Аққулы ауданындағы Зайнагүл Қазиханованы Павлодар қаласынан бөлек, Семей, Қарағанды және Астана қаласының тұрғындары жақсы біледі. Сүттен әзірленетін өнімдерді сатып алғысы келетіндер «Зарина» жеке кәсіпкерлігіне хабарласып, тапсырыс береді. Ауылда сиыр сауу арқылы сүт өнімдерін әзірлеп, тұтынушыларының сұранысын қамтып отырған Зайнагүл бүгінде  кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Зайнагүл Қазиханова — Жаңатаң ауылының тумасы. Жолдасымен бір шаңырақ астында 20 жылға жуық уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеді. Екеуі —
5 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы отбасы.

— Жолдасым екеуіміздің шаңырақ құрғанымызға — 18 жыл. Ауылдағы негізгі тіршілік көзі – төрт түлік екені белгілі. Сондықтан қолдағы малды өсіріп, сиыр сауып жеке іспен айналысуды қаладым. Әу баста кәсібімді екі сиырдан бастаған едім. Қазір 10 сиыр сауамын. Көмекшілерім де бар. Онымен қоса, балаларым да қолғабыс етеді, — дейді З.Қазиханова.

Кәсіпкер 10 сиырды күніне екі мезгіл сауады. Одан күніне 130-140 литр сүт алады. Сүттен құрт, қоспа, ірімшік, қаймақ, май өндіреді. Бүгінде тұрақты тұтынушылары көп. Кейде тапсырысты орындауға үлгермей қалатынын жасырмады.

— Қолдан жасалған таза табиғи өнімдерімді тұрақты тұтынушыларым тез сатып алады. Облыс, аудан орталығымен қатар, Астана, Қарағанды, Семей қаласынан көп тапсырыс түседі. Кейде үлгермей жатамын. Сондықтан тапсырысты бір ай бұрын қабылдаймын. Өнімдердің барлығы арнайы ыдысқа салынып, безендіріледі. Өкінішке қарай, аудан, облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге қатысуға үлгермей жатамын. Себебі,
18 жылдың ішінде тұрақты тұтынушыларым қалыптасқан. Олар той-томалаққа, қыс мезгіліне алдын ала көп мөлшерде тапсырыс береді, — дейді   З.Қазиханова.

Көпбалалы ана жеке кәсіпкерлігімен қатар, ауылдағы пошта бөлімшесінде жұмыс істейді. Үйге де, жұмысқа да, бала тәрбиесіне де үлгеріп жүрген Зайнагүл өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынатынын айтады. Мәселен, қаймақтың литрі – 3000 теңге, қазіргі мамыр айындағы сары майдың келісі 6000 теңге, қалған айларда бұл өнім  5500 теңгеден сатылады. Сонымен қатар, ірімшіктің келісі –
1000 теңге, сорпаға арналған құрттың келісі – 2000 теңге, кептірілген тәтті құрттың келісі 3500 теңгеден сатылады.

— Бизнесті ауылда да дөңгелетуге болады. Қазір мал ұстап отырып сиыр саумайтын жастар көбейді. Май-қаймақты қолдан әзірлегенше, сатып алуды тәуір көреді. Шыны керек, сиыр сауу оңай шаруа емес. Өз басым таңда және кешке екі мезгіл сиыр сауамын. Сүттен өнім өндіру — қажырлы еңбекті қажет ететін жұмыс. Қаймақ, май, қоспа, ірімшік, құрт жасаудың өзіндік технологиясы бар. Сондықтан жоғарыдағы өнім  бағасын оны дайындауға жұмсалатын күшпен салыстырғанда қымбат деп айта алмаймын, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер сиырылардың санын одан әрі арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаның біріне қатысуға ниет білдірген. Алдағы уақытта оның шешімі шығарылатын болады. Ауылда отырып, кәсібін дөңгелетіп отырған Зайнагүлдің ісіне толағай табыс тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА