Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінде туризмді дамытуға баса мән беріліп, серпінді жобаларды іске асыру қажеттігін тапсырған еді. Аталған мәселені таяуда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп те көтеріп, отандық туризм саласында әлі де елеулі нәтижеге қол жетпегенін, сол үшін кешенді түрде жұмыс жүргізу керектігін тілге тиек етті. Бұл ретте, Павлодар облысындағы жағдай қалай деген сауал туындайтыны сөзсіз…

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын аймағымызға 250 мыңнан астам турист келеді екен. Олардың қатарын бұдан да арттыру үшін туризм саласын дамытудың маңызы зор. Осы мәселе осыдан бір ай бұрын облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында да талқыланған болатын. Сонымен, өңірлік туризмді дамыту үшін не істеу керек? Қандай мәселелер бар? Санаулы күннен кейін туристік маусым басталатынын ескерсек, күтілетін нәтиже қандай болмақ? Көкейдегі көп сұрақты «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Дәуір ЕРҒАБУЛОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Әрине, өңірлік туризм саласын дамытудың маңызы зор. Бұл дегеніміз  туристерге аймақтағы көрікті де киелі жерлерді көрсету ғана емес, сондай-ақ экономикалық жағдайды жақсартуға жасалған қадам болуы тиіс. Сол үшін жылдан-жылға Ертіс-Баян өңіріне келушілердің санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, 2023 жылы «Павлодар облысында туристік саланы дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» жасалып, жүзеге асуда. Сол бойынша облыстағы туризм саласын инфрақұрылымдық және инвестициялық жағынан дамыту көзделіп отыр. Жалпы, біздің аймағымызда Баянауыл ауданындағы Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері, облыс орталығындағы жағажайлар, Екібастұз қаласындағы Солнечный кенті, Аққулыдағы Тұзқала көлі, Павлодар ауданындағы Қарағай орманы, Шарбақтыдағы Маралды көлі мен Шалдай орманы сынды демалуға ыңғайлы орындар бар. Осы аталған және өңірдегі өзге де демалыс мекемелерін дамыту үшін түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.

 

Риза БЕЙСЕНБАЕВА, Баянауыл ауданындағы «Березовая роща» демалыс үйінің директоры:

— Өңірлік туризмді дамыту үшін ең алдымен осы салада орын алған мәселелерді шешу керек деп ойлаймын. Мысалы, Баянауылдағы көптеген демалыс орны үшін кәріз жүйесі үлкен қиындық тудырып келеді. Бұл мәселені үнемі көтеріп жүрміз. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Сол үшін бассейн салу да қиынға соғуда. Тағы бір мәселе – телефон, интернет байланысының нашар болуы. Демалуға келген туристер теледидар көріп, ағайын-туысына хабарласқысы келеді. Өкінішке қарай, біз олардың осы талабын орындай алмай отырмыз. Мәселен, бірнеше күн бұрын бізге сонау Канададан адамдар келді. Олар бірден интернетке қалай қосыламыз, байланысқа қалай шығамыз деп сұрады. Әрине, біз қысылдық. Сондай-ақ, осы жақта электр жарығы да жиі өшіп қалады. Өткен жазда екі күннің бірінде жарық сөніп қалатын. Жолдар да жөндеуді қажет етеді. Баянауылға Қарағанды облысынан келетін демалушылар көп. Олар екі ортадағы жолдың сапасы сын көтермейтінін айтады.

Міне, осы сияқты түйткілдердің түйінін тарқатуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Сонда ғана өңірлік туризм дамитын болады.

 

Кәдірбек АТШЫБАЙ, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Біздің өңірде туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Бірақ соны тиімді пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады. Мен облыстағы бірқатар демалыс орындарында болдым. Шынымды айтсам, көбінің қызмет көрсету сапасына көңілім толмады. Сонымен қатар, санитарлық жағдайға да соншалықты мән берілмейтінін байқадым. Соған қарамастан, ішкі туризмнің бағасы қымбаттау. Өңірлік туризмді дамыту үшін алдымен осы аталған мәселелерді дұрыс жолға қою керек деп ойлаймын. Себебі, жыл сайын көптеген отандасымыз Түркия, Грузия сынды елдерге саяхаттауға ағылып жатады. Ол жақтан үлкен әсермен оралады. Барған жеріндегі жататын орны таза, тамағы дәмді, қызмет көрсету сапасы жоғары, жүретін жолы тақтайдай тегіс, ең бастысы бағасы да қолжетімді екенін айтып, қызықтырады. Біздің елде де дәл   сондай жағдай жасалса, жан-жақтан келетін туристер көбейер еді. Сондықтан туризм саласын алға бастыру үшін осы іспен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қатаң талап қойылып, бақылау жасалуы қажет. Әрі тиісті қолдау да көрсетілуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана бұл мәселе оң шешімін табар еді.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.