Өңір құтқарушылары көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына кірісіп кетті. Күннің жылынуынан қар көбесі сөгіліп, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізіліп, азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің қызу жұмыстары басталды. Көктем мезгілінде толассыз жауған жауын мен еріген қар суы салдарынан ауданға қарасты бірқатар елді мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда су тасқынының  алдын алу және жою шаралары жүргізілуде.

Биыл су тасқынының қандай болатынын алдын-ала болжау қиын. Мұны тіпті мамандардың өздері де дөп басып айта алмайды. Бір анығы көктемгі қарбаласта қол қусырып отырғанымыз болмас. Осыны ескерген аудан әкімі Нұрболат Мақашев жауапты мекеме басшыларына табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс беру бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды  жүктеді. Бұл мақсатта ауданда жедел штаб құрылып, су тасқыны кезе-ңінде іс-шараларды өткізу бойынша арнайы жоспар әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ, ауылдық округтердің аумақтарындағы қауіпті аймақтар анықталды.

— Көктемде еріген қар суы мен жауын-шашын жеке үйлердің аула аумақтарын басу қаупі бар көшелерді аралау бойынша көшпелі кеңес өткіздік. Отырыс қорытындысы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен төтенше жағдайлар бөліміне тиісті тапсырмалар берілді. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда ауылдық округ тұрғындары жергілікті әкімдіктерге хабарласуы қажет, — деді Нұрболат Абылайханұлы.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша, биыл қыста қардың мөлшерден тыс көп жаууына байланысты су тасқынын алдын алуға айрықша мән берілуде. Қазіргі уақытта аудан бойынша коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс режимінде су тасқынының алдын алу іс-шараларына кірісті. Өткен жылдың қарашасынан бастап мердігер ұйымдар аудан орталығы мен бірқатар елді мекенен  қар шығаруда.

Сондай-ақ, құтқарушылар бүгінгі таңда бөлім мамандары аудан бойынша су қоймалары мен арналарды тексеріп жатқанын жеткізді. Төтенше жағдайдың алдын-алу үшін бөлімшеден жеке құрам  және арнайы техникалар қарастырылған. Бүгінгі таңда әр ауылдық округте бөлім мамандары жергілікті әкімшілік өкілдерімен жоспарға сәйкес алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

— Табиғи апатты болдырмаудың амалы — оған ертерек қамдану. Көктемгі маусымға дайындық штаттық режимде жалғасуда. Успен ауданында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы шеңберінде 62-ЖПБ қызметкерлері су өткізу құбырларындағы қар мен мұзды тазарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Успен ауданының Успен, Константиновка, Новопокровка ауылдарында қар шығару ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы  арықтарды, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізілді, — дейді төтенше жағдай саласының өкілдері.

Қазіргі таңда тұрғындарға аудан аумағында су тасқыны, қар көшкіні сынды төтенше жағдай кезіндегі шұғыл әрекеттер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Жағдай тұрақты болғандықтан қауіпті учаскелер жауапты қызметкерлер мен құзыретті органдардың жіті бақылауында.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.