«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен.

 

Кітап – қазына болса, кітапхана – сан ғасырларға куә білімнің киелі шаңырағы. Балалар мен жасөспірімдердің ғана емес, жалпы кез келген жастағы азаматтың рухани толысып, білімін ұштайтын, кемеліне келтіретін орда.

Өкінішке қарай, бүгінде оқу мәселесі өзекті. Компьютерлік ойынға құмартқан жасөспірімге қалай кітап оқытамыз? Оның қандай тәсілдері бар? Бұл мәселелерді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың жанынан құрылған С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығы басшысы Алпысбай Хонжбен талқылаған болатынбыз.

– Алпысбай Әбділұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Атырау қаласында өткен Құрылтайда ұлттық болмысымызды жетіл-діруде бірнеше бағытты атап өтті. Аталған бағыттардың ішінде кітапхана саласына ерекше назар аударды. Онда Президент кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайтынын, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу керектігін алға тартты. Осы бағытта қандай жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырсыздар?

– Мемлекет басшысының Құрылтайда сөз еткен мәселелері өзекті. Әсіресе, кітапхана саласындағы түйткілдерді көтергені өте орынды. Президент одан бөлек мемлекетімізді дамыту үшін алдымен ағартушылық саланы жандандыру қажет екенін атап өткен болатын. Ал бұл бағытты өрістету үшін алдымен кітапхана бағытын одан әрі дамытуымыз керек.

Президент елімізде кітапхана ісінің алға басуы үшін Астана, Алматы секілді ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар іске қосылатынын тілге тиек етті. Бұл жоба мемлекетімізде бірден іске аспасы анық. Дегенмен біздің мемлекет үшін мүмкін дүние. Өйткені, әлемнің тәжірибесі бар озық елдерінде осы бағытта қызмет ететін кітапханалар жыл санап артып келеді.

Өкінішке қарай, күнделікті күйбең тіршіліктің көптігінен әрі жұмыс кестесіне сәйкес көп оқырманның кітапханаға баруға мүмкіндігі болмайды. Олар тек кешкі уақытта босайды. Егер тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар болса, оқырмандар кез келген уақытта өзі қалаған шығармасын алып оқып, қажетті ресурстарды пайдалана алады. Бұл тәсіл, сонымен қатар, шығармашылықты ынталандыруға ықпал етеді.

Бүгінгі кітапханашылардың мақсаты – оқырмандар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыда бүгінге дейін де жұмыс істеп келдік және оны әрі қарай жалғастырамыз.

– Қоғамда ата-аналар көбіне баланың тамағының тоқтығы мен киімінің бүтіндігіне мән беріп жатады. Ал баланың рухани жағынан дамуы мектептің еншісінде деп біледі. Отбасы баланың кітап оқытуға деген бейжайлығын қалай түзетуге болады?

– Бүгінгі дәуір технологияның өркендеп тұрған заманы. Смартфон мен ғаламтор пайда болған аз уақыттың ішінде қазіргі буын үшін өз беделін көтеріп үлгерді. Жаңа ғасырдың жетістігі көп болса да, рухани әлсіреткен тұстары аз емес. Соның себебінен, адамдардың кітапқа деген қызығушылығы мен сұранысы күрт төмендеді. Жастанып жатып кітап оқитын заманның бізді бір айналып өте шыққаны өзекті өртейді. Шынында, бүгінгі буынның кітап оқуға деген құлшынысы мен қызығушылығы төмендеп бара жатыр. Сондай-ақ, денсаулыққа да зияны тиіп жатқаны баршамызға белгілі. Ал бұл мәселені шешу үшін не істеу керек? Алдымен, аға буын өкілдері өздерін тәрбиелеуі қажет шығар. Өйткені, әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды дүниелерді тамашалап уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Соның кесірінен балаларға көңіл бөле алмай жатамыз. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелегі солай жүретіндігін» ескерсек, баланың кітап оқуы үшін, алдымен ата-ананың өзі кітап оқуы тиіс. Мәселен, дастархан басында немесе кездесулер барысында ата-ана перзентіне өзі оқыған кітаптың әсері, әдеби шығармадағы кейіпкерлердің оң-теріс әрекеттері туралы әңгімелеп отырса, қандай ғанибет һәм ғибрат!

– Өзіңіз де балаларға арнап өлең жазып жүрсіз. Бүлдіршін-дерге қатысты өлеңдерді жазу қаншалықты қиын? Жалпы, балалар әдебиетіне қойылатын басты талап қандай?

