Таяуда әлемде Дүниежүзілік қан доноры күні аталып өтті. Біреудің өмірін аман алып қалу үшін қанын беруге әзір адамдардың азаматтық ұстанымы бас июге тұрарлық. Десе де, кез келген адам донор бола алмайды. Неге? Жалпы, қан тапсырудың талап-тәртібі қандай? Оның пайдасы бар ма? Ол үшін ақы төлене ме? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық қан орталығының терапевт дәрігері Гүлмадина Оспановамен сұхбаттасқан едік.

– Гүлмадина Қайратқызы, кім қан доноры бола алады?

– Бастысы, донордың жасы 18-ге толған болуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Гепатит, мерез, туберкулезбен ауырғандар, адамның иммунтапшылық вирусы індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Сонымен қатар, донор бұған дейін бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы ауруларға шалдықпаған болуы тиіс.

Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдер – 120 г/л, еркектер – 130 г/л) донор бола алмайды. Қан тапсырардан біраз уақыт бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырған, дәрі-дәрмек ішкен, екпе салдырған, жұқпалы аурулар таралған аймақтарға барып келген азаматтардың донор болуына уақытша шектеу қойылады.

– Қан тапсырар алдында қандай да бір шектеулер қойыла ма?

– Донациялау күндері қан және оның компоненттерін тапсыру күнінен бір күн бұрын донорларға майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар, сүт өнімдерін жеу, процедураға дейін екі тәулік бұрын ішімдік ішу, процедураға дейін үш тәулік бұрын аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдау және процедураға дейін кемінде бір сағат бұрын темекі шегуге болмайды. Донор бұрыннан бар немесе ауырған ауруы туралы, сондай-ақ есірткі заттары, психотроптық заттар және прекурсорларды пайдалану туралы мәліметтерді медициналық қызметкерлерге хабарлауға міндетті.

– Ал оларға ақы төлене ме?

–  Жоқ. Донорлар өз еркімен, өтеусіз қан тапсырады. Әлемнің басқа елдерінде де дәл осындай тәжірибе қалыптасқан. Яғни, қан тапсыру табыс табудың емес, адам өмірін сақтаудың жолы болуы керек.

– Донор болуы үшін не істеу керек?

– Қан беруші жеке куәлігін алып қан орталығына келіп тіркеледі. Кейін маман донордың саусағынан бірнеше тамшы қан алып, клиникалық-биохимиялық талдау (қан тобы мен резус фактор, гемоглобин, АЛТ және Ке11 антиген) жүргізеді. Одан кейін терапевт не трансфузиолог дәрігер дене қызуын, тамыр соғуын, артериялық қан қысымын өлшеп, қан тапсыру тәртібін түсіндіреді. Дәрігер зертханалық және медициналық зерттеу нәтижесінде донорды донациялауға жіберу не жібермеуді шешеді. Донор 450 мл және талдау үшін 30-35 мл-ге дейін қан береді. Қан тапсырғаннан кейін тіркеу орнынан қанды және оның компоненттерін тапсырғаны туралы анықтама алады.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.