:

— Биыл Наурызнаманың онкүндігі жарияланып отырғанын естіп, қуанып қалдым. Әр күн терең мән-мағынасымен кез келген адамға үлкен ой салары хақ.

Жалпы, Наурыз – қазақ халқы үшін өте берекелі, құтты мереке ғой. Олай дейтінім, осы кезеңде көгеріп көк шығады, төрт түлік төлдейді, ақ көбейеді, ырыс кеңейеді дегендей… Енді осынау онкүндік шарасы аясында көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету, ұлттық спортты, өнерді насихаттау, ел арасындағы береке-бірлікті нығайту, жаңару мен тазару сынды керемет амалдар жасау — барлығымызға үлкен рухани күш-қайрат беретіні сөзсіз. Сол үшін де бұл мерекелік тұжырымдаманы қолдай отырып, халқыма осындай керемет іс-шараларды бүкіл ел болып жұмыла жүзеге асыруға ат салысайық деймін.

Нұржайна ШОДЫР.