– Балаларға өлең жазу үшін жан-дүниеңізде ең болмаса бір сәтке болса да, мына у-шуы көп дүбірлі дүниеге, мына қулық-сұмдығы таусылмайтын әлемге баланың бейкүнә көзімен, сәбидің періште пейілімен қарай алатындай балалық аңғалдық, яғни жан тазалығы сақталуы шарт. Онсыз бүлдіршіндерді еліктіретіндей шынайы дүние жазу мүмкін емес. Ал жалпы алғанда адамзат қоғамының дамуына, дәуірдің талабына балалар әдебиеті де лайықты болуға міндетті. Мұндай қарым-қабілет, қадір-қасиетсіз қарусыз майдан – идеология саласында балалар әдебиеті бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ендеше, мұндай деңгейден көрінуі үшін алдымен балаларға арнап әдеби шығармалар жазатын қаламгерлердің ойлау көкжиегі мейлінше кең болғаны дұрыс.

– Балаларды кітапқа тарту мақсатында кітапхана орта-лығы ретінде қандай жұмыс атқарудасыздар?

– С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығына арналған әр жанрдағы еңбектер бар. Одан бөлек, оларға пайдалы дүниелерді үйрету мақсатында бірнеше үйірме қызмет атқарады. Атап өтсек, «Шебер қолдар» тобында балалар қазақтың ұлттық ойындарымен таныса отырып, ұлттық қолөнерді насихаттайтын шеберлік сағаттарына қатысады. «ІТ бала» үйірмесінде жеткіншектер техниканың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алады. Ал мектепке дейінгі оқырмандар арасында «Оқырман мектебі» деген үйірмеміз бар. Онда бүлдіршіндер сурет салып, әріп тани алады. Бастысы, үйірмелердің барлығы тегін жұмыс істейді. Сондай-ақ, жас өрендерге мемлекеттік тілді меңгертуге арналған «Қазақша сөйлейік» атты да үйірмеміз бар.

Жуырда жас өрендердің шығармашылығын қолдау мен дамытуға арналған «Томаға тартар» атты жоба бастау алды. Жоба осы жылдың соңына дейін айына бір мәрте ұйымдастырылады. Әр ай сайын облыстық мектептердің дарынды бір оқушысы кездесудің басты кейіпкері ретінде таңдалып алынады. Ал сол білім ордасының басқа да дарынды оқушылары басты кейіпкерге қолдаушы ретінде шақырылып, шығармашылық кездесу барысында өз өнерлерін көрсетеді.

Ай сайын ұйымдастырылатын жоба жыл соңында қорытындыланады. Қорытынды ретінде арнайы фестиваль ұйымдастырылып, жыл бойы үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады.

– Бүгінде кітапханада қанша кітап қоры бар және биыл қанша кітап сатып алынды? Оның қазақшасы қанша?

– Орталықта газет-журналдарды қоспағанда 70 мыңға жуық кітап қоры бар. Олардың қазақшасы 20 мыңға таяу. Былтыр бізге 200-дей кітап сыйға берілген еді. Биыл мамыр айында жергілікті бюджеттің есебінен 100-ден астам жаңа кітап түсуі керек.

– Осы күні кітапханашы мәртебесі қандай? Кадр жағынан мәселе бар ма?

– Қазіргі уақытта кітапханашының қызметі мүлдем өзгерді деуге болады. Кітапханашы кітап оқып, уақытын өткізіп, үйіне қайтады деп ойласаңыз, онда қателесесіз. Заман ағымына сай кітапхана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалды деңгейі мен сұраныстары өте күрделі, мазмұны да өзгерген. Бүгінгі кітапханашы – менеджер, ол – бағдарламашы, ол – психолог, бірнеше саланы меңгерген, дәлірек айтқанда, кітапхана ісінің дамуын алға жылжытатын, қызмет көрсетудің әдіс-тәсілін қалыптастыратын білікті маман болуы шарт. Қоғамда кітапханашы беделі жоғарылап, мәртебелі мамандық ретінде танылып келеді. Ал біздің орталықта кадр мәселесі жоқ.

– Балалар кітапханасының басшысы ретінде балаларға қандай жанрдағы кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– Мектеп жасына дейінгі балалар суретті кітапты өте жақсы көреді. Мәтіні жеңіл, күлкіге шақыратын кітаптарды қызығып оқиды. Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде комикс трендке айналды. Комикстен өзге, балалар фантастика жанрына да көп қызығады. Жасөспірімдер детектив жанрындағы әдебиетті жақсы көреді. Ол да маңызды жанр деп ойлаймын. Өйткені, детектив балалардың сыни пайымын жетілдіреді.

Кітапты көп оқитын бала мен кітап оқымайтын баланың айырмашылығы көзге бірден көрінеді. Кітап көп оқитын бала білімді болуынан бөлек, зейінді, қабілетті, өзіне сенімді, сөздік қоры да мол. Дамыған елдер бала білімін, алдымен кітап арқылы арттыратыны да сол. Дамыған елдің ата-аналары кімнің баласы көбірек кітап оқыды, кімде көбірек кітап бар деген тұрғы да жарысады. Біздегі жарыс та кітап оқу жарысына айналса деймін.

 – Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.