Сәбидің иісі. Әлемдегі ең хош иісті аңсап жүрген адамдар аз емес арамызда. Әділет пен Ажар да 2010 жылы отау құрып, бесік тербетуді армандады. Қатарластарымен бірге бөбегін қолына алып, оның әрбір қылығына тоймай, тәтті күндерді бастан кешіруді тіледі. Бірақ, бұл арман бірден орындалмады. Бір мүшел күтуге тура келді. Былтыр Әділет пен Ажар тұңғышын бауырына басып, жылдар бойы аңсаған, тағатсыздана күткен өмірдің ең бақытты сәтіне жетті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Алғаш ата-ана атанды

– 2010 жылы шаңырақ көтердік. Шыны керек, алғашқы 4-5 жыл балалы болмағанымызға аса бас қатырмадық. Жастықпен солай жүре берген шығармыз. Алланың қалауы болар, сәтін салар деп күнделікті тірлікпен отбасылық өмір жалғасып жатты. Бес жылдан соң ойлана бастадық. Әрекетке көштік. Алдымен, емшілерді жағаладық. Нәтиже болмаған соң Алматы мен Астананың мықты клиналарына барып, тексеріліп, ем алдық. Барлық мүмкіндік – медицинада екенін ұғындық. Бірнеше рет ақылы түрде жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгіндік. Одан да оң нәтиже болмады. Ең өкініштісі, себебін мамандардың нақты түсіндіре алмауы жанымызға батты, – дейді Әділет. Бірақ, ерлі-зайыпты екеуі ешқашан бір-бірін кінәлап, өмірден баз кешкен емеспіз, дейді. Ылғи бір-біріне қолдау білдіріп, үміттерін үзбепті. Айналасындағы туыс-туғаннан да артық әңгіме естімедік, дейді. Бұл да жас отбасы үшін өте маңызды екенін екеуі біледі. Жас әкенің айтуынша, еліміздің екі бас қаласын шарлай жүріп, Астанадағы клиникада Алмас Ибрагимов есімді дәрігерге жолыққан. Осы азамат дұрыс бағыт берген. Ол уақыт оздырмай, «Аңсаған сәби» атты еліміздегі бағдарламаның квотасына ілінуге кеңес береді. Тіпті, бұған дейін не себепті ақылы ЭКО-дан нәтиже болмауының да себебін егжей-тегжейлі түсіндіріп берген екен. Қолдарына дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының қорытындысын ұстатқан. Осы құжатпен өңірімізге оралады.

– Сол кездесуден кейін үміт оты қайта оянды. Павлодарға келіп, 2022 жылдың басында өтініш берді. Бағдарламаның барлық талаптарына сай келдік. Талдаулар, тексерістер өткізілді. Квотамызды алып, Астанада арманымызға біртабан жақындата түскен ақ желеңдінің алдына барып, ЭКО жасаттық. Аллаға шүкір дейміз, нәтижесі оң болды. Ай-күні жетіп, әйелім тұңғышымыз – ұлымызды дүниеге әкелді, – дейді 12 жылдан соң алғаш әке атанған Әділет. Жас әке сәбиін қолға алған сәтін ешқашан ұмытпайтынын айтады. Сөзбен айтып жеткізуге келмейтін тәтті сезімді бастан өткерген.

– Бүгінде ұлымыз алты айдан асты. Шүкір етеміз. Тәтті қылықтарына сүйсініп жүрміз. Алланың берген баға жетпес сыйы ретінде қараймыз. Жалпы, медицинаның дамығанын, еліміз-
де технологиялардың жаңарғанын, дәрігерлердің білікті екенін біз сияқты сәбилі болуды аңсап жүрген әрбір азаматқа айтар едім. Бағасы да шетелден қарағанда қолжетімді. Оған қоса, Үкімет тегін квота беріп жатыр. Бастысы, үміт үзбеу керек, – дейді өзінің жүріп өткен жолын баяндаған бақытты әке.

