Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала. Бұл – өткен дәуірде, қазіргі кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық. Олай дейтініміз, алыс-жақыннан ақпарат алмай өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан журналистика мамандығы үнемі ізденісте болуды талап етеді. Мұндай қасиетті облыстық ата басылымдардың бірі – «Звезда Прииртышья» газетінде көп жыл еңбек еткен шолушы Галина Егорованың да бойынан байқауға болады.

Галина Александровна журналистика саласына бала кезден жақын болған. Білім ордасында оқып жүрген кезінде-ақ газеттерге мақала жазып, мектеп радиосында хабарлар таратқан.

– Шын мәнінде, мен бастапқыда Ленинград қаласындағы техникалық университетке түскім келді. Бірақ анам менің алысқа кетуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Сол себепті, жаныма жақын филология факультетіне баруға бел будым. Бір жылдан соң журналис-тика бөліміне ауыстым. Кішкентай кезімнен эссе жазғанды жақсы көрдім, көп оқыдым. 3-сыныпта, тіпті кітапқа пікір жазып, Мәскеуге баспаға жібердім. Сондай-ақ, жаңалықтар жазып, оларды үлкен үзілісте мектеп радиосында оқыдым.  Жалпы, мен журналистика саласына бала кезден қызықтым.  Әр тәжірибем «Звезда Прииртышья» газетінде өтті, – дейді Г.Егорова.

Кейіпкеріміз өзінің аталмыш басылымға қалай келгендігі жайлы да естелігімен бөлісті.

– Жоғары оқу орнының бірінші курсын бітірген кез. Ұстазым бойымда шығармашылық қабілеттің барын біліп, сол кісінің кеңесімен облыстық «Звезда Прииртышья» газетінен тәжірибеден өтуге бел будым. Ол кезде тәжірибеден өту деген болмаған.  Мені сол кезде бас редактордың орынбасары болған Юрий Поминов жылы шыраймен қарсы алды. Көп нәрсе үйретті. Осылайша, еңбек жолымды осы газеттен бастап, әлі күнге дейін еңбек етудемін, – дейді Г.Егорова.

Галина Александровна газет бетінде қылмыс пен оқиғалар туралы мақалалар жазады. Десе де, жекелеген адамдардың өмірі туралы жазғанды жақсы көреді.

– Қылмыс, оқиғалардан бөлек, облыстың музыкалық сала қызметкерлерінің өмірі жайлы жазамын. Филармонияның барлық концертіне қатысамын. Мақала жазу арқылы Талғат Кәрімов, Виктор Шейкин, Мәди Ботагөзов, Оксана Петрушкина, Мәдина Жармұхамбетова секілді тұлғалармен таныстым, – дейді ол.

Тәжірибелі маманның айтуынша, баспасөздің қолында өзгеде бола бермейтін қуатты күш бар. Ол күш – сөз және қалам.

– Журналист өз ісіне адал берілген маман болуы тиіс. Оның өз қызметін жемісті атқаруы үшін интеллектуалдық, психологиялық, шығармашылық қабілетін толық пайдаланып, сонымен бірге табанды, әділ, батыл қасиетімен де танылуы тиіс. Ақыл-ой бірінші орында тұруы керек. Сондай-ақ, журналистің жеке мәдениеті көп нәрсені аңғартады. Әсіресе, журналистің мәселені терең білуі аса қажет. Ол болмаса табысты жұмыс істеуі екіталай. Оқиға, фактіге жеңіл-желпі қарамай, оның түпкі мәніне, себеп-салдарына назар аудару керек. Жаңа мәліметтерді салыстырып қарау жөн. Журналист бәрі анық болғанда ғана журналист мақала жазуы керек, – деп әңгімесін түйіндеді кейіпкеріміз.

Айдана БОРАНБАЕВА.