Ересектерден қалыспай еңбек етіп, табыс тапқысы келетін жасөспірімдер қатары артуда. Оларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл жөнінде «Достық үйінде» облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы жиында айтылды.

 

Облыстық мәслихат хатшысы Илья Теренченко жазғы демалыс уақытында жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуы үшін депутаттар тарапынан барынша көмек көрсетілетінін атап өтті. Яғни, жазғы демалысын босқа өткізбей, өз маңдай терімен нәпақа тапқысы келетін балаларға жан-жақты мүмкіндік берілмек. Бірақ елімізде еңбек туралы заңға сәйкес тек 14 жастан асқан балаларға оқудан тыс уақытта қысқартылған сағат саны бойынша ғана зиянсыз жұмыс істеуге рұқсат етілген. Осы талап қатаң сақталуы тиіс, дейді мамандар. Бұл жөнінде түсіндірген қоғамдық кеңестің мүшесі Владимир Берковский:

– Қолданыстағы заң бойынша 14 жастан бастап жасөспірімдер күніне 4 сағат, аптасына 24 сағат жұмыс істеуге құқылы. Ал 16 жастан 18 жасқа дейінгілер күніне 6 сағат, аптасына 36 сағат жұмыс істей алады. Балалардың жасы үлкейген сайын шектеулер де азая береді.

Жалпы, жас буынның ерте еңбекке араласып, жұмыс істеп көргені жөн. Олар ақшаның оңайлықпен келмейтінін түсінулері керек. Мемлекет басшысы да өз сөздерінде жасөспірімдерді неғұрлым еңбекке ерте тартса, болашағы да жарқын болатынын айтқан еді. Бұл – өте орынды пікір, – деді. Сондай-ақ, ол трамвай басқармасымен 16-18 жастағы павлодарлық балаларды бақылаушылармен бірге жұмысқа орналастыру туралы мәмілелер жасалғанын да жеткізді. Нәтижесінде, жазғы демалыс уақытында шаһар-дағы жоғары сыныптардың 60 шақты оқушысы үлкен тәжірибеден өтетін болады.

Қоғам белсенділері ірі кәсіп-орындарда да жасөспірімдерге жұмыс табылатынын алға тартты. Бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін депутаттар жұмыла жұмысқа кірісіп, еңбек етуге құлықты жастардың екі қолға бір күрек табуына қол ұшын бермек. Шара барысында осындай жастарға төленетін жалақы жайы да сөз болды. Қоғам белсенділері жасөспірімдердің айлығы ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс екенін айтып, яғни 85 мың теңгеден жоғары болуы талап етілетінін жеткізді. Алайда көпшілік жұмыс беруші тарап жасөспірімдерді уақытша еңбекке тартудан қашқақтайтынын айтады. Себебі, көбі мойнына жауапкершілік алғысы келмейтін көрінеді. Бұл ретте, мамандар 14-16 жастағы оқушы уақытша жұмысқа орналасқан жағдайда заңды өкілі, яғни ата-анасының бірінің рұқсатымен еңбек шарты жасалып, қауіпсіздік шаралары жіті түсіндірілетіні айтылды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға депутаттар және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен қатар жастар ісі жөніндегі комиссия да жауапты болмақ. Оның серіктестері «Жасыл ел», «Жастар рухы», «Жастар ассамблеясы» қоғамдық бірлестіктері екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаева да қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтары жасөспірімдердің жаз уақытында уақытша жұмыспен қамтылуына қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.