Үміт оты

Иә, 2021 жылы демографиялық-отбасылық ахуалды жақсарту мақсатында Президенттің тапсырмасымен елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданды. Мұндай жобаның қолға алынуы бекер емес. Өйткені, бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да бедеулік мәселесі өзекті болып отыр. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың Репродуктивті денсаулық және пренеталды диагностика орталығының гинеколог дәрігері, репродуктолог Алма Катпинаның айтуынша, Қазақстанда бүгінде 20,5 мың ерлі-зайыпты бедеулікке байланысты мамандар көмегіне жүгініп жүр. Бұл әлеуметтік бағдарлама аясында елімізде жыл сайын 7 мың квота бөлінуде. Демек, осыншама отбасыға үміт сыйлап, балалы болуына қолдау көрсетіледі. Облысымызда денсаулық сақтау басқармасында 900 жұп ЭКО-мен сәбилі болуға квота алуға кезекте тұр. Алма Салауатқызының сөзінше, бұрын әйелдер арасындағы бедеулік басым болса, бүгінде елу де елу пайызды құрауда. Яғни, ерлердің белсіздігі де белең алған. Қазіргі таңда 2500-ге жуық азаматта бедеулік мәселесі өзекті болып отыр. Естеріңізде болар, «Аңсаған сәби» бағдарламасына дейін де елімізде мемлекет есебінен жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне квота беріліп келді. Бірақ, санаулы еді. Өзіңіз қарап көріңізші, 2010-2020 жылдар аралығында аймағымызда 335 отбасылық жұпқа квота үлестірілген. Ал 2021 жылы қабылданған «Аңсаған сәби» жобасы бір жылда осыншама квота беруге мүмкіндік туғызды. Мәселен, 2021 жылы 290 квота облыс тұрғындарына берілсе, 2022 жылы 281 отбасы тегін ЭКО жасатуға мүмкіндік алды. Биыл 269 квота бөлінді. Айта кетейік, аймағымызда ЭКО әдісімен алғашқы сәби 2010 жылы дүние есігін ашқан. Осылайша, мемлекеттің көмегімен қаншама отбасы нәрестелі болуға талпынып, медицина мүмкіндігін пайдалануға мүмкіндік алды. 2020 жылға дейін кезегін отбасылық жұптар 3-5 жыл шамасында күтсе, қазіргі таңда бір жыл ішінде квотаны қолына тигізеді. Кезегін күтпей, ақылы түрде алматылық клиникада ем-домын, кейін ЭКО арқылы сәбилі болған тағы бір Павлодар қаласының тұрғыны Айшолпанның оқиғасы тіпті көпке ой салары анық.

– 5 жылдай сәбилі болуды күттік. Айналамызда достар кішкентайлы болып жатқанда, әлбетте, көңіліміз жабырқап, біз де сол қуанышты күнге жетуді аңсадық. Әрекет жасадық. Нәтиже болмаған соң ЭКО-ға жүгіндік. Жиған-тергенімізді алып, Алматыға аттандық. Аллаға шүкір, бірінші реттен нәтиже болды. Жүктілік кезінде барынша сақтанып, тоғыз айдан соң тұңғышымызды бауырымызға бастық. Қуаныштан жүрегіміз жарылардай күн кештік. Сөйтіп, ата-ана ретінде бала күтімімен күнделікті өміріміз өтіп жатқан болатын. Сәбиіміз шамамен жеті айдан асқанда, Алла тағы бір сый тарту етті, – дейді Айшолпан. Табиғи жолмен мүлдем сәбилі болудан үмітін үзген ол екінші баласына жүкті екенін білгенде таң-тамаша болады. Алланың құдіретінің шексіз екенін түсінеді. Осылайша, олар екі баланың ата-анасы атанды. Айналдырған екі-үш жыл ішінде бір ұл, бір қыз сүйіп отырған отбасы келер жылы араға 6 жыл салып, тағы да сәбилі болмақ. Айта кету керек, екінші сәбиіне аяғы ауыр кезде құзырлы органнан квотаға кезегі келгенін хабарлапты. Ол бұл квота басқа бір отбасыға бақыт сыйласын деп ізгі тілегін білдіреді.

– Өзіміздің оқиғамыз арқылы біз сияқты сәби аңсап жүрген отбасыларды үміт отын сөндірмеуге шақырғымыз келеді. Мүмкін емес дүние болмайды. Бастысы, ниет түзу болса, әрекет жасап, Алладан тілеуді тоқтатпау керек, – дейді аналық бақытқа бөленген Айшолпан.

Талабы қандай?

Әрине, баршаның бірдей ЭКО жасатуға миллиондаған теңгесі бола бермейді. Кейбірі несие алып та ақылы қызметке жүгінуде. Сондықтан, осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаның қабылдануы – біраз отбасыға демеу. Енді осы ретте, квотаға ілігу үшін қандай талаптар барын талдап көрелік.

– Ең алдымен, өтініш берушілер ерлі-зайыпты, Қазақстан Респуб-ликасының азаматтары болуы шарт. Медициналық сақтандыруының да болуы талап етіледі. Себебі, квота міндетті мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры аясында беріледі. Әйелдердің жасы 42 жасқа дейін болуы қажет, – дейді Алма Салауатқызы. Бұдан бөлек, медициналық тұрғыдан нақты көрсеткіштерге мән беріледі. Яғни, түрлі гормондардың саны, мөлшері сияқты сандық мәндер ескеріледі. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы, бір рет квотаны пайдаланып, бірақ нәтижелі болмаса, келесі жылында тағы өтінім білдіруге мүмкіндік бар. Ол үшін жұп қайтадан ультрадыбыстық зерттеуде, гормондардың талдауын, жалпы толыққанды тексерістен қайтадан өтеді. Ал енді отбасы құрғаннан кейін балалы болмағандар қанша жылдан кейін квота кезегіне тұруға рұқсат екенін айтсақ.

– Ерлі-зайыптылар отбасы құрып, қарым-қатынасқа түскен сәттен бастап 12 айда жүктілік орын алмаса, бұл бедеуліктің белгісі деп саналады. Ал егер пациенттердің жасы 35-тен асқан
болса, алты айдан кейін кезекке тұруға жол ашық. Яғни, жасы ұлғайған жандарға уақыт оздырмау үшін ертерек өтінім беруге жағдай жасалып отыр. Тағы бір ескеретіні, өкінішке қарай, көп адам репродуктолог маманның кеңесін алу керектігін біле бермейді. Тіпті, аймақ тұрғындары Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жанынан ашылған арнайы орталықтың барынан бей-хабар. Біз неліктен жүктіліктің болмай жатқанының басты себебін анықтаймыз. Қажетті ем-домды тағайындаймыз. Бір жыл ішінде нәтиже болмаса, келесі кезең – ЭКО-ға жолдаймыз, – дейді Алма Катпина. Маманнан бүгінде бедеулікке жетелейтін жағдайларды сұраған едік. Айтуынша, әйелдерде көбінде жатыр түтігінің сырқаттарына байланысты жүктілікке кедергі келеді. Жатыр түтігінде операциядан кейін немесе жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың салдарынан туындаған қабынулар, оның жабысып, өзінің функциясын орындай алмай қалады. Сонымен қатар, эндокриндік жүйенің аурулары да сәбилі болуды тежейді. Мәселен, семіру, қант диабеті, қалқанша безінің проблемалары да кері әсерін тигізеді. Салдарынан аналық жасуша жетілмейді, сәйкесінше, жүктілік болмайды, дейді репродуктолог маман. Жатыр эндометриясының зақымданулары да балалы болуға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Ал ерлерге қатысты, маманның мәлімдеуінше, көп жағдайда сперматозоидтардың саны мен сапасының бұзылуы, қозғалысының баяулығы бедеу-
лікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанбау, темекі шегу, ішімдік ішу, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар белсіздіктің басты себебі болуы ықтимал, дейді Алма Салауатқызы. Осы орайда, ұрпақ келешегіне алаңдаулы ақ желеңді жастарды, өскелең ұрпақты денсаулықты күтуге, өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыс жүргізу қажет деген пікірде.

 

 Түйін:

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бүгінгі күні өте қажет екенін көрсетті. Енді оны Үкіметтің 2030 жылға дейін ұзартуы қаншама қазақстандық отбасына үміт отын сыйлап отыр. Әлбетте, әрдайым оң нәтиже бола бермеуі мүмкін. Бірақ, ең бастысы, сәбилі болуды армандап жүрген жандарға үміт отын сыйлады. Жыл сайын елімізде 7 мың жұптың өз кіндігінен тараған құлыншағын құндақтап, қуанышқа бөленуіне мол мүмкіндік беру, әлбетте, еліміздің демографиясына, отбасылық өмірдің әдемі өрілуіне қосылған үлкен үлес екені сөзсіз. Әр шаңырақтан сәби үні үзілмесін!