Павлодар облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Құран кәрім кітабының  алуан түрі сақталған. Жақында мешіт ішіндегі кітапханада Құрандар көрмесі ұйымдастырылып, онда әр кезеңде және түрлі елде басылып шыққан қасиетті кітаптар жамағат назарына ұсынылды.

Мешіт кітапханасына келген оқырмандар үшін аталған Құран кітаптардың тарихымен танысып көруіне мүмкіндік бар. Мәшһүр Жүсіп мешіті кітапханасының меңгерушісі Назым Ғизатқызының айтуынша, кітапхана қорында 5 мыңға жуық кітап бар. Ал ғибадат үйінде қасиетті Құран кітаптың 50-ге жуық түрі сақталған. Олардың арасында қазақ тіліне, орыс тіліне, түрік тіліне, неміс тіліне аударылған нұсқаларын көре аласыз. Мәселен, белгілі діни ағартушы ұстаз, ғалым Халифа Алтай, Қазақстанның алғашқы мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлы, Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры Асқар Сабдин, белгілі дінтанушылар Ершат Оңғар, Уахап қажы Қыдырханұлы, Ғазез Ақытұлы, Мақаш Ақытұлы,Мұхаммед Шыңғыс, Ермек Мұхамедқали сынды тілші ғалымдардың әр жылдары қазақ тілінде тәржімалаған аудармалары бар. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйлық ретінде аудартып, 7 мың данамен басылып шыққан кітаптардың бір данасы да сонда.

Дінімізде Құран оқудың сауабы қандай мол болса, оны аударып, мағынасын жамағатқа түсіндірудің сауабы одан бірнеше есе көп екені түсінікті. Елімізде ең соңғы басылып шыққан аудармалардың бірі – белгілі дінтанушы Ершат Оңғаровтың еңбегі. Бұл еңбек 2022 жылы басылған. Басқа аудармалардан ерекшелігі араб, парсы, түркі тілдерінен енген діни терминдерді мағынасын бұзбай барынша қазақшалап берген.

– Аударма ерекшелігі – қасиетті аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылған, аяттардың қазақша мағынасы берілген, аяттың тәпсірі, түсініктемесі мен тарихы жан-жақты жазылған, сүренің қазіргі ғылыммен байланысы баяндалған, араб тіліндегі аяттың дұрыс оқылу транскрипциясы берілген. Кітап көлемі
1 000 беттен асады. Бұл нұсқаның бір ерекшелігі – бүгінгі талғампаз оқырманның талғамына сай тарихи, ғылыми, философиялық тұрғыдағы тәпсірлермен түсіндірілген, – деген еді бір сөзінде дінтанушы Ершат Оңғаров.

Мешіт кітапханасындағы Құран кітаптардың сөресі бірнеше бөлімнен тұрады. Мысалы, Түркия, Арабия және басқа да елдерде басылып, Қазақстан мұсылмандарына сыйлыққа келген кітаптар да бар. Одан бөлек Сауд Арабиясының Медина қаласында тұратын қазақ ғалымы, атақты каллиграф Осман Таханың қолымен жазылған Құранның бірнеше данасы бар.

Еске сала кету керек, Осман Таха есімді қандасымыз 1988 жылдан бері король Фаһдтың Құран баспаханасында каллиграф болып жұмыс істейді. Яғни, Құранды бастан-аяқ қолмен жазып шығып, баспаға дайындайды. Сонымен, Осман шейхтың қолынан 13 рет Құранның нұсқасы көркем жазумен көшіріліп, 200 миллион дана болып басылып шығарылған екен.

– Бізде Құран кітаптың әртүрлі  нұсқасы бар. Олардың алды 1895 жылдардан кейін Санкт-Петербургте цензурадан өтіп, 1896, 1900, 1902 жылдары Қазан қаласында басылған. Ол кездегі діни кітаптар алдымен Санкт-Петербургтен цензурадан өтіп, баспаға жіберіледі екен. Сол кезде басылған Құран кітаптардың барлығы солай қатаң тексеріске түсіп, сүзгіден өткен. Жалпы, Ислам тарихындағы Қазан қаласының орны ерекше. Тіпті 1800 жылдардың басында діни әдебиеттерді шығаратын баспахана болған. Кейбір деректерге сүйенсек, онда ең алғашқы құран «Қазан баспасы»  баспаханасында 1803 жылы жарық көрген екен. «Қазан баспасы» мұсылман әлемінде теологиялық тұрғыда мойындалған және әлемдік стандартқа сәйкес келетін Азия елдеріндегі жалғыз баспахана болған, – дейді Назым Ғизатқызы.

 

Тілеуберді САХАБА