Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл облыстағы колледждерге мамандық меңгеруді қалайтын түлектер үшін бұрын-ғыдан да қолайлы жағдай жасалмақ. Атап айтқанда, мемлекеттік гранттар саны артып, шәкіртқы көлемі көбейеді. Сонымен қатар, техникалық-кәсіптік оқу орындарының білім алушылары үшін жергілікті және шетелдік кәсіпорында тәжірибеден өтудің тиімді тетіктері қарастырылып отыр.

 

Бұрнағы күні Естай атындағы мәдениет сарайында «MamandyqFest» кең ауқымды шарасы өтті. Оның барысында колледжде білім алуға ниетті түлектер үшін арнайы көрмелер ұйымдастырылып, өңірдегі білім беру мекемелері өз мүмкіндіктерін таныстырды. Аудан-қалаларда кәсіби мамандарды даярлайтын 44 коллеждің өкілдері оқу орындары туралы пайдалы әрі қажетті ақпараттарды ұсынды.

– Бүгінгі шараға қатысушы колледж өкілдері түлектерге кәсіби бағдар берді. «Мамандықтар қалашығы» деп аталатын алаңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басым түрлері көрсетілді. Сонымен қатар, колледждердің техникалық базасының қолданылуымен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мұндай шаралар түлектердің мамандық таңдауына, кәсіби бағдарын айқындауға әсерін береді деген үміттеміз, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Сонымен қатар, шара аясында әлеуметтік серіктестер, яғни қала құраушы кәсіпорындар өкілдерінің мектеп, колледждердің білім алушыларымен TEDx форматында жүздесуі өтіп, түлектер үшін Startup жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Болашақты бағдарлайтын айтулы шараға облыс әкімі Асайын Байханов та қатысты. Аймақ басшысы өңірдегі колледждердің бүгінгі жай-күйіне тоқталып, алдағы уақытқа белгіленген жоспарлармен бөлісті.

– Жазда өңіріміздің 15 мыңнан астам түлегі үлкен өмір жолына қадам басқалы отыр. Қазіргі уақытта бастысы – заман талабын ескере отырып дұрыс таңдау жасау. Біз жаңа буынның бейіндік дайындық, өзекті білім, дағдыларды пысықтау мүмкіндігіне қатысты сұраныстарын жақсы түсінеміз. Сондықтан сіздерді тек сөзбен емес, іспен де қолдауға дайынбыз, – деді негізгі мектеп түлектері алдында сөз алған А.Байханов.

Шынымен, биыл облыстағы колледждердің жастарға берері мол болмақ. Аймақ басшысы атап өткендей, техникалық-кәсіптік мекемелерде тегін оқуға жағдай жасайтын мемлекеттік тапсырыс көлемі 37 пайызға ұлғайды. Бұл дегеніңіз – қосымша 6 200 грант беріледі деген сөз. Сол сияқты 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50 пайызға ұлғаяды.

–  Біздің облыстағы колледждерге кәсіби білім алуды қалайтын басқа аймақтардың студенттері бар. Оларға да барынша жағдай жасалып отыр. Айталық, жатақханада еш ақы төлемей әрі тегін тамақпен қамтылып тұрады. Қаладан тыс жерлерден келген студенттер қоғамдық көлікте жол жүру өтемақысымен қамтылады, – деді аймақ басшысы.

Бұл ретте колледж студенттерінің тәжірибеден өтуіне баса мән берілетінін ерекше айтқан жөн. Оларға 250 мың теңгеге дейін жалақы төленетін ақылы тәжірибеден өту мүмкіндігі беріледі. Ал тәжірибеден өткен кезең еңбек өтіліне есептеледі. Ең үздік студенттер Германия, Түркия, Қытай елдерінде дағдыларын шыңдап, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра алады.

Сонымен қатар, 34 колледжде «Креативті индустрия» мамандықтары бойынша сертификат берілетін «Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасы іске асырылуда. Өңір кәсіпорындарымен өзара қарым-қатынастың нәтижесінде түлектердің 96 пайызы жұмысқа орналасты. Өндірістік тәжірибені іздеу бойынша ақпараттық платформа өздігінен іздеуді автоматтандырды және көптеген адамға жұмыс табуға көмектесті. Сонымен қатар, аймағымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін негізгі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мұнда жұмыс берушілермен ынтымақтастық өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында 8 колледж техникалық және кәсіптік білім алып шығатын «Әмбебап мамандарды» даярлайды.

«MamandyqFest» шарасының соңында Асайын Байханов «WorldSkillsPavlodar-2024» өңірлік конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Осы жылы чемпионат мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін «BabySkills», облыс мектептерінің оқушылары үшін «JuniorSkills», ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар арналған «Abilympics», аграрлық колледж студенттері үшін «AgroSkills» және 48 құзырет бойынша «WorldSkills» негізгі бағыттары бойынша өтті. Негізгі құзыреттердің бірінші орын иегерлері қараша айында Астана қаласында өтетін «WorldSkillsKazakhstan-2024» ұлттық байқауына қатысатын өңірлік құрама қатарына қосылды. Ал 50 жеңім-пазға дипломдар мен мүсіншелер табыс етілді.

– Біздің студенттер «World-SkilsKhazakhstan-2023» ұлттық кәсіби шеберлік байқауында еліміздің үздік төрт командасының қатарына енді. Бұл – білім беру мекемелерінің қажырлы еңбегінің жемісі, – деді облыс әкімі.

Шара әлеуметтік серіктестердің мектеп түлектеріне бейнеүндеуімен, колледждердің табысқа жеткен түлектерінің ақыл-кеңесімен және мамандықтардың флешмобымен аяқталды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.