Солтүстік аймақтарда, өкінішке қарай, тұрғыны аз ауылдар қатары артуда. Қалаға, өзге өңірлерге көшу үрдісі де тыйылар емес. Салдарынан болашағы жоқ ауылдар қатары артып келеді. Бұл жағдайды жақсарту үшін оңтүстіктен тұрғындарды көшірудің арнайы бағдарламасы да әзірленіп, іске асып жатқаны белгілі. Десе де, әлі де бұл бастама аздық ететінін көпшілік ұғынып отыр. Сондықтан ҚР Парламент Мәжілісінің «AMANAT» фракциясы депутаттары солтүстіктің шалғай ауылдарынан қалаға немесе өзге өңірлерге үдере көшуді тоқтату үшін «Солтүстіктік үстеме» енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама қандай нәтиже береді? Жаңашылдық жақсы жүзеге асу үшін нені ескеру қажет? Осы сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрмекпіз.

 

Еркебұлан МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: (пікір интернеттен алынды)

— Солтүстік өңірлердің халық саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны қынжылтады. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін қабылдаған шаралар айтарлықтай нәтиже бермей жатыр. Ауылдарда жалақының аздығы, өмір сүру жағдайының төмендігі, жол, ауызсу мәселелері, климаттық ахуал тұрғындардың үдере көшуіне себеп болып отыр. Сондықтан шалғай ауылдарды аяқтан тұрғызудың тиімді тетіктерін қолға алу қажет. Даму әлеуеті тым төмен елді мекендерді жаңғыртудың жолын қарастырып, оларды бағалау әдістері мен критерийлерін өзгерткен жөн. Осы ретте, ауылдық тұрғындарды ынталандыру шараларын қабылдауды ұсынамыз. Мәселен, көтермеақыны, солтүстік өңірлерде дүниеге келген сәбилерге берілетін жәрдемақыны ұлғайту қажет. Жалақыға қосымша ақы қосуды да ескерген абзал. Яғни, «солтүстіктік үстеме» қарастыру керек. Жастар жағы мектептен кейін ауылына оралмауда. Шекаралас шалғай ауылдар қазіргі таңда тұрғынсыз қалу қаупі жоғары. Бұл геосая-
сат тұрғысынан өте қауіпті. Бұл мәселелер Үкімет деңгейінде қолға алынуы қажет. Әйтпесе, солтүстік өңірлердегі әкімдіктер мұндай ауқымды шығынды көтере алмайды. Мұнда әрдайым экономикалық тиімділікті емес, іргенің беріктігін де қаперге алған дұрыс.

Мойылжан ҚАНАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

— Ауылды көтеру керектігін біздің буын айтып келе жатқанына аз болған жоқ. Ылғи атақонысты қаңыратпаудың амалын ұсынып жүрміз. Әрине, үстеме, қосымша ақы беріліп, ауылдық елді мекендер тұрғындарының қатарын қалыңдату қажет-ақ. Бірақ, менің ойымша ең басты тетік – ауылдықтардың өнімдерін лайықты бағамен сатып алу, қабылдау. Яғни, олардың еңбегі жоғары бағалануы тиіс. Міне, осы мәселе оң шешілсе, ауылда мал өсіріп, сүті мен етін сатып, өзі-ақ күнін көре береді. Әйтпесе, қанша жерден жалақыны жоғарылатқаннан нәтиже соншалықты жоғары бола қоймайды. Қаладан ауылға көшетіндерге де қолдауды арттырса, керемет болар еді. Оларға жағдай жасау қажет. Бірақ олардың нақты тұрақтауы да назардан тыс қалмауы тиіс. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың желге ұшпауы қатаң қадағаланып, кері қайтып кетпеуі талап етілуі қажет.

Сұңқар АХАНОВ, Баянауыл ауданының тұрғыны:

— Адамдар не үшін ауылдан көшеді? Әлбетте, табысы жоғары жұмыс, жайлы жер іздеп, көшеді.  Осы мәселелер оңынан шешілсе, ешкім туып-өскен жерін тастап, алысқа көз тікпейді. Әрине, жалақыға қосымша ақы қосып, әр туған нәрестеге жәрдемақы да өзге өңірлерден қарағанда көптеу берілсе, менің ойымша, бізге ағылатын ағайын аз болмайды. Оңтүстіктен де көш көп болар. Бірақ, оларға ұсынатын сыйымыз да көңілге қонымды болуы қажет. Тағы бір ескеретіні, оңтүстіктен көбінде жағдайы төмен отбасылар қоныс аударады. Енді әлді, қуатты тұрғындарды да тартудың тетіктері қарастырылса деймін. Осы орайда, қаладан ауылға көштің басын бұруды қолға алған жөн. Ол үшін, әрине, ауылдық елді мекендерде жағдай жасалуы тиіс. Жолының жайлылығы, ауызсумен қамтылуы жағынан шалғай ауылдар «бәрі жақсы» деп жалған жарнамаланбай, нақты ахуалы ескеріліп, соны түзеуге күш салынса деймін. Ауылдықтардың кәсіппен айналысуына жағдай жасалуы тиіс. Түрлі бағдарламалар қолға алынады, бірақ олардың шикі тұстары көп болады. Бұл да ауылға барып іс бастауға ниеттенген азаматтың аяқ-қолын тұсайды.